Түлкібасты қоқыс басып, Отырарда бруцеллезбен ауырғандар 8 есеге артқан

Қайрат ӘБДУӘЛИЕВ, Түлкібас ауданының әкімі
Қайрат ӘБДУӘЛИЕВ, Түлкібас ауданының әкімі

Түлкібаста атқарылған істің бәрін ондағы ауылдарды қаптап кеткен қоқыс еш етті. Уақытымен орындалмаған осы сияқты жұмыстар үшін аудан әкімі Қайрат Әбдуәлиев үш ауылдың әкімін және бір бөлім бастығын жұмысынан босатыпты. Алты айлық қорытынды бойынша 11-орынға түсіп кеткен Түлкібастағы ауыл әкімдеріне облыс басшысы ең оңай саналатын абаттандыру ісін ұйымдастыра алмасаңдар жылы орындарыңнан кетіңдер деп кеңес берді.

Асқар МЫРЗАХМЕТОВ, Облыс әкімі: «Қарапайым ғана ұйымдастырушылық ісін жүргізе алмасаңдар несіне жұмысқа келесіңдер? Күні бойы не істейсіңдер? Болады ғой, ауыл адамдарын мәдениетке шақырып, ауыл-аймақты тазартып қоюға».

Қайрат ӘБДУӘЛИЕВ, Түлкібас ауданының әкімі: «Барлық жұмыс түпкілікті жүрмей жатыр дегенге мен келіспеймін. Себебі, ауданды 93 пайыз газдандыру, 91 пайыз ауызсумен қамтамасыз ету — ол да оңайлықпен келіп жатқан жоқ. Бізден басқа қай ауданнан осындай жетістік көріп жүрсіз? Ал бағалау ісіне келсек, егер ондық жайлы сөз қозғасақ сол ондықтан түскеніміз жоқ деп ойлаймын. Ал бестіктің ішінде жүрсек, тіпті жақсы».

Бейбіт СЫЗДЫҚОВ, Отырар ауданының әкімі

Үздік бестіктің ішінде бізде жүрміз деп Отырар ауданының да әкімі жарты жылдық есебінде баян етті. Өңір басшысы Бейбіт Сыздықовқа сенсек, барлық салада ілгерілеушілік бар. Десе де, аудандағы 38 мың гектар жердің 16 мың гектары ғана осы жылы пайдаға асқан. Мұны пайызға шақсаңыз Отырарда қазір 48 пайыз алқап игерусіз жатыр деген сөз. Сондай ақ, ауданда ішек ауруына шалдыққандар өсіп, бруцеллез дертімен науқастанатындар 8 есеге артқан.