Ән айтқанның барлығы әнші емес

900
Мақсат Айтжанов театр - алғашқы махаббаты екенін айтады

Мақсат Айтжанов – 1979 жылы маусым айының 19-шы жұлдызында дүниеге келген. Жастайынан сахнаның сырына бойлаған жезтаңдай әнші көптеген республикалық көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Бүгінде редакциямызға «Мақсат Айтжанов қайда жүр?», «Неге ән айтпай кетті? Әншіге Роза Рымбаеваның өзі тәнті болған еді ғой», «Үлкен сахнадан көрмей кеттік…» деген сияқты сауалмен хабарласқан оқырмандарымыз көп болды. Сондықтан, өнер иесінің өзімен тілдесуді жөн көрдік.

— Мақсат аға, сіз неге көрінбей кеттіңіз, қайда жүрсіз?

— Шығармашылықтан алыстаған жоқпын. Көрінбей кеттім деп ойламаймын. Қазақстанда тұңғыш ашылған, Оңтүстік Қазақстан облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының көркемдік жетекшісімін. Театрдың тіршілігіне машықтанып алдым. Енді осы сала бойынша жұмыс жасап, бұл өнердің одан әрі өрлеуіне үлес қосқым келеді. «Өнерлінің өрісі – кең» деген емес пе?! Сондықтан, ең бастысы мен өнерден алыстаған жоқпын. Қайта, осы Оңтүстіктегі әзіл әлемінде жас өнерпаздарды дайындап, олардың да шығармашылықтарын шыңдауына көмек беріп жүрген жайым бар.

— Неге сатира театрын таңдадыңыз, неге эстрададан кеттіңіз… жаныңызға сатира жақын ба?

− Жалпы театр — менің алғашқы махаббатым. Себебі театр — өнердің көптеген жанры тоқайласқан қасиетті орда. Ал, қазіргі қызметіме байланысты концерттерде аздау көрінуімнің де себебі сол шығар… Бірақ, әрдайым шақырылған концерттерден қалмауға тырысамын. Себебі менің мамандығым «Эстрадалық ән орындаушы, драма актеры». Қалай болғанда да мен халықты өнермен сусындату үшін жұмыс жасап жүрмін деп ойлаймын. 

— Өнерде жүргеніңізге біраз жылдың жүзі болды, айтыңызшы өнер өлкесінің талабы қандай?

– Өткенге көз жүгіртсем, мен балабақшадағы кезімнен бастап сахнада екенмін. Ал, соның 13 жылы кәсіби сахнада. Осы жылдар ішінде түйгенім, өнер – күнделікті тұрмыс-тіршіліктің жетегінде кетпей, жан аямай күндіз-түні еңбекті талап ететін, әділеттілікті ту етіп, адалдықты алға шығаратын, тек таза ойдың ортасы. Қояр талабы, өнердің қай саласын меңгерсең, сол саладағы үздіксіз ізденіс және жаңаша ойлау. Сондықтан бұл қасиетті мекеннің өкілі болу үшін ең бастысы осы заңдылықтарды ұғыну қажет. 

— Үлкен сахналарды әнмен тербеп, танымал әншілермен ән айттыңыз. Үлкен сахнаны сағынатын шығарсыз…

– Әрине, сағынамын. Тек мереке кездерінде болмаса, басқа уақытта әзірге үлкен сахна бұйырмай тұр. Себебі, ол үлкен қаржыны талап етеді. Қазір нарық замамында көп нәрсені қалтадағы қаржы шешетін болды. Көбіне шын талант тасада қалып қоятыны да осыдан. Оның үстіне мен кештеу болса да, жаңадан отбасын құрған, жас отағасымын. «Үлкен үйге не керек болса, кіші үйге сол керек» дегендей… Ұлым Бек-Мұхаммедтің дүниеге келгеніне де көп уақыт өткен жоқ, сондықтан балама да уақытымды көп бөлудемін. 

— Режиссураға бет бұрғаныңыз да бұған өзіндік себебін тигізетін шығар.

— Мүмкін әрине. Азабы көп, рахметі аз, тек сахна сыртында қалатын кәсіп болса да, режиссер болу — менің көп армандарымның бірі. Бірақ, режиссураның дәмін әлі толық татпағаннан кейін бе, әзірге оған өкінбеймін. Келешектегі өмірімді де режиссурамен байланыстырамын деген жоспар жоқ емес. Сондықтан, мен бұл саламен әзірге қош айтысамын деп жүрген жоқпын.

— Әншіге танымалдылыққа ие болуы үшін не қажет?

– Кешегі кеңестік кезеңде басқаша еді. Ал, қазір Құдайдан берілген үлкен талантпен қоса, үлкен қаржы қажет. Анығырақ айтсам, бұл мәселені дәл қазіргі уақытта қаржы шешетін болды ғой. Мәселен, қалтасында ақшасы бар, дауысы жоқ, алайда бірнеше бейнебаян түсіріп «жұлдыз» болып жүргендерді де кездестіріп жүрміз. Көреген ғалымдардың өзі мұны заман талабы деп отыр. Сондықтан, таңқалудан да қалдық.

— Оқырмандарға айтар тілегіңіз қандай?

Айлардың сұлтаны – Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Азат күннің аясында еліміз бейбіт ғұмыр кешсін! Қазақстанымыз өркендеп, Шымкентіміз гүлдей жайнай берсін!

Дарынға демейді ешкім дара шаппа,

Әңгіме пайымменен, парасатта.

Ұлтыңның нағыз ұлы болам десең,

Өзіңнен ел мүддесін аласартпа!

Дұрысы өткен күннің өнеге боп,

Бұрысы сабақ болсын болашаққа! 

— Сұхбатыңызға рахмет!