ОҚО бойынша ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлер одағының төрағасы полковник Әлібек Сәрсенов

Арқанкерген шекаара заставасындағы оқиға қайталанбасы үшін әскерге шақыру кезіндегі жұмыстарды тыңғылықты қадағалуға алған жөн. Облыстық әкімдікте өткен жиында әскерилердің өзі осылай деді.  Сондай-ақ Шымкентке Халық Қаһарманы, Парламент Мәжілісінің депутаты генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев келді.

Көктемгі шақырту бойынша денсаулығы, отбасылық жағдайы бойынша әскери қызметке 400-ден аса бозбала жіберілмеді. Дегенмен әскер қатарына жастарды жинау жұмысын мамандар 100 пайызға орындағанын айтып отыр. Енді алдағы күзгі шақыру бойынша жаңа жоспарлар түзілуде.

Датқабек Мұсаев, ОҚО қорғаныс істер жөніндегі департаменті бастығы лауазымын уақытша атқарушы: «Арқанкергендегі оқиға мәселен бір ғана сарбаздың қолымен жасалған деп айтылуда. Челахта психологиялық бақылаудан өтті емес пе? Ертеңгі күні тағы да сарбаздардың арасынан тағы да біреу төтенше жағдай тудырмасына кім кепілдік береді. Сондықтан күзгі шақырту кезінде бейнекамера орнатылған дұрыс деп ойлаймын.Нәтижесінде біздің атқарып отырған жұмысыздың оң-терістігі анық болады. Өйткені бейнетаспаға жазылған кадр 1 ай бойына сақталады.Осы жағы қарастырылса деген пікірім бар».

Жиынды басқарып отырған облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков бұл мәселе алдағы уақытта қаралатынын айтты. Ал жалпы алғанда әскерилер жастардың денсаулығының жақсы екендігін айтады. Ағымдағы жылы біздің облыстан 2000 сарбаз ҚР Қарулы Күштерінің қатарын толықтырды. Оның 150-і «35/ 748» әскери бөлімде борышын өтеуде.

Әлібек Сәрсенов, ОҚО бойынша ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлер одағының төрағасы, полковник:
«Сәуір айында біз әскерге шақырту бойынша тұрғылықты мекен-жаймен жастардың үйлерін аралап, жоспарлы түрде жұмыс жүргіздік. Басты мақсат мемлекетімізде әскерилерге қатысты өткендегідей төтенше жағдайлар орын алмасы үшін бозбалалардың моральдік-іскерлік қарым-қатынасы бойынша дайындығын көру, әңгімелесу. Олардың қайда әскерде қызмет атқарғысы келетінін, жеке мінез-құлықтарын білу үшін үйлерін аралау қажет болды».

Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев

«35 /748 әскери бөлімінде Қазақстан ардагерлері ұйымдары үйлестіру кеңесінің төрағасы, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев ОҚО бойынша ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлер одағының төрағасы полковник Әлібек Асқанбекұлы Сәрсеновке Жауынгерлік Туды табыстады. Құрылғанына 3 ай ғана уақыт болғанына қарамастан бірлестік тыңғылықты жұмыс атқарды.

Бақытжан Ертаев, Халық Қаһарманы, Парламент Мәжілісінің депутаты генерал-лейтенант: «Әрбір жауынгер өз Отанының қадірін білуі керек. Ата-бабамыз бұл күнді, тәуелсіздікті сан мыңдаған жылдар бойы аңсаған. Халықтың қамын елбасы ғана емес, бәріміз бірге ойлауымыз керек. Жастар туды биікке көтеруді, Отанымызды гүлдендіруіді ойлауы тиіс».