Юлия Бахтиярова облыстық жасөспірімдер орталығының табалдырығын алғаш аттаған сәтін ешқашан ұмытпайды. Сайрам балалар үйінен келген оның үмітінен күдігі басым еді. Бейтаныс орта, бөтен адамдар. Алайда жасөспірімдер орталығының директоры Сарбиназ Сүлейменова Асрарқызынан бастап, өзге балалар да оны қуана, жатсынбай қарсы алды.
Мұнда ол қазір өзі тағдырлас, қамқоршысынан айырылған жеткіншектермен бірге тұрады. Әрине, балалар үйінде бір бөлмеде бірнеше қызбен бірге жастық жастанып, бауырындай көрген Юлия үшін жаңа ортаның жаңа ережесі де өзгеше еді. Оған өзіне тиесілі, бір бөлменің кілтін ұсынғанда, өзін өзгелердің қамқорында екенін сезінгені де бар.
Балаларды бейімдеу орталығында олар ас дайындауды, жарық пен суды үнемдеуді, өз бетінше өмір сүруді үйренеді. Кітапханада кітап оқиды. Спортпен айналысып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік бар. Бірнеше спорттық жабдықтар қойылған бөлмеде жігіттер жаттығып, уақыттарын тиімді өткізеді. Арнайы медициналық кабинет пен психолог мамандар жұмыс жасайды. Түрлі психологиялық жағдайлардың шырмауына түспеуіне, қандай жағдай болса да, өзін- өзі жоғалтпай, сенімді шешім қабылдауда педагог мамандар көмек көрсетеді.
«Қазақстан Республикасының бірінші Ханымы Сара Алпысқызының бастамасымен ашылған алғашқы жылдары басшыларда екі ұдай пікір де болды. Өйткені балалар үйінен тек дайынға үйреніп, қатал өмірдің ащысына ұрынбаған балалар өмірдің сүрлеуінде қалмай, жетегіне еріп, өз бетінше өмір сүруде ары қарай алып кете ме деген сауал да мазалаған еді. Алайда бүгінде бұл күдігіміз сейілді. Жеткіншектер жасөспірімдер қабырғасынан шыққаннан кейін де өз бетінше өмір сүріп, оқып, жұмыс жасап, балалы болуда»,- дейді облыстық жасөспірімдер орталығының директоры Сарбиназ Асрарқызы.
Олар оқуды тәмамдап, дипломға ие болғаннан соң, жұмысқа орналасады. Бұл орайда орталық ұжымның еңбегі зор. Директордың айтуынша, жұмыспен қамту орталығымен және өзге де бірнеше жұмыс беруші мекемелермен келісімшарт түзілген. Жұмыспен қамту орталығы мамандарға тапшы мекемелердің, мамандықтардың тізімін ұсынады. Сол сала бойынша көп жасөспірімдер өздерінің қабілеті мен икеміне орай жұмыс тауып жатады. Мәселен, бүгінгі таңда «ҚазТрансГаз» жарық беру мекемесінде балалар үйінің 6 баласы қызмет атқаруда.
Десек те, Юлияны баспана мәселесі мазалайды. Ол 23 жасқа толып, жасөспірімдер орталығынан шыққаннан соң, қайда барып тұратынын білмейді. Бұл тек оның ғана емес, балалар үйіндегі барлық тәрбиеленушінің балтырын ауыртып, табанын сыздататын басты мәселе. Мұнан түлеп ұшқан 100 пайыз түлектердің тек 20 пайызы ғана әке-шешелерінен қалған баспанаға ие болса, өзгелері бірігіп, пәтер жалдап тұрады.
«Балаларды бейімдеу орталығында өмір сүрген кезде еш қиындық, ештеңеден таршылық көрмейді. Ал 23 жасқа толғанда олар бұл үйден шығуға тура келеді. Бар проблема осы сәттен басталады. Өйткені олардың тұратын тұрақты баспаналары жоқ. Сондықтан бұл мәселе біздің күнтізбеден түскен емес. Біз үнемі әкімшіліктерге хат жазып, көмек сұраудамыз. Және пәтер жағдайы шешіледі деген ойдамыз. Өйткені 2013 жылға таман ата-анасынан айырылған, қараусыз қалған жетім балалар үшін 74 пәтер пайдалануға беріледі деген жоспарымыз бар. Ал бүгінгі таңға дейін 2007 жылы «Достық» шағынауданында 14 үй берілген болатын. Ол баспаналарға тек біздің үйіміздегі бірнеше бауыры бар, әпкелі-сіңлілі немесе ағалы-інілі балаларды орналастырдық. Барлығын қосқанда 38 бала осылайша пәтерлі болды»,-дейді, Сарбиназ Асрарқызы.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы жалғыз жасөспірімдер орталығында бүгінде 136 бала бар. Өңіріміздегі Сайрам, Төлеби, Арыс, Көмешбұлақ балалар үйінен түлеп ұшқан түлектер мұнда 23 жасқа дейін тұрады. Өмірге бейімдеу үйі ашылғалы 2003 жылдан бері бүгінге дейін 200-дей бала үлкен өмірге жолдама алыпты. Алайда олар ұшқан ұясын, бауыр басқан ортасын ұмытқан емес. Үнемі келіп, қуаныштарымен, қиындықтарымен бөлісіп, мейірімділік танытқан ұстаздарымен көрісіп кетеді.Тағдыр тәлкегіне түскен жастар қандай қиындық болса да, мойымай өмір сүруде. Олар үйленіп, отбасын құрып, балалы болуда. Жұмыс жасап, өзі көрген қиыншылықты перзентімнің басына бермесе екен деп тілейді. Мақсатқа жетер жолы айқын болмаса да, алға қарай талпынуда. Оларды үміт жетелеуде. Болашағы бұлыңғыр, бірақ жолы түзу.
Артық болмас білгенің…
Қазіргі таңда біздің облысымызда 6 балалар үйі бар, оның біреуі жекеменшік болып табылады. Жыл сайын осы балалар үйлерінің шамамен 400-ге жуық түлегі орта білім алып, түлеп ұшады. Оларға облыс әкімінің және басқа да демеушілер тарапынан жыл сайын қамқорлық көрсетіліп, арнайы оқу гранты бөлініп отырады. Мәселен, 2011 жылы балалар үйін бітірген 333 түлектің 100-і облыс әкімінің грантымен жоғары оқу орындарына түскен. Ал 153 бала колледжге түссе, 23-і кәсіптік лицейде тегін оқуда.