Шымкентте келер жылы жаңадан 4 мектептің іргетасы қалана бастайды. Білім ордалары қаламыздағы «Ворошиловка», «Құрсай», «Жиделі» және «Қайтпас» шағынаудандарынан орын теппек. Ал биылғы оқу жылында шаһардың оқушылары үшін сужаңа 5 мектеп пайдалануға беріліп, 3 мың бала қамтылмақ. Бұл мәліметті қалалық құрылыс бөлімінің мамандары хабарлады.
1 қыркүйек күні пайдалануға берілетін шаһардағы 4 жаңа мектепте қазіргі күні құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, тазалау ісі ғана қалған. Жаңа мектептердің ішінде №52 мектептің жанынан қосымша ғимарат ретінде салынып жатқанын ескере кету керек. «Тельман» бөлімшесінен орын тепкен №56-шы мектеп те жаңа оқу жылы оқушыларға құшағын айқара ашады. Оқушылар осыған дейін қам кірпіштен салынған 250 орындық нысанда апатты жағдайда білім алуға мәжбүр болған еді.
Нұрлан КАМАЛОВ, №56 мектеп директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары: «Бір қабатты ескі мектебімізді бұзған соң, оқушыларымыз бір жыл бойы «Тұрлан» елдімекеніндегі №55 мектепте оқыды. Балалардың тасымалдау ісін әкімшілік мойнына алды. Бұрынғы мектебімізде жағдай тым қиын еді. Қарапайым ғана спорт залы мен акт залы, тіпті, асхана да жоқ тұғын. Ғимарат болса апатты жағдайда қалт-құлт етіп тұратын. Қауіпті болатын. Енді қазір мүлдем өзгерген, жаңарған, тап-таза ғимаратқа кіргелі отырмыз. Мұндай нысанда енді оқушылар тек оқу-оқу-оқу деп жүруі тиіс деп ойлаймын».
600 балаға шақталған типтік нысанда керектінің бәрі бар дейді мердігерлер. Акт залы, спорт зал және асхана да барлық талапқа толық жауап береді. Ақау шықса, мердігер 2 жылға жөндеп беруге әзір.
«Асар» шағынауданынан бой көтерген 1200 орындық мектеп те 98 пайызға өз жұмысын аяқтаған. Қазір мұнда жиһаздарды құрастыру мен абаттандыру жұмыстары ғана қалды. Жалпы, биыл 7 мектеп салынып, оның 4-уі 1-қыркүйекке дайын болса, «Жайлау» шағынауданынан бой көтерген тізімдегі 5-ші мектеп 1 қарашада ашылады деп болжанып отыр.
Ерлан ҚАЛЖАНОВ, Қалалық құрылыс бөлімі бастығының орынбасары: «Биыл пайдалануға берілетін 5 мектептен бөлек, осы жылы тағы екі мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, олардың пайдалану мерзімі 2013 жылға өтпелі. Атап айтар болсам, Қазығұрт шағынауданындағы №48 мектеп, 600 орындық. Жалпы құны — 729 млн. теңге. Онда қазір тас қалау жұмысары жүргізілуде. Екіншісі, Ақтас елдімекеніндегі 600 орындық мектеп. Ондағы құрылыс ісі мектептің екінші қабатын салу барысында тұр».
Қазір қолданысқа берілетін мектептердің барлығы мемлекеттік қабылдау комиссияларынан жаппай өтуде.