Оңтүстік Қазақстан облысының жас көкпаршылары алғашқы жеңіске қол жеткізді. Жасөспірімдер арасында Павлодар қаласында шілденің 16-сы мен 22 –сі аралығында алғаш рет өткен Қазақстан чемпионатында жерлестеріміз бірінші орынды жеңіп алды. Он екі жасөспірімнен құралған ұлттық құрама үшін бұл бірінші сынақ болып отыр.
Өскемен, Павлодар, Ақтөбе қалалары мен Ақмола және Батыс Қазақстан облысынан келген шабандоздардың ішінде топ жарған көкпаршыларымыз ақтық ойында Өскемен командасымен сынға түсіп, 2:0 есебімен басым түскен.
«Ұлттық көкпар құрамасындағылар облысымыздың барлық ауданында іріктеуден өткен бозбалалар. Олар жарыс барысында екі ай бойы соңғы дайындықтарын пысықтап, жеңеміз деп, үкілі үмітпен аттанған болатын. Сол үміт ақталып, ойыншыларымыз Оңтүстік Қазақстан облысының мерейін асырды. Бұл біздің жасөспірім шабандоздарымыз үшін алғашқы жеңіс»,- дейді құраманың жаттықтырушысы.
Көкпарда жеңіске жету үшін физикалық дайындығы мықты шабандоз тактика, әдіс-айлаларды меңгеріп қана қоймай, оны ат үстінде қолдана білу керек. Егер ойқастаған ат үстіндегі көкпаршы атты игере алмаса, жеңілісе ұшырайды немесе тұлпар әлсіз болса, шабандоздың бағы байланады деп біледі жаттықтырушылар.
Сондай-ақ ұлттық ойындар Чемпионатында теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ сынды спорт түрлері бойынша да сйаыс өтті. Жерлесіміз Мейірбек Әбдінәсір аударыспақ бойынша 80 келі салмақта бірінші орынды, Жасұлан Қалдыбаев 40 келі салмақта екінші орынды қанжығасына байлады. Ең үздік ойыншы мен ең көп салым салған шабандоз номинациясының иегерлері де біздің облыстан.
«Мен сегіз жылдан бері ат үстінде шабамын. Кішкентайымнан жылқыға міну ұнайтын. Павлодарда өткен жарыс оңай болмады. Қарсыластарымыз да мықты екен. Бірақ біз де намысқа тырысып, барынша тырыстық. Өте қуаныштымыз»,-дейді құраманың капитаны Шымболат Айтуғанов.
Айта өтейік, Шымкент қалалық ұлттық спорт мектебінде 500-ге жуық бала тәрбиеленеді. Сегіз спорт түрі бойынша сапортшыларды дайындайтын мектеп 2007 жылы ашылған. Ал көкпаршыларымыз алдағы уақытта Меркіде өтетін жарысқа дайындықтарын бастап та кетті.