Кешегі апта соңына қарай облыс әкімі Асқар Мырзахметов Сайрам ауданында болды. Басты мақсат — ауданның жетістігін жіпке тізу емес, қайта түйіні тарқатылмай тұрған мәселелерді шешіп, келесі жылдың бюджетіне енетін жобаларды көзбен көріп қайту болатын.
Ауданның қазіргі экономикалық көрсекіштері тәп-тәуір. 2011 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда жалпы өңірлік өнім көлемі 105.0%-ға, өнеркәсіп 112. 2, ауылшаруашылығынан түсетін өнім 100. 6%-ға өскен.
Сайрамда бірнеше тындырымды тірліктер қолға алыныпты. Сондай ілкімді жобалардың бірі «Сайрам — Сүт» ЖШС-і. Бұл серіктестік күніне 5 тонна сүт өндіреді екен. Онда 26 түрлі сүт өнімі шығарылады. «Сайрам — Сүт» ЖШС-і директоры Ержігіт Шәріпбековтің айтуынша, шығарып жатқан өнімдер «Фудмастерге» қарағанда 20-30%-ға арзан. Бұл қарапайым халықтың қалтасына қонымды. Бүгінгі күні 43 адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестік болашақта елді балмұздақпен, басқа да өнім түрлерімен қамтамасыз етпек. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірлесіп, біз осындай болашағы бар жобаларға қаржы салуымыз керек», – деді облыс басшысы.
Облыс басшысы бұдан кейін «Манкент-Агро» ЖШС-не атбасын бұрды. Бұл серіктестік 2008 жылы құрылған. Жер көлемі 7450 га. Оның 2400 га. суармалы жер болса, 700 га. бау-бақша, 300 га. жүзім, ал қалған жерге көкөніс егілген көрінеді. Мұнда 5 түрлі жаздық, күздік картоп, қызанақ, пияз және 2 түрлі орамжапырақ өсіріледі. Піскен өнім Қарағанды, Астана қалаларына жіберіледі. Жердің қуаңшылығына байланысты былтырғыға қарағанда биыл азырақ өнім алыныпты. Мысалы, өткен жылы 50-55 тонна орамжапырақ алынса, биыл 40-45 тонна алынады деп күтілуде. Бірақ биыл көкөніс бағасы айтарлықтай қымбатқа сатылуда. Мәселен, былтыр 20-25 теңгеге сатылған пияз, 50-55 теңгеге көтеріліп кеткен. Серіктестік қожайыны Батырбек Анарметов облыс әкіміне биыл тыңайтқышты жеткізе алмай қиналғандарын айтты. Сондай-ақ, жаңа, заманауи техника құралдарының да қажеттілігін атап өтті.
Ал аудандағы кәріз жүйесінің құрылысы қаржы тапшылығына байланысты таяу арада аяқталмайын деп тұр. Оған әлі 28 млн. теңге қосымша қаржы керек. Кезінде кәріз жүйесіне тапсырыс болған. Сол жобаға қатысты адамдардың бәрі қолын қойып, мөрін басқанымен, жоба кезінде көп жұмыстар ескерілмей қалған. Бөлінген қаржы таусылыпты, енді тағы да бюджетке алақандарын жаюға тура келеді. Бұл мәселені облыс әкімі келесі жылға қалдырмай шешіп беруге уәдесін берді. «Ауданның экономикасына қандай жоба керек болса, сол төңіректе жұмыс істеуіміз керек» деген облыс басшысы Асқар Мырзахметов Сайрамда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Әйгерім БЕГІМБЕТ