Әкімдерді жалған есеп жарға тіреді

Соңғы оншақты жылдың көлемінде мемлекеттің халық игілігі үшін жасап жатқан ауқымды шараларын атап өтпеу мүмкін емес. Жер-жерлерде салынып жатқан мектеп, ауруханалар, ашылып жатқан жұмыс орындары, агросекторды дамытуға бағытталған кең көлемді несие беру секілді жүйелі жұмыстар тікелей Елбасының бастамасымен қолға алынған. Мұны жүзеге асыру бірінші кезекте жергілікті әкімдіктердің мойнына артылған жүк екені де белгілі. Дегенмен, қолмен қойылғандай етіп тап-тұйнақтай жасалған, анық-қанығы зерттеліп, зерделенген жобаларды ары қарай алып кету кейбір әкімдіктер мен тиісті мекемелер үшін қиынның қиыны секілді. Олай деуіміздің себебі, ОҚО-да кеуделі жобаларды жүзеге асыру барысында неше түрлі кемшіліктер мен аяқталмай қалған шаруалар көзге ұрып тұр. Оны біз емес, өңірді басқарып отырған Асқар Мырзахметов байқаған.

Көшбасшы партиямыз «Нұр Отан» ХДП-ның облыстағы филиалының төрағасы болып табылатын Асекең жыл басында партия өкілдеріне мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын тексеруді тапсырған. Тексерудің нәтижесінде санынан жаңылатын кемшіліктер табылған. Мұны аудан әкімдерінің жыл сайынғы есеп беруінде облыс басшысы үстелді тоқпақтамаса да көңілі толмай зілдене сынға алды. Кейбір аудан әкімдерінің маңызды мемлекеттік істерді атқаруда жүрдім-бардым қарайтын жалқаулығын, бастамашылдықтарының жоқтығын, мәселені жылдам шешіп тастайтын қарқыннан ада екендігін айтты. Расымен де кейбір жергілікті әкім-қаралардың есеп беріп, лента қиюдан әрі аса алмайтын тірліктеріне қарның ашатын кездер аз емес. Облыс басшысының айтпағы да осы еді.

Сонымен аудан әкімдері неден тұтылды дейсіз ғой. Онда тыңдаңыз. Облыс әкімі мен орынбасарлары есеп беру жиынында мәлімдегеніндей, Бәйдібек ауданында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес 3 жоба енгізу ұсынылса, осы кезге дейін оның тек біреуі ғана мақұлданғаны анықталды. Сондай-ақ, облыс бойынша биылғы жылы 1000 адамға несие берілу көзделген-ді, ал Бәйдібектен несие алуға бірде-бір өтініш түспеген. Арыс қаласында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 12 жоба ұсыну қажет болса, оның біреуі ғана мақұлданған. Отырар, Шардара аудандары мен Арыс қаласы бойынша индустрияландыру картасына бар-жоғы бір-бірден ғана жоба еніпті. Кентау қаласында ол да жоқ. Мақтарал ауданының әкімі болса, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің 400 млн. теңге жалақысын басқа мақсатқа жұмсап жіберіпті. Түлкібаста жылыжай салу жоспары небәрі 2,5%-ға орындалып, 10 гектарға жоспарланған жылыжай құрылысы тек 25 соттық жерге ғана салынған. Отырарда да дәл осындай жағдай. Мақтаралда миллиондаған мемлекет қаржысы игерілмей қалған.

А. Мырзахметовтың тапсырмасымен облыс көлемінде 2009-2011 жылдары мемлекеттік бағдарламамен салынған құрылыс нысандарының сапасына да тексеру жүргізілген. Кемшіліктер шаш етектен. Мысалы, Мақтарал ауданына қарасты Қызылқұм ауыл округі, Еңбекші ауылындағы 900 орынды «Қызылқұм» орта мектебі пайдалануға берілген болатын. 1 млрд. 39.8 млн. теңге мемлекет қаржысы шығындалған бұл ғимараттың сыртқы әрлеу жұмыстары сапасыз жүргізіліп, шатырындағы су ағарлары шіріп кеткен. Жауынды күндері жертөлесі суға толып, соның салдарынан қабырға сылақтары түсіп, есіктері жарамсыз халге жеткен. Едендеріне ленолеум толық төселмей, кейбір блогтарындағы кафель төсемелері жарамсыз халге жетіпті. Сондай-ақ, қыс мезгілінде мектеп ғимаратын тиісті дәрежеде жылытуға осындағы қазандықтардың қуаты жетпейтіндігі анықталған. Яғни, сапасыз, арзанқол қазандықтар орнатыла салған. Осы Мақтарал ауданына қарайтын Иіржар ауылдық округі, Алаш ауылындағы фельдшерлік, акушерлік пункті құрылысы сапасыз салынғаны соншалық, қазіргі таңда апатты деп танылып, жұмыс істеуін тоқтатқан. Аудан прокурорлары тексеріс жүргізе келе 2.6 млн. теңгенің жұмысы атқарылмағанын анықтап беріпті.

Мақтаралдағы жалған есептің бірі халықты таза ауызсумен қамту ісі бойынша жасалған. Аудандық ТҮКШ бөлімінің берген мәліметінде 13 елді мекен 24 сағат бойы таза ауызсумен қамтамасыз етіледі делінсе, «нұротандықтардың» тексерісі нәтижесінде 2 елді мекен ғана тәулік бойы сумен қамтылып келген.
Кентау қаласындағы жағдай бұдан да сорақы. Мұндағы Ататүрік атындағы № 4 мектеп 2010 жылы 18 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өтіпті. Сапасыз салынғаны соншалық, жыл өтпей шатырынан су кетіп, мектеп ұжымы өз күштерімен су кеткен сыныптарды әктеп, шатырды бекіткен. Кепілдік мерзіміне сай ақауларды жөндету үшін мердігер мекемені іздегендерімен келісімшартта көрсетілген мекенжайдан табылмапты. Қашып кеткен көрінеді. Осы жағдай бойынша ОҚО экономикалық сотына арыз жолданыпты.

Кентаулықтар сонымен бірге ауызсудың рахатын толық көре алмай отыр екен. 2009 жылдан бері «Таза су» бағдарламасы аясында су жүйелерін ауыс-тыру жұмыстары жүргізіле бастағанымен, 3 жыл өтсе де толық аяқталмапты. Соның кесірінен тұрғындар ескі трубалармен келетін суды ішуге мәжбүр. Оның өзі әбден ескіріп, трубалар шіріп, тесілгендіктен су жолшыбай қысымы азайып, тәулік бойы емес, уақытпен берілетін жағдайға жеткен. Ал Ащысай ауылында тұрғындар коммуналдық меншіктегі «Ащысайсу» ММ электр энергиясына қарыз боп қалса керек. Тұрғындарға тәулігіне 4 сағатқа ғана су беріліп, кейбір көшелерінде су мүлде тоқтап қалған.
Қазығұрт ауданында да келеңсіз жағдайлар шаш етектен. Ауданға қарасты «Ащы-Қарабау» су каналы жүйесі 2010 жылы пайдалануға берілген-ді. Алайда, бүгінгі таңда канал жүйесіндегі су жинағыш бөгет (дамба) құрылыс-монтаж жұмысының сапасыздығынан суға шайылып, жарамсыз болып қалған. Сондай-ақ, Шарбұлақ округіндегі Шарбұлақ ауылдық емханасының жағдайы мәз емес. 2010 жылы пайдалануға берілген емхананың бөлмеаралық қабырғалары жарылып, іргетасы мүжіліп, отырып қалғаны анықталды. Мердігер мекеме қайта жөндеу жұмыстарын жүргізсе де сапасыз болған себепті кемшіліктер сол күйі жойылмаған.

Ордабасы ауданы, Бөген ауылындағы ауызсу құрылысын «Жас Отан» ЖШС-і қолға алған екен. Құрылыстың сапасы сын көтермейтінін айтпағанның өзінде, мердігер фирма жұмысты аяқтамастан жоқ болған. Биыл ғана әупірімдеп жалғастыра бастапты. Ауыл тұрғындары болса ауызсусыз отыр. Ауданға қарасты Төрткөл ауылында 2010-2011 жылдары тартылған ауызсу құбыры әр жерінен жарылып, тұрғындарға су толық жетпеген. Үш жыл бойы сиырқұйымшақтанып созылып кеткен бұл құрылысқа биыл қосымша тағы да қаражат бөлініп, жұмысты жүргізуге басқа мердігер тартылыпты.

«Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Мамытбековтың есеп беру жиындарында жасаған хабарламасына сүйенсек, Шардара ауданы, Жаушықұм ауылындағы 660 отынды орта мектептің, Айдарқұл ауылындағы 60 орындық Көксу бастауыш мектебінің, Қазақстан, Ұзын ата ауылдарындағы канал құрылысының, Қазығұрт ауданы, Шақпақ ауылының бастауыш мектебі, Тұрбат ауылындағы жол, Шарбұлақ ауылындағы емхана құрылыстарының, Арыс қаласының Задария ауылындағы 250 орындық бастауыш мектеп, Дермене ауылдық дәрігерлік амбулатория құрылысының сапасы сын көтермейді екен. Жауапсыз, қашып-пышқан мердігерлердің кесірінен көп жағдайларда бюджеттен артық қаржы бөлініп, қайтадан жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Мұның бәрі «Нұр Отанның» анықтағандары. Осыдан кейін мектеп пен емхана құрылысының сапасы, ауызсу, жол мәселесі, басқа да мемлекеттік бағдарламалар тек қана «Нұр Отанға» керек болғаны ма деген ой келеді. Аудан әкімдері мәселенің басы-қасында жүріп осыншама олқылықтарды қалай жіберіп қойды екен деп тағы ойланамыз. Көріп-біле тұра, дер кезінде әрекет етпей, жау кеткен соң қылышын тасқа шабатын әкімдердің әрекеті күлкі шақырады. Шыдамдылық танытқан Асекең ер екен дестік. Әйтпесе, осыншама қателіктерді кешіре салу оңай емес болуы керек еді. Бірақ облыстың бірінші басшысы көз алартудан, бір-екеуінің орынын алмастырудан әріге бара қоймады. Бұрын бірнеше аудан әкімінің орынбасары болған, облыстық әкімдікте жауапты қызмет атқарған Сейіт Ертайды Арыс қаласының әкімі, Қамытбек Айтөреев есімді азаматты Шардара ауданының әкімі етіп ауыстырды. Мүмкін ойланар, бұдан кейін қателік жібермеуге тырысар деді ме кім білсін, қатаң жазаға ешкім тартыла қойған жоқ. Көзге ұрып тұрған кемшіліктерді жасырғысы келіп, жалған есеп берген аудан, қала әкімдерінің өтірігі осылайша қалың елдің алдында жария болып қалды. Сасқан үйрек артымен сүңгидінің кебін киген әкім-қаралар жазадан құтылғандарына қуанып, жылдың соңына дейін кеткен кемшіліктің бәрін тас- тай қылып бітіруге уәделерін үйіп-төгіп тарасты.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Тілші түйіні:
Жылдың соңы да алыс емес. Облыс әкімі алдында есеп берген кейбір аудан басшылары 3 жылда атқара алмаған шаруасын қалған 3-4 айда бітіре қояды дегенге сену қиын. Уәде Құдайдың сөзі екенін ұмытпаса дейміз. Сондықтан да қызметінен босатылып жатса, «жұмысты жандандыра алмағаным үшін» деп түсінгені тәуір.