Қазақтың хандары мен батырларының есімі қайта жаңғырды

3189
Түркістан қаласы

Түркістан қаласындағы Алматы аллеясында қазақтың хандары, сұлтандары, абыз-әулиелері, билері мен батырларының есімдері жазылған ескерткіш тақтасы ашылды.

ХV ғасырдың аяғында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі билік иелерінің пантеонына айналып, Дешті Қыпшақтың әйгілі хандары мен ханымдары жерленеді. Мұнда Дешті Қыпшақ ханы Әбілхайырдың әйелі, атақты Ұлықбектің қызы Рабия Сұлтан Бегім және Әбілхайыр ханның шөберелері Құл Мұхаммед сұлтан мен Мастура-хатунның жерленгендігі белгілі. Бұдан кейін мұнда қайтыс болған қазақ хандары мен сұлтандары, ханшалары қойыла бастады. Қазақ ханы Жәнібектің қызы Аманбике, белгілі тарихшы Қадырғали Жалайыри, Шығай ханның баласы Ұзыноқты Ондан сұлтанның сүйектері осында қойылған. ХVІ ғасырдың соңында Түркістан аймағы Қазақ хандығының құрамына толық өтіп, қала хандықтың астанасына айналды.

XVII ғасырдың басынан қазақ хандары мен олардың жанұя мүшелері, батырлар мен билер кесенеден мәңгі жай тапты. Бұл кезеңде Есім хан (1628 ж), Жәңгір хан (1652 ж), Ондан сұлтан мен оның ұлы Қайнар-Күшек жерленсе, XVIII ғасырда Тәуке хан (1715 ж), Болат хан, Абылай хан (1780 ж), Ұлы жүз ханы Жолбарыс (1740 ж), Орта жүз хандары Семеке мен Әбілмәмбет және оның ұлы сұлтан Әбілпейіс осында жерленді. Сонымен бірге Орта жүздің биі Қаздауысты Қазыбек би, қанжығалы Бөгенбай батыр да осында қойылған.

Жалпы Ахмет Ясауи кесенесінде 25 қазақ хан-сұлтандары, 26 би-абыздар мен 49 батыры және 61 игі жақсылары жерленді. Кесене маңындағы арнайы даярланған мазарларда хан сүйектері жерленіп, кейіннен мазарлар қиратылған соң, басына қойылған құлпытастар кесене ішіне қайта қойылды. Жыр дастандарда қазақ хандары, біртуар азаматтары мен игі жақсыларың Түркістанға Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесінің маңына алып келіп жерлегендігі туралы айтылады. Сондықтан казіргі таңда кесенеде 162 адам жерленгендігі белгілі болып отырса алдағы уақытта бұл тізім толыға береді деген сөз.

Бүгінгі таңда ескерткіш тақта қазақтың хандарымен батырлардың және билердің тарихтағы есімдерін қайта жаңғыртып, келешек ұрпаққа аманат ету екен.