Шымкентті қоқыс басып барады. Арнамызға хабарласқан тұрғындардың айтары осы. Бір-екі апталап жиналмаған қоқыс қалдықтарын ешкім алып кетпей жатыр деп ашынады адамдар.
Бұл Рашидов көшесі 25 үйдің тұрғындары. Есік алдындағы қоқысхананың жиналмағанына 2 аптадан асып кетті. Қоқыстан шыққан иіс алыстан мүңкіп тұр. Оны уақытылы жинап алмайтын тазалықшылар болса, түбіртек әкелуде тым шапшаң қимылдайды деп шырылдайды тұрғындар.
Гүлроза Мырзакулова, үй төрайымы: «Мына сасық иістен тұншығатын болдық. Қонақта шақыра алмаймыз. Балаларымыз сол қоқысты басып ойнап жүр. Терезелерімізді қымтап отырамыз. Астма ауруымен ауыратындарымыз да бар. Жедел жәрдем шақырудан қол тимей қалды».
Дәл осындай олқылық Әл Фараби ауданының біраз бөлігінде орын алып отыр. Қоқыс тазалауды «Орионновтех» компаниясы мойнына алған. Бірақ, олар біздің кінәміз жоқ деп ақталуда. Тіпті, күніне қоқысты 2 рет жинауға мәжбүрміз деп ат тонын ала қашты.
Қоқыс тазалаушы: «Адамдар біздің қадірімізді білмейді күніне 2-3 рет жинаймыз. Келеді да құрылыс материалдарын төгіп кетеді. Ана жақта тіптен мал қалдықтарын тастаған».
Ал халық тазалықшылардың қоқысты екі рет жинаймыз деген сөзіне иланар емес. Жұмыстарына салғырт салақ деп айыптап жатыр. Жергілікті билік те солай санаса керек. Қоқысты уақытылы тазаламаған компанияны айыппұлмен жазалады.
Бірақ бұл қала көшелеріндегі қоқыстың азаюына септігін тигізбей тұр әзірге. Ал әкімдік аптап ыстықта қоқыстың жиналмауы жаппай ауру таратып жібере ме деп қауіптенеді. Енді санитарларды да іске тартпақ.
Марат Тәжібаевғ Әл Фараби аудандық әкімдігінің бөлім бастығы: «Енді әр қоқысхананы суретке түсіріп, СЭСке жіберетін боламыз».
Әкімдік пен қоқыс тазалаушылар күресіп жатқанда зардабын тұрғындар тартып отыр әзірге. Ал СЭС мамандары қандай да бір шара кқөреміз дегенше жағдай тіпті күрделеніп кетпесе болғаны.