«Қарлығаш қосу Мақсат. Даша қосу Саша». Осындай жазулар енді Ордабасы алаңындағы көпірге сән бере бастады. Бұл бұл ма? Пайдалануға берілгеніне бір жылдан енді асқан өткелде қазір сынған плиткалардың саны көбейе бастаған. Өтпелі жолдың қазіргі тағдырын http://kz.otyrar.kz/ тілшісі көріп қайтты.
Ордабасы алаңындағы аспалы көпірді салу үшін кезінде 100 млн. теңге жұмсалғанын біреуге айтсаңыз сенбейтіні анық. Өйткені, мұндағы шынайы көрініс бұрынғы еңбекті зая кетірді. Олай деуімізге себеп бар. Ұзындығы 105 метрге жеткен сынық плитка көпірдің сәнін кетіргендей. Бұдан бөлек кемшіліктерді көрген Шымкенттіктер бұл ретте бар айып құрылысшыларда дейді.
«Ордабасыдағы көпірді қайта қалпына келтіруге бюджетте ақша жоқ». Қалалық тұрғын үй және коммуналды шаруашылық бөлімінің мамандары айтқан жауап бұл. Көпірдің сақтығына жауап беретін мекеме жетекшілері өткел жолдың бір жылдан соң бұлайша ақау аларын күтпепті де.
Ғалымжан ӨТЕНБАЕВ сектор меңгерушісі: «Ордабасыдағы көпір үшін ақша қаралмаған. Ол үшін қаржы да жоқ. Өткелдегі олқылықты кепілдік берген мекеме реттеуі тиіс. Келісім-шарт міндеттемелеріне сай, мердігерлер соққан көпірінен не болмаса, жолдан шыққан ақауды 2 жылдан 10 жылға дейін жөндеп беріп, қорғауы тиіс».
Жергілікті қазына әзірге Қапал Батыр бойындағы көпірді қайта келтіру мен сол маңдағы ағаш өткелді жөндеуге ғана ақша бөліпті. Бірнеше метрді ғана алатын аспа жолмен жүру бүгінде нағыз қауіпке айналған. Ал «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» саябағы мен «Ордабасы» алаңын жалғайтын өткелді дұрыстау үшін біршама күту керек. Осы аралықта мердігерлер де жіберген олқылығын дұрыстауы қажет деп отыр жауаптылар.