Шымкенттік «ZHEZDUHA» үлкен экранға жол тартты

Шымкентте «Миллион» командасының жобасы – «Жездуха» кинофильмінің премьерасы өтті. Жабық көрсетілімге шымкенттік жігіттердің жақындары жиналды. Сериалдан үлкен экранға жол тартқан команда фильм түсіру барысында қандай қиындықтарға тап болды? Кино қанщдай жанрда және не туралы болады?

«Әпше, жезде, балдыз бен қайны дегенде тек шымкенттердің ғана емес, қазақстандықтардың бірден ойына оралатын туынды – «ЖЕЗДУХА» сериалы. Отбасының, туған өлкенің, мейірімділік пен бауырмалдықтың мәні мен қадір-қасиетін күлдіре отырып жеткізе білетін сериалдың авторлары үлкен экранға аяқ басты.

«Еңбексіз ештеңе келмейді ғой, балалар енді бастап жатыр. Мен ойлаймын, Құдай қаласа, халықтың көңілінен шығады деп. Қателіктері болса, болашақта жөндейді. Балаларға Алла Тағала ынтымағын берсін! Қазақ еліне тағы бір кино келіп жатыр. «Миллион» командасына сәттілік тілеймін! Құдай қаласа халық жақсы қабылдасын! Тоқтап қалмай, жалғастыра беріңдер, халық сендерді жақсы көреді!«,- деді актер Әбунасыр Серіков.

Миллион командасының жобасы – «Жездуха» кинофильмінің түсірілімі өткен жылдың күзінде өтті. Үлкен команда түсірілімнің 30 пайызын шырайлы Шымқалада өткізсе, басым бөлігін түсіру үшін елдің солтүстігіне аттанған. Миллиондық жігіттер 178 млн теңге қаржы жұмсалған кинода ел үшін маңызы бар көптеген тақырыптың қозғалатынын айтты.

«Қазақтың қасиеті тілі тақырыбы көтеріледі, ата-ана туралы, тұрмыстық жағдай, ағайындардың қарым-қатынасы, ынтымақ-бірлік туралы барлық тақырыпты қамтығанбыз. 178 млн кетті фильмге, ақшаны аяған жоқпыз. Қолдайтын ағалар болды шүкір», – дейді  «Million» командасының мүшесі Қанат Тасхан.

Сериалда Айжамал рөлін сомдап келген Мақсат Бөбей фильмде әйелдің рөлін соңғы рет ойнайтынын жеткізді.

«Бұл фильмде сериалдың жалғасы болады. Айжамалды соңғы рет ойнаймын, сонымен бітеді», – деді Мақсат Бөбей.

13 ақпан күні «Жездуха» толықметржды кинофильмінің жабық көрсетілімі өтті. Дегенмен тұсаукесерге жиналған халықтың қарасы көп болды. Ал фильмде көптеген тәжірибелі актерлер де бой көрсетіпті.

«Миллион» командасы егер кино көрерменнің жүрегінен жол тауып жатса, жалғасы болуы мүмкін екенін де айтып қалды. Сондай-ақ, алдағы уақытта ютуб желіснде жездуханың орнын басатын басқа сериал да шығатынын жеткізді. Ал қазақстандықтар «Жездуха» фильмін 15 ақпаннан бастап барлық кинотеатрлардан тамашалай алады!