Отбасылық бизнес-заман талабы

473

«НұрОтан» партиясы «Максимум» инвестициялық орталығының қолдауымен кәсіпкерлерге арналған «Отбасылық бизнес — заман талабы» семинарын өткізді. Қаламызда ұйымдастырылып отырған шараның бір ерекшелігі, бұрынғыдай кеңселерде дөңгелек үстел басында емес, жылыжай шаруашылығының өзіне барып өткізілді.

Кәсіпкерлікке үйрену семинары жылыжай шаруашылығы бар жеке кәсіпкер Олжабай Әбдураимовтың шаруашылығында ұйымдастырылды. Шара барысында өз кәсібін дөңгелетуге ниет білдірген азаматтарға кәсіпкерлік қызметтің негізі, құқықтық және салық құжаттамалар мен есеп жүргізу тәсілдері түсіндірілді.

Нұрипа Аманжолова, кәсіпкер: «Сайрамда 2 гектардай жеріміз бар. Жылыжай салайын деп едік. Осы мақсатта бүгін семинарға қатысып,  кәсіптің қыр-сырын үйренудеміз. Мені таң қалдырғаны, Әбрдаимов отбасының алған 10 млн. несиені 2 жарым жылда өтегені».

Әбдураимовтар отбасы тиесілі 1,5 гектардың 1 гектарына жылдың басында қызанақ отырғызған. Сәуір айынан бері өнімдер пісіп жетілуде. Бүгінде түрлі сұрыптағы қызанақтар көтерме бағамен 80 теңгеден босатылуда. Өнім жаман емес. Кәсіпкер аз мерзімде алған несиесімен де есеп айырысып үлгеріпті.

Убайдулла Әбдураимов,  жылыжайдың иесі: «Болашақта шағын цех саламыз. Онда консервіленген өнім шығарамыз. Кәсіпті бастау оңайға соқпады. Мен өзім заңгермін. Сондықтан да  несиеге тиісті құжаттарды өзім реттедім. Алдын өзбекстандық мамандарға жүгіндік, бірте-бірте өзіміз үйрендік. Бірінші жылы қызанағымыз үсіп қала жаздаған еді, сондықтан  электр жарығын дербес  етіп  алдық. Қазір тәуелді емеспіз».

Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында бүгінде несие мерзімі де ұзартылған. Қазіргі таңда ол 5 жылға 6,5 пайызбен берілуде. Кәсіпкерлікке қызығушылық танытқандардың тұрғылықты жерде орналасқан жұмыспен қамту орталықтарына баруына болады.