Үкіметте «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бекітілді. Жаңа бағдарлама Оңтүстік Қазақстан облысында енді 2013 жылдан бастап жұмыс істей бастайды деп күтілуде. Тоғыз бағыт бойынша жұмыс істейтін жобаның екі бағыты «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» араласуы арқылы жүзеге асатын болады. Бұл туралы кеше «Оңтүстік» баспасөз клубында арнайы мамандар журналистерге түсіндірді.
Еске салсақ, осы жылдың наурыз айында ғана Шымкентте қолжетімді баспана бағдарламасының алғашқы жобасы халыққа таныстырылған еді. Енді міне, жоба үкіметте мақұлданып, халықтың көптен күткені орындалды. Келер жылдан бастап қазақстандық отбасылар қымбат емес, бірақ қолжетімді баспаналардың кілтін ұстайтын болады. Егер, «Қазақстанның тұрғынүйжинақ банкінің» салымшысы болсаңыз, осы күннен үй кезегіне тұрып қойыңыз. Және баспана бағасының 50 пайыздық құнын банк арқылы жинақтай бергеніңіз жөн. Қаперіңізде жүрсін, 4-ші сыныпты үйдің әр шаршы метрі 88 мың теңге болса, 3-сыныпқа тиесілі ыңғайлы баспаналар 99 мың теңгеден аспайды.
Жаңа бағдарлама, әсіресе, жас отбасылар үшін тиімді дейді мамандар арнайы жиында. Тек, бірер шарты бар. Яғни, отбасын құрған ерлі зайыптылардың жасы 29-дан аспауы тиіс. Және некеде тұрған уақыты 2 жылдан кем болмауы шарт. Сонда ғана, қалаған пәтеріңізді жалға алу құқымен сатып алуға мүмкіндігіңіз болады. Яғни, баспанаңызда тұрған 8,5 жылда төлеген жалдық ақшаңыз, қарызыңызды қайтарғаныңыз болып есептеледі. Айта өткен жөн, баспана кезегінде қазіргі таңда 2,5 мың тұрғын тұр.
Айгерім БАҚТЫБАЕВА, «Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкінің»клиенттерге қызмет көрсету бөлімінің бастығы: «Отбасының екі мүшесі де жұмыс істеуі міндетті емес. Ең төменгі табыс көзі 17 439 теңге биылғы жылға. Соның 3 есе көрсеткіші, сол минималды табысы болып есептелу керек».
Баспананың сапасы толғандырса, ол жағынан уайымға берілмеңіз. Еліміздің тұрғын-үй коммуналды шаруашылық және құрылыс істеру агенттігі бұл мәселеде кепілдік беріп отыр. Яғни, пәтерлердің әрбір кірпіші үшін мердігер мекеменің басшысы басымен жауап беруге әзір-міс. Әйтпеген жағдайда құрылыс компанияларының лицензиялары заңмен алынып тасталады екен.