Әзілкештер: «Бүгінгі қоғамға сатириктер жетіспейді»

938

1 сәуір – халықаралық күлкі күні. Ежелгі Франциядан бастау алған мереке қазіргі уақытта Қазақстанда да аталып өтіледі. Дегенмен, бүгінде біздің қоғам күлкіге қарқ болатындай шынайы әзілдерге шөліркеп жүр. Қалжыңның құны жоғалып барады. Халықтың мұндай уәжін бірқатар белгілі сатириктер мен әзіл-оспақ театрларының өкілдері осылай дейді.

Мамырбек Есбергенов – сатираны сан-сақтан іздейтін әртістердің бірі. Іздейді. Әйтеуір табады. Көптің жүзіне күлкі үйіру үшін ізденуден шармайды. Тіпті қазір авторға жүгінуді қойып, өзі де қойылымдарға қалам тартатын болған. Әзіл әлемінде 22 жылдық тәжірибесі бар Мамырбек Есбергенов көрерменді күлкіге қарқ қылуының құпиясымен бөлісті.

Мамырбек Есбергенов
Мамырбек Есбергенов

Мамырбек Есбергенов, облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының әртісі: «Күлдіруде көбінесе сценарийдегі сөздерге назар аударамын. Соған байланысты іс-қимылдарды жасаймын, шалдың, әйелдің, тіпті жан-жануарлардың тілімен сөйлеп, затқа да жан бітіруге болады. Бет-әлпет пен мимика басты орында тұрады. Тура соны көрсету үшін көздерімнен бастап сол болмысқа енемін, еңкейетін жерде еңкейіп, бұғатын жерде қолыммен бүркемеленіп бұғамын. Міне, солай.»

Әртіс образды сәтті сомдап, оқиғаны баяндауда шеберлік танытқанымен, қоғамда кей әзілдер көрермендер тарапынан сынға ұшырап жатыр.

Меруерт Бекберген, қала тұрғыны: «Мен КТК ойындарындағы кей құрамаларды айтқым келеді. Олар жұртты күлдіреміз деп қыздарға қатысты қалжыңдарды қатты айтып жібереді. Сахна деген – киелі, әртістерді көп адам көреді, сондықтан сахна мәдениетіне бағынса екен деген тілек бар.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=b7DH3UzpOYI[/youtube]

Майра Міржақыпова, қала тұрғыны: «Негізінде, «Шаншардың» кейбір ойындары ұнамайды, артық сияқты, анайы тұстары да бар. Бұрынғы «Тамаша», «Бауыржан-шоу» сияқты емес. Жастарға берер тәлім-тәрбиесі көп болатын әзілдерді қойса болады ғой.»

Көпшілік «Шаншар» театрының 7 жыл бұрынғы сахналаған қалжыңға толы қойылымдарын алып қарасақ, театрдың дүркіреп тұрған шағы да сол кезі дейді. Көрерменнің айтуынша, олар әр әзілдің астарынан ақиқат көретін. Бірақ қазір «Шаншардың» бағыты өзгерген. Ал сол уақыттардағы «Үбән» қойылымының авторы – Мұхтар Шерім. «Мұхтар күлкісі», «У сойқы», «Сыздауық» сынды белгілі әзіл-оспақ сайттарының негізін қалаған сатирик бүгінгі театрлардағы шығармашылық тоқырауды растап отыр.

Мұхтар Шерім
Мұхтар Шерім

Мұхтар Шерім, сатирик: «Театрларға авторлар жетіспейді. Мәселен, Ресейлік театрлар авторларын қайда барса да алып жүреді, тек авторлармен жұмыс жасайды. Себебі олар жаңа қойылымдармен жиі толығады. Ал бізде ондай емес. Театрлардың жетекшілері әзілді қайта-қайта өздері жазады. Қашанғы жазсын?! Бір күні осылай таусылады. Ал екінші кемшіліктері – оларда көркемдік кеңесші жоқ. Бір сөзбен айтқанда, ақылшысы жоқ. Мысалы, маған хабарласып, бір қарап беріңізші десе, мен көмегімді аямас едім. Жоға, олар өзім толдым-өзім болдым деп, шеттерінен «жұлдыз». Мейлі, жұлдыздары жарқырай қойсын, біз оған қуанымыз, бірақ лайықты жұлдыз болсын, анайы дүниелерді сахнаға шығарудан аулақ болғаны жөн.»

облыстық әзіл-сықақ және сатира театры
Облыстық әзіл-сықақ және сатира театры

Жекенің меншігіндегі болмаса да қаламыздағы білдей әзіл-ысқақ және сатира театрының көркемдік жетекшісі Мақсат Айтжанов қалжыңның құны жоғалуын қойылым авторларының аздығынан көреді. Айтуынша, қазіргі қоғам сұранысына ие қызықты еңбектер жоқ, сондықтан әзірге театр қойылымдарын әртістердің өздері жазып жүр. Тіпті кейде шетелдік шығармаларға «ауыз салатын» көрінеді.

Мақсат Айтжанов
Мақсат Айтжанов

Мақсат Айтжанов, облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының көркемдік жетекшісі: «Біз солай жасауға мәжбүрміз. Қазіргі уақытта біздің театрдың қоржынында өзбек, ағылшын, орыс, қырғыз драматургиялары бар. Оларды амалдың жоғынан алуға тура келіп тұр. Енді осылай әрі қарай жалғасатын болса, бізде бір күні таусыламыз.»

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы өз заманында ойынның арзан, күлкінің құны қымбат екенін айтқан. Ендеше, арзан дүниеге бой алдырып, күлкінің құнын жоғалтып алмайық!