Қаламыздың тәртіп сақшылары қылмыстың алдын алу шараларына жаңа әдіс енгізді. Енді әрбір үйдің аулаcында қылмыстық оқиғалардың құрбаны болмау үшін не істеу керектігі жайында жаднамалар жазылған үнпарақтар ілулі тұратын болады.
Полицейлердің жұмысын жеңілдететін бұл қандай жаңалық? Қылмыстың алдын алудың жаңа әдісі, полицейлердің айтуынша, ең алдымен құқықбұзушылықты тежейді. Жаңалықтың тағы бір тиімді тұсы — учаскелік полицейін танымайтын қалалықтарды тәртіп сақшысымен таныстыруда таптырмас әдіс.
Мұхтар ҚОСМАМБЕТОВ, Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі бөлімінің бастығы: «Бұл бүктемелерді ілудегі басты міндет, осы жаднамалар арқылы былайғы жұрт өзінің құқықтарын білсе екен дейміз. Осы арқылы өзінің учаскелік полицейімен танысып, оған кез келген уақытта, кез келген сауалмен жүгінсе дейміз».
Бұл бүктемелерде қылмыс көп орын алатын қаланың ең қауіпті нүктелері көрсетілген. Және осы нұсқаулық арқылы қылмыс орын ала қалған жағдайда не істеу керегін білуге болады. Тұрғындардың айтуынша, мұндай нұсқаулықтарды ілу ешқашан да артық болмайды.
Қала тұрғыны Саттар Ізбасаровтың пікірінше, бұл дер кезінде ойлап табылған жаңалық. Ересек азаматтармен бірге кішкентай балғындардың да мұндағы нұсқауларды жаттап алғаны дұрыс дейді ол. Өйткені, бөтен адаммен көбіретте тілдесіп, алданып қалатын да осы кішкентай балғындар екенін шаһар тұрғыны жасырмайды.
Ең бастысы, бұл буклеттер ең қауіпті қылмыс жайлаған ордалардың ісін күйретуде жақсы көмек береді. Бұл — полицейлердің қорытқаны. Еңбекші ІІБ-ның учаскелік инпекторы Төре Тәукеев сақшылық ететін аумақта пәтер ұрлығы мен көлікті үп ету оқиғалары тіркелмесе де, мұндай алдын алу тәртіптері жазылған парақшалар керек екенін айтады. Өйткені, осы қағаздар әркімнің ішкі-сыртқы құқықтарды біліп жүруге үлкен көмек екен.
Айту парыз, бұл жаңалық облыстық ішкі істер департаменті мен қалалық ішкі істер басқармасының бастамасымен жасалған тірлік. Ал жаңашыл бағыттың нәтижелі болуы үшін жергілікті билік 5 млн 100 мың теңге бөлген.