Шымкент қаласындағы Тельман бөлімшесіндегі Мұқағали Мақатаев көшесінің тұрғындары жергілікті билікке өкпелі. Олар осындағы жолдарды тегістеудің кезегіне наразы. Қаламызға жаңадан қосылып жатқан шағынаудандардың көшелеріне асфальт төселгенде біздің жолдарымыз 20 жылдан бері жөндеу көрмей келеді дейді тұрғындар.

Мархаба Жорабекова, зейнеткер: «Мен көп жылдары  мұғалім болдым. Жол мәселесі маған таныс. Біздің көшеміз асфальттанбаса оқушылар лай , су кешіп мектепке барады. Ата-аналар жағы баласына   ай сайын аяқ киім алуға мұршасы жоқ. Жақында сайла болды, өзіміз  халықты үгіттеп жүріп депутаттарды сайладық. Қайда олар, неге біздің проблемамызды шешуге тырыспайды».

«Депутаттар мүлдем жұмыс істемейді» дегенмен келіспейміз дейді Абай аудандық әкімдігіндегі халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы Шыңғыс Нақыпбеков. Биыл қала әкімдігі Қатынкөпір шағынауданында Жанкелдин, Бабыр, Қажымұқан, Кенен Әзірбаев пен Дина Нүрпейісова көше жолдарын жөндеуге кірісті.

Шыңғыс НАҚЫПБЕКОВ, Абай аудандық әкімдігі халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы: «Мақатаев көшесі  тізімге енгізілген. Бірақ, биыл көше жолы жөнделмейді. Келер жылға қалды. Алдын жобалық-сметалық құжат  жасалады. Оған  қалалық бюджеттен қаржы бөлінуі тиіс, сосын барып қаржы бөлінген тұста жол асфальтталады».

«Қатынкөпір» шағынауданындағы 61 көшенің 8 ғана асфальттанып, 2-іне тас төселген. Елдімекендегі негізгі көшемен бағыттағы қоғамдық көліктерінің қатынайтынын ескерсек, Тельман бөлімшесі мен «Самал» шағынауданы тұрғындарының жанайқайын түсінуге болады. Күнделікті жол азабын тарту үшін үлкен төзімділік қажет. Алайда шыдамның да шегі бар емес деп ашынады тұрғындар.