Шымкентте алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жандардың көнцерті өтті

Көрермендерді өнерімен тәнті еткен Роза Мұса

Қаламыздағы Халықтар Достығы үйінде әдеттегіден өзгеше көнцерт өтеді деп, түсірілім тобымызыбен бірге белгіленген уақытта тартып кеттік. Ерекше деп отырғанымыз — алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жандардың қатысуымен өткізілген мерекелік кеш. Жақындай келе бос тұрған залды көріп, концерт аяқталып қалды ма деген суық ой да болғаны рас.

Анықтай келе, концерттің әлі басталмағаны, қала тұрғындарының да әлі келе қоймағаны белгілі болды.  Ал дайындық бөлмесінде мүмкіндігі шектеулі әнші әпкелеріміз бен сіңлілеріміз және ағаларымыз қайта-қайта есіктен қарап, » тамашалауға адамдар келіп жатыр ма» деп қояды.

Іс-шараның басы-қасында тыным таппай, ұйымдастырып жүрген «Халқыма тағзым» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбаршын  апай толқынысын жасыра алмады. Оның үміті мен күдігі қатар еді.  Күш-жігерін өнерден тапқан, көңілі алаң, бірақ рухы мықты, өнерге ынтық жастарды халыққа таныстырсам, олардың үкілі үмітіне сәуле беріп, қолдау жасасам деген ниетін іске асыруға тырысуда. Бірен-саран келген қала тұрғындарының  аздығын көргенде абыржыған да еді. Алайда, бұл жандардың іс-әрекетіне бей-жай қарамай, өнерін тамашалауға келген өнер сүйер қауым жиналғанда, қуанышы жүзінен байқалып тұрды.

Бұл жандар өмірдің қиындығына мойымай, ауырпашылықтың ағысына қарсы жүзген, сағы сынбай, тағдырдың салғанын көтере білгендер. «Өмірге ынтық өлеңім» рухани кеші — «Халқыма тағзым» қоғамдық бірлестігінің алғашқы іс-шарасы. Алдымен киелі сахнаға арбасына таңылған республикамызға танымал әнші Роза МҰса шыққанда, тыңдармандар қол шапалағын аямады. Ару қыздарына қолдау жасады.

«Бұл жандар өнерлері арқылы төл өнеріміздің дамуына шамалары келгенше өз үлесін қосып жатыр деп ойлаймын. Олар менің мына жерім кем екен немесе менің көзім көрмейді деп, тағдырдың салғанынан жеңілген жоқ, мойын ұсынбады. Қайта өзгелерден де артық екендіктерін дәлелдеп жатыр. Үлгі көрсетуде», -дейді «Халқыма тағзым» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлбаршын Жайлымысова.

Шараның мақсаты- мүмкіндігі шектеулі, бірақ талантты жандардың өнеріне қолдау көрсету, олардың мүдделері мен құқықтарын қорғау. 3 курс студенті Гүлхая Жуашбаеваның бұл сахнаға алғаш шығуы емес. Ш. Қалдаяқов әндерінің байқауында жүлдегер атанған арудың арманы да сол — халықтың ықыласына бөлену. Ол М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетде педегогика және меәдениеттану факульетінде білім алады және өз ісінің білікті маман иесі атанғысы келеді.

«Мен бүгінгі кеште әнімді керемет айтып шықтым деп айта алмаймын. Бірақ мен бар жан-тәніммен орындадым. Тыңдармандардың қошеметін естіп, өзге бір әлемде жүргендей сезіндім. Менің көзім көрмегенімен, менің жүрегім ән салады. Мен өз мақсатыма жетуге тиіспін. Ол- халқымы танылып, еліміздің еңбек сіңірген әртісі атану немесе өзім сияқтыларға қол ұшын созып, көмек көрсету»,- дейді Гүлхая арманымен бөлісіп.

Кеудесін ән кернеп, тыңдарманын әуезді әнімен баурап алған мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созғандар да табылды бұл кеште. Ал Гүлбаршын апай, көздерінде от, жүректеріне ұшқын пайда болған жандарды жігерлендіріп, мұндай кешті енді республикалық көлемде өткізсем деген арманын айтып қалды. Әрине, ол да жанашыр, кең пейілді жандардың көмегімен жүзеге асатыны белгілі.