Өңірде аудан әкімдерінің облыс басшысы алдындағы «емтиханы» жалғасып жатыр. Есебі көңілден шықпағандары жазаланады. Бұл туралы бұған дейін Асқар Мырзахметов ескерткен болатын. Облыс әкімі Созақ ауданы бас шенеунігінің де атқарған жұмыстарын тыңдады. Ауданның тізгінін жақында ғана қолына алған Аманғали Аймұрзаев бұрын жергілікті мәслихаттың хатшысы болатын. Іскерлігі әзірлеген баяндамасынан байқалуда. Қай салада болса да алға ілгерілеушілік бар. Сонымен қоса жиында қордаланған мәселелер де ашық айтылып, оны шешудің жолдары ұсынылды.
Аманғали Аймұрзаев. Созақ ауданының әкімі: «Ия, рас мектептің қазандығы істемей тұрған болатын. Біз тез арада мердігерді тауып, ол жұмыстарды аяғына жеткізуді талап еттік. Қазіргі таңда барлық кемшіліктер жойылды. Мектептің жылу жүйесі өзімнің қадағалауымда болады. Жолаушыларды тасымалдауға рұқсаты жоқ такси мен газельдерге қатысты шешім қабылдадық. Салық және жол полициясы басқармаларымен бірге рейд жүргізіп, засыз әрекеттерге жол бермейміз.»
Ауданда еңбек өнімділігін арттыру басты назарда тұр. Егісті әртараптандыру жоспарына сәйкес 11 мыңнан гектардың 10 мыңына тұқым себілген. Түрлі себептермен күздік бидай, мақта, жүгері, картоп секілді дақылдар белгіленген межеден аз егілгенімен, басқа дақылдар жоспары артығымен орындалыпты. Ал былтырғы жылмен салыстырғанда егістік жерді игеру жұмысы 138 пайызға артық орындалды. Бұл — жүйелі жұмыстың арқасында жеткен жетіістік деп атап өтті облыс әкімі.
Асқар Мырзахметов, облыс әкімі Созақ ауданы әкімінің іскерлігі белгілі. Ол кісі басқарғаннан бері ауданда ілгерілеушілік бар. Рейтингтің қорытындысы бойынша Созақ ауданында көрсеткіштер жаман емес. Жиында айтылған кемшіліктерді ескеріп, ол бойынша жұмыс істейсіз деп сенемін»
Ауданда биыл жалпы ұзындығы 55 шақырым болатын 5 каналдың құжаты әзірленген. Күмісті-1 су тоғанын құжаттандыруға аудандық бюджеттен 750 мың теңге қаржы бөлінді. Ал облыстың қолдауын қажетсінетін мәселе — Бетпақдаланың жайы. Мойынқұмдағы жайылымдарды суару, Қызылкөл көлін сумен толтыру, жер асты суларын зерттеп, жаңадан гидрогеологиялық карта жасау керек. Мұнымен қоса суармалы егістіктің көлемін арттыру мақсатында Біресек каналының жоғары жағынан су қоймасын салу да кезек күттірмейді. Мұның барлығы — болашақтың еншісінде.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=xBkt9nzknSM[/youtube]