Оңтүстік өңірінде іске қосылып, жұмысы тоқтаған кәсіпорындар

369

Индустриализация күні аясында «НұрОтанның» облыстық филиалында мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуы және инвестициялық жобаларды қаржыландыру ісі қорытындылады. Индустриалды карта бойынша облысымызда 2011-2012 жылдары 31 жоба жүзеге асырылған. Жылдың соңына дейін оларға тағы 29 жоба қосылады. Табысты өндіріс орындары қатарында Кентау трансформатор зауытын атап кеткен жөн. Сондай- ақ, «Далатранс» пен «Скат» компаниялары да жетістікке жетті.

Сапарбек Тұяқбаев, облыс әкімінің орынбасары: «Жақында  Экофарм  жаңа кәсіпорны шалмақ. Ол қан алуға арналған құрылғыларды шығаратын болады. Өндірістің өнімдеріне  «Экофармация» тарапынан   келісім түзіліп, тапсырыс жасалған. Химфармның да аясы кеңеюде».

Жаңа кәсіпорындардың ашылуы нәтижесінде жұмыс орындары көбейіп, бюджетке кіріс молаяры сөзсіз. Алайда барлығы ойдағыдай емес. Телекөпір барысында елбасы ашып берген арнайы экономикалық аймақтағы «Окситекстайль» өндіріс орны қазіргі таңда жұмыс істемей, тоқтап тұр.

Сапарбек Тұяқбаев: «Окситекстайл» жеке инвестордың қаржысына салынған. Алайда ол біздің өңірде болғандықтан, біз қолдау көрсетудеміз. Қазіргі таңда серіктестікке  қосымша  несие ұсынудамыз».

Тағы бір тоқтап тұрған кәсіпорын — «Азиякерамик» ЖШС-і. Түрік инвесторлары құрылысқа қажетті керамикалық плиталардың өндірісін жолға қоймақ болып әрекеттенген еді, алайда шикізат тапшылығы салдарынан ойларын жүзеге асыра алмады. Қазіргі таңда облыс әкімдігі басқа инвесторды іздестіруде. Итальяндық «ИталКерамомарацо»  компаниясы жобаға қызығушылық танытып отыр.