Дүниежүзілік сауда ұйымы – елдер арасындағы сауда қатынастарын халықаралық ережелер көмегімен реттейтін халықаралық ұйым. Ресей аталмыш ұйымға осы аптада мүше болды. Енді көршіміз сауда-саттыққа қатысты сан түрлі келісімді ратификациялауы тиіс. Бұл жағдайдың Кедендік одақ елдеріне де әсер ететіні анық. Қазақстан 2013 жылы Дүниежүзілік Сауда ұйымының қатарына кіруге ниетті. Мұндай қадамға Тәуелсіз еліміз дайын ба деген сауалды жерлестерімізге қойған едік.

Нұрлан Есіркепов, «Қазагромаркетинг» АҚ бас маркетологы: «Қазақстан ДСҰ мүше болса, одан ұтамыз. Ауыл шаруашылығы саласы дамып, бәсекелестік  болады, отандық өнімдер халықаралық талаптарға сай  өндіріледі. Алайда әзірге біз дайын емеспіз. Озық технологиялар жетіспейді, өнімнің сапасы да әлемдік стандарттарға сай келмейді. Бұл бағытта әлі де жұмыс істеу керек».

Әрине біздің өнімдеріміз халықаралық талаптарға сай болуы тиі. Бұл бағытта үкімет тарапынан ауқымды бағдарламалар қабылдануда дейді экономистер жағы.

Ербол Садыр, экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бастығы: «Дайындалуымыз керек. Елбасының тапсырмасымен соңғы 20 жылда түрлі ауқымды бағдарламалар қабылданды. Олар Жол картасы, «Бизнестің жол картасы-2020», «Экспортшы -2020», «Кәсіпкер -2020», «Жұмыспен қамту».  Ұйымға мүше болу жауапты іс-сондықтан жаңа замануи технологияларды пайдалануды үйренуіміз керек, жаңа кәсіпоырндар ашуымыз қажет».

Гүлнара Оразбаева, экономикалық теория кафедрасының меңгерушісі: «Осыдан 20 жыл бұрын дайын емес едік. Енді ДСҰ қосылуға дайынбыз деп ойлаймын. Өйткені,  соңғы жылдары көптеген өндіріс орындары ашылуда».

Қазақстан дүниежүзілік сауда ұйымына осыдан 20 жыл бұрын кіргенде ұтатын еді деген пікірлер де айтылуда.

Әсет Асанди, «Әділет» газетінің жауапты хатшысы: «Қазақстан ұйымға кіруге кешікті. Кеңес Одағы тарағанда Балтық жағалау елдері , Қырғызстан ұйымға мүше болып кірген кезде жеңілдіктер бар еді. Ал қазір талаптар күшейтілген. Енді халыққа ауыр тиюі мүмкін».

ДСҰ мүшелікке енген соң экономикамыз дамып, тұрмысымыз жақсаратынына кәміл сенетін жерлестеріміз де бар.

Жәдігер ХУСАЛИНОВ, өрт сөндіруші: «Сауда -саттық жақсы болады. Сапалы тауарлар пайдаланамыз. Еліміздің экономиксы дамиды.Ол арқылы  өміріміз жақсарады».

Қалай болғанда ДСҰ -на мүше болудан Қазақстанның не ұтары алдағы уақыттың еншісінде.