"Ерке-Наз" балабақшасы

Бүгін Шымкентте 161-ші балабақша ашылды. «Қазығұрт» шағынауданында бой көтерген «Ерке-Наз» бөбекжайы 320 сәбиге арналған. Елордамыз – Астана күніне орайластырылып есігін балғындарға айқара ашқан балабақшаның салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Қайрат Молдасейтов те қатысты.

Қалипа Бұрлыбаева. Қазығұрт шағынауданында 15 жылдан бері тұрып келеді. 5 баласының алғашқы үшеуі бақшаға бармаған. Бүгін  4 жасар егіз ұлдарын «Ерке-назға» алып келіп, жайғастырды.

Қалипа Бұрлыбаева, ата-ана: «Балабақша деген мүлдем болмады. Қалаға апарып келудің өзі қиын. Енді міне, үйіміздің жанынан ашылған бақшаға егіз ұлдарымды әкелдім. Қуанышымда шек жоқ. Бағасы да қымбат емес. Әдемі, іші-сырты керемет жабдықталған».

Балдырғандардың шат-күлкісіне толған жаңа бақшаның ашылуы – қазығұрттықтардың басты қуанышына айналды. Көптен бері бақшаның жырын жырлап келген ақсақалдар қала басшысымен бірге лента қиса, ақжаулықты аналар шашуларын шашты.

320 балаға арналып салынған бөбекжайда 18 топ бар. Барлық бөлмелері заманауи үлгіде жабдықталған. Сәбилерге арналған ойын бөлмесі, асханасы, музыка залы мен спорт залы тағы бар. Салауатты өмір салтын қалыптастыруды басты мақсат еткен бақшада балалар денсаулығы жіті қадағаланатын көрінеді. Бізге қазығұрттық балақандар симай жатыр дейді меңгеруші.

Зина Молдакулова, №36  «Ерке-Наз» балабақшасының меңгерушісі: «Қазығұртта 620 бала өмір сүреді. Оның тек 320 біздің бақшада тәрбиеленеді. Бүгіннен бастап, құжаттар қабылданып, балдар жиналып жатыр. Ал тәрбиешілеріміздің басым бөлігі, осы мөлтекауданның тұрғындары. Білікті мамандар, арнайы жолдамамен келіп жатыр».

Айта кетейік, Шымшаһарда 160 мектепке дейінгі мекеме жұмыс атқарады. 110 308 балдырған бақшамен қамтылса, кезекте әлі 40 мыңға жуық сәби бар. Биыл «Балапан» бағдарламасы бойынша 3 бақша ашылады деп күтілуде. Оған жекеменшік 8 балабақшаны тағы қосыңыз. Қалай болғанда, бала санының артуына байланысты бақшаларды көбейту назардан тыс қаламауы тиіс.