Шымкентте нанның бағасы әлі де арзандамай тұр. Бүгін дүкен сөрелерінде бөлке нан 35-40 теңгеден сатылуда. Нанның қалыптағы салмағы 450 грамм болса, қазіргі орташа салмағы 550-560 грамм болып пісірілуде.

Шымкенттегі дүкендерде бөлке нан бағасы 40 теңгеден әлі түскен жоқ. Ал өткен жаңалықтарымызда «Нан қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әбдімәлік Көмекбаев ас атасына қатысты негізгі заңдылықтарды айтып берген болатын.

Әбдімәлік КӨМЕКБАЕВ, «Нан» қауымдастығы» ҚБ-нің жетекшісі: «ОҚО әкімшілігі, Шымкент қалалық әкімшілігі және «Нан» қауымдастығы» ҚБ-ның бірлесіп жұмыс жұмыс істеуінің нәтижесінде бірінші сұрыпты әлеуметтік нанға төмендегі баға қалыптасты. Наубайханадан шыққан бағасы — 28 теңге, дүкендер мен базарларға жеткізу бағасы — 32 теңге, дүкендер мен базарларда сатылу бағасы — 35 теңге. Бұрынғыдай бәрі».

Нарықтың аты нарық. Сатқан затының үстінен дүкен қожайынының да пайда тапқысы келеді. Әрине, нанның бағасын көтере сату оларға да тиімсіз. Жеткізіп беруші бөлке нанды төмен бағада әкелсе, неге арзандатпасқа дейді.

Гүлназ, дүкен сатушысы: «Дүкенімізге бөлке нанды жеткізіп берушілер 35 теңгеден алып келуде. Сосын амал жоқ ас атасын 40 теңгеден сатып жатырмыз. Әкімдіктен қайбір күні маман келіп нанды қаншадан алып, қаншадан сатып жатқанымыз жайлы сұрап кетті. Одан ары қарай шара көрілгеніне өз басым куә болғаным жоқ».

Жергілікті билік нан бағасын реттей алмай жүргенде үкіметте облыс басшылары аймақтардағы нан бағасын тұрақты ұстап тұруға уәде етті. Көріп тұрсыз, ғаламторда тараған ақпарат пен біздегі ахуал мүлдем сай келмейді. Дегенмен, бөлке нан бағасы 35 теңгеден қымбат сатылған дүкенді көрсеңіз, 53-74-36 немесе 8701 326 10 95 сымтетіктеріне хабарласуыңызға әбден болады.