Өнер әлемінде өз қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген Қайрат Нұртастың әндерін еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін құлақ түріп тыңдайды десек қателеспейтін шығармыз. Жас әнші енді өзінің шеберлігін кино саласында да сынап көрмек.
Фильм Қайраттың сахнада жүргеніне 5-жыл толуына орай арнайы түсіріліп отыр. Бұл фильмде Қайраттың осы кезге дейін жүріп өткен өмір жолы мен шығармашылық өрлеу жолы баяндалатын болады. Іріктеу өтіп, киноға түсетін әртістердің есімдері белгілі болды.
Біздің облысымыздың мақтанышы, әнші, Құрманай Бақтиярқызына да рөл бұйырыпты. Ол әншінің әпкесі болып ойнайды. Киноның барысы туралы Құрманай Бақтиярқызын сөзге тартқанымызда:
«Алматыға барып, киноның түсіріліміне қатысып қайттым. Өзіме берілген рөлді өз дәрежесінде ойнап шықтым деп ойлаймын. Біраз уақыт бұрын «Адасу» деген фильмде адасқан баланың анасының рөлін сомдағанмын. Сондықтан да түсірілім барысында айтарлықтай қиындықтарға кезіге қойған жоқпын» деп ағынан жарылды.
Ал Қайраттың анасы әрі продюсері Гүлзира Үсенқызы фильм жарыққа шыққанша оның барысы туралы ашып ешнәрсе айта алмайтынын ашық айтты:
«Қазір түсірілім жұмыстары жүріп жатыр. Бәрі аяқталғанша құпия санағанды жөн санап отырмыз».
Ендеше, аз уақыт күтейік! Отандық киноөндіріске тың туынды болып қосылады деп сенейік!