Су тасқынынан зардап шеккендерге қаржы 5 айдан соң берілді

287
Ордабасы, су басты
Ордабасы, су басты

Биылғы қыстың көзі — қырауда су тасқынынан зардап шеккен Ордабасы ауданының тұрғындары үкіметтің қаржылай көмегіне жарты жылдан кейін қол жеткізіп отыр. Баспана салуға мүмкіндігі жоқ азаматтар осы күнге дейін аптап ыстықта брезент күркелерде паналап келген. Аудан басшылығының алдында тұрған міндет — тез арада күзгі жауын-шашынға баспана көтеруге ықпал жасау. Оған қоса каналдар мен арықтарды бетондау да бар. Бұл тірліктер сапалы жасалмаса, төтенше жағдайдың қайталану қаупі сейілмейді.

Ақпан айында күн көзінің кенеттен жылуынан еріген қар суы арықтардың арнасынан шығып, Ордабасы ауданындағы бірқатар елдімекендерді басқаны есімізде. Табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алмағандар туған-туыстарының үйін паналаған сол кезде. Соңғы жылдары қараусыз қалған каналдарға еріген су сыймай, адамдарды әбден әбігерге салған. Үкімет басшысының бірінші орынбасары келгенде ордабасылықтар су тасқынының себебін де айтып берді.

Тұрғын:  «Кеңес Одағы тарағаннан бері ешкім каналдар мен арықтардың жағдайына көңіл бөлмеді. Түгендеу жұмыстары енді ғана жүргізілуде. Ордабасы ауданында өтетін Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізінің жанынан  су қоймасын салу керек».

Тұрғын: «Су тасқыны болғанда, резеңке етік те таппай қалдық қой. Дайындығымыз мүлдем болмады. Бейқам болыппыз. Олай жасауға болмайды. Ертерек қамдану қажет екен».

Іс-сапары барысында шенеунік су тасқынынан зардап шеккен азаматтармен кездесіп, оларға үкімет тарапынан көрсетілетін көмектің жақынарада жететінін айтқан болатын. Алайда ол қаржыны жұрт жарты жыл күтті.

Данияр Тілеубергенов, Ордабасы ауданының  әкімі: «Су тасқыны зардаптарын жою үшін  республикалық бюджеттен 713 млн. теңге бөлінді, 8 млн. теңге бұзылған мүлік үшін қарастырылған. 164 мың мал шығынын өтеуге жұмсалады. Ордабасы ауданында  467 үйге зақым келтірілген. Қазіргі таңда есеп шотқа қаржы түсті. Әрбір азамат «Каз Пошта» АҚ арқылы өзіне тиесілі сомманы алады».

Әбігерге түскен азаматтар киім-кешек, азық-түлікпен қамтылды. Азаматтық Альянс пен Облыстық кәсіподақ Кеңесі ұйтқы болып, облыс орталығында қор ашылған. Оған 85 млн.-нан астам  теңгедей қаржы да жиналды. Алайда неліктен сол ақшаның осыншама уақыт есеп-шотта жатып қалғаны түсініксіз. Енді кеш те болса қордағы қаржы 184 отбасына бөлінеді. Ал мүлік шығынына 8 млн. мал шығынын өтеуге 146 мың теңге республика қоржынынан бөлінді. Ендігі өзекті мәселе — каналдар мен қашыртқы арықтарды тазалау. Бұл мәселе таяуда Ордабасы ауданы әкімінің жартыжылдық жұмыстарының есебін тапсыру жиынында да айтылды.

Сәкен Қаныбеков, облыс әкімінің орынбасары: «Қазіргі таңда Ордабасы ауданында арықтарды, каналдарды тазалау жұмыстары жалғасуда. Олардың арнасы мен  жағалауын  бетондап бекіту үшін республикалық бюджеттен 388 млн. 648 мың теңге бөлінген. Осы қаржы мақсатты жұмсалуын қадағалауымыз керек».

Ең бастысы — тиісті жұмыстардың барлығы ойдағыдай атқарылса, табиғаттың тосын мінезіне дайын боламыз. Апат айтып келме

йді, сондықтан салғырттық, немқұрайлық, жауапсыздық деген ұғымдардан арылуымыз қажет-ақ.