«Өлтіріңдерші» дейтіндер көбейіп кетті

Адам бар жерде ауру, ауру бар жерде ауыр өлім болмай тұрмайды. Кейде айықпас дертке шалдыққан науқастардың өмірден безініп, Алладан жылдам өлім сұрап, «о дүниеге ертерек алып кетші» деп жаратқанға жалынатыны жасырын емес. Пенде болған соң барлығымыздың да әйтеуір бір күні арғы жаққа сапар шегетініміз өтірік емес қой. Дегенмен, мына жалған өмірге жылап келетін адамзат баласы о дүниеге қиналмай кеткісі келетіні рас. Соңғы жылдары батыс елдерінде әлгіндей жазылмайтын ауыр науқасқа шалдыққандарды өз өтініші бойынша қиналмай о дүниелік ететін тәсіл кеңінен қолданыла бастаған. Ғылым тілінде оны – эвтаназия деп атайды.

Көптеген дәстүрлі, дәстүрлі емес діни түсінік бойынша өзін-өзі өлтіру күнә деп есептелінгенімен, жазылмайтыны белгілі болған, төсек тартып, жаны да тәні де азап шегіп жатқан саналы адамның өлім өтініші бір қарағанда орынды секілді көрінетіндей. Онсыз да өмірден үміті қалмаған, жан шыдатпас аурудың зардабын тартып, өлім сағатын күтіп жатқан науқас осындай шешім қабылдап жатса не істегеніміз абзал? Жалпы, әлем осы мәселеге қатысты шуласып жатқан тұста біздің қоғамда бұл тақырып мүлде көтерілмей тұр. Басына түскен баспақшыл демекші, ауыр науқасқа шалдықпайынша бұл туралы ойламақ емеспіз бе?

Осыдан екі жыл бұрын көрші үйдегі әжей аты жаман науқасқа шалдығып, дәрігерлер енді адам болмайды деген-ді. Көрші тұрған соң қазақылықпен аралас-құралас күн кешіп келе жатқан әжейдің табан астында асқазанын алдыртып тастағаны біздің де жанымызға батты. Жанын қоярға жер таппай қиналып жатқан анасына қандай жәрдем көрсетерін білмей құрақ ұшқан дәрменсіз бала-шағасының көз жасы көл болды. Байғұс кемпірдің халін сұрап анда-санда кіріп шығамыз. Кірген сайын науқас кейуананың «е Алла, мына балаларды әбден қинадым-ау, берген жаныңды қинамай ала гөрші, ертерек ала гөр!» деп жалбарынған күбір-күбір дауысын естіп, сұмдық жанымыз тітіркеніп жүрді. Біздің қолдан «Құдай есіркесін» дегеннен өзге не келсін.

7 ай бойы төсек тартып, есірткі аралас ауру сездіртпейтін дәрілердің арқасында әупіріммен аман жатты. Әжей қатты қинала бастағанда анасына жаны ашыған баласының бірі «жанын қиналтпай әкететін дәрі бар ма екен өзі, қатты қиналды-ау» деп қайғыра жылағанын көзіміз көрді. Ертерек құтылу емес, бейшара халдегі анасының жанын қайтсем жай таптыртам деген перзенттік жаны ашу екенін кім сезбеді дейсіз. Науқастың тамыр-тамырын қуалап, жұлынға тіреліп, миға өткен атың өшкір обыр әжейдің ғұмырын ақыры жалмап тынды. Дәрігерлер болжаған мерзімнен бірнеше апта ғана асып барып дүние салды.

Осыны көріп өлімнің оңай емес екенін жас көңіліміз түйсінгендей болды. Құдай бетін аулақ қылсын, алда-жалда осылай аты жаман, жазылмайтын науқасқа душар бола қалсақ, көрші әжей секілді қиналамыз-ау деген ой санадан шықпай қойды. Бүйтіп сүрген өмірі құрысын десек те шыбын жан тәтті-ақ. Кімнің қиналғысы келеді дейсіз.

Десек те, әлем елдері мен дәрігерлер қауымы өзін-өзі өлтіруге өтініш білдіру мәселесіне келгенде түрлі пікірде қалып отыр. Бірі бұл діни тұрғыда дұрыс емес, адамның жанын алу Құдайдың ғана еркімен болатын нәрсе десе, енді бірі жазылмайтыны белгілі болған, күні таянған науқастардың өз өтінішімен өмірден кеткісі келетінін қолдап, заңдастырып та қойған.

Эвтаназияны қолданысқа енгізуде Нидерланды мемлекеті ең алғашқылардың бірі болып табылады. Бұл елдің Жоғарғы Соты мұны тиімді тәсіл деп таныған. Ал, Бельгияда эвтаназия 2002 жылы заңдастырылып, 200 ге жуық өлім аузындағы науқастардың қиналмай өмірімен қош айтысуына көмектескен. Ал 2004 жылы осы тәсілді өзіне қолданғандардың саны 360-қа жетіпті. АҚШ-тағы Калифорния штатының жоғарғы соты сонау 1976 жылы өмірді уақытша соза тұратын ем-дом жасауды шектейтін заң шығарып қойса керек. Мұны АҚШ-тың басқа да штаттары дұрыс көріп, өз жерлерінде де қолданысқа енгізіпті. Бүгіндері эвтаназия әдісі Құрама Штаттарында кең қолданысқа ие бола бастаған. Бірақ аталмыш заң бойынша науқас комаға түскенде, не болмаса операция барысында жүрегі тоқтап, клиникалық өлімге душар бола қалса, науқастың алдын ала жасаған өз шешімі бойынша одан әрі өмірін уақытша ұзарта тұратын реанимациялық тәсілдер тоқтатылады. Мұндай «жеңіл өлімге» қол жеткізетін заң, тіпті, Қытайда да қабылданған көрінеді. Әйтсе де, өз өтініші бойынша дозасы еселенген ұйықтататын дәрі немесе басқа да бір өмірді тоқтататын ине егуге АҚШ заңы бойынша қатаң қарсылық бар. Германияда да солай. Ешкімді өз өтінішімен болса да өмірін қиюға болмайды.

Ал енді бұған шетел дәрігерлерінің көзқарасы қандай? Француз дәрігерлерінің үштен екісі жаны қиналыста жатқан, жазылуы мүмкін емес науқастарға қатысты эвтаназия әдісін қолдануды қолдайды екен. Көршіміз Ресейде бұл тәсілге заңбұзушылық ретінде қарайды. Тіпті, қылмыстық жауапкершілікке тарып, әдейі кісі өлтірді деген айып тағып, дәрігерді абақтыға тоғыту да көзделген. Жалпы, орыс дәрігерлері де эвтаназияны қолдануды құп көрмейді. Моральдық жағынан дұрыс емес деп топшылайды.

Пікірлердің, заңдардың саналуандығына қарамастан эвтаназияны насихаттау жұмыстары әлемде толастамай отыр. Оны жақтаушылардың алға тартатыны «адам өмірі тек денсаулығы толыққанды өмір сүруге жарағанда ғана мағыналы, өлімші халде қиналып жатқанша бір екі апта немесе бір-екі ай бұрын өз өтінішімен өмірден ертерек кеткені науқас үшін тиімді болмақ. Біз олардың қиналысын түсінуіміз керек, және қиналмай ертерек жан тапсыруына жәрдемдесуіміз шарт» дегенге саяды. Қарсы жақ болса «Ол дегеніміз өзін-өзі өлтіру. Қылмыс.

Адамның дені сау кезде ғана өмірі мағыналы қалған кезде түкке тұрмайды деу, сол арқылы өмірден өз еркімен кетуіне жол беру моральдық тұрғыдан жаңсақтық. Тіпт,і адам есін білмей, былайша айтқанда өсімдік тәрізді халде жатса да басқалар үшін оның сол жатқанының өзі үлкен мәнге ие болуы мүмкін. Туыстары үшін жақынының ес-түссіз жатқанының өзі жандарына демеу емес пе? Діни ұстаным бойынша да өзін-өзі өлтірген адам кешірілмес күнә жасағаны»,-деген пікірде.

Ал енді алысқа бармай-ақ өз еліміздегі жағдайға келсек, Қазақстанда эвтаназияны қолдануға қатысты не қарсы, не жақтайтын заң жоқ. Тіпті, бұл мәселе мемлекеттік деңгейде ауызға да алынбаған көрінеді. Ауру Алланың ісі дейтін қазекем әу бастан Әзірейіл қашан келіп жанын алып кеткенше күтуге әзір. Бір шетінен дініміз де, салтымыз да, дүниетанымымыз да бұған қарсы. Жалған дүниеге келген соң сау болсаң да ауру болсаң да Алланың берген өмірін сүруге хақылысың. Исламның шарты бойынша ауыр дертті де жеңіл дертті де Алла тағала сынақ үшін жібереді. Жан шыдатпас дерт арқылы бұ дүниедегі кейбір күнәларыңнан тазаруың да мүмкін. Асыл дініміздің осы бір қағидаттарын қатаң ұстанатын ұлтымыз эвтаназияңа аса мән бермеуінің де бір сыры осында жатқан секілді. Дегенмен, пенде шіркіннің өмірі қыл үстіне шыққанда жанын қоярға жер таппай, есін алған аурудан ертерек құтылғысы келіп, безектейтінін қайтып жасырарсың.

Адамның бәрі шетінен төзімді емес. Бүйтіп масыл болғанша жанымды қинамай ертерек кетсем екен ана жаққа дейтіндердің болатыны да рас қой.

Қайткен күнде де адамзат өркениеті демократиялық жолды қалап, жеке адамның таңдау құқығы бірінші кезекке шығып отырған қазіргідей жаңарған заманда, әлеуметтің ақыл есі толысып, мәселені қоғам болып шеше алатын тұста бұл тақырыпты да халықтың талқысына тастағанды дұрыс көріп отырмыз. Себебі әлем бұған бей-жай қарап отырған жоқ. Адамның өмірі сөз етілгенде кез келген нәрсені ақылмен таразылап, кей кезде таңдау құқығын жеке адамның өзіне қалдырғанның да айыбы жоқ секілді. Әркімнің өз өміріне өзі ғана жауапты екенін де естен шығармаған абзал.

Саят ЖҰМАҒҰЛОВ

Марат Пашимов, облыстық клиникалық ауруханасының анестезиологы: «Қазіргі медицинада эвтаназияны қолданудың екі әдісі бар. Біріншісі, дәрігердің қатысуымен, яғни емделушінің өз рұқсатымен оған әртүрлі улы дәрілерді егу. Ескеретін жайт, мұндай жағдайда емделуші түбі өлімге апаратын бейдауа дертке шалдыққан болу керек. Екіншісінде, дәрігер қатыспайды. Бұл тәсілді қолданған кезде де емделушінің пікірі ескеріледі. Соңғысында науқастың өмірін ұзарту мақсатында ешқандай ем-дом жасалмайды. Алайда кез келген науқастың медикаментозды өлімнен бас тартуына хақысы баp. Өз практикамда мұндай жағдайға куә болған жоқпын. себебі біздің елде мұндай өлім заңмен қарастырылмаған».

Талғат Әсембай, «Әл-Біләл» мешітінің имамы: «Шаpиғат заңында адам өлтіpуге, өзін-өзі өлтіpуге қатаң түpде тиым салынған. Адам өміpі ислам дінінде басты құндылық болып табылады. Алла тағала Құpанда Қабылдың өз інісі Абылды өлтіpуіне байланысты былай дейді: «Алла аpам еткен кісіні өлтіpмеңдеp!» (Ісpа, 33), «Және де Алла аpам еткен кісіні өлтіpмеңдеp, жазықты болса ғана болады. Сендеpге осылаpды Алла әміp етті. Адамды жаpатушы Алла тағала, оның жанымен қатаp тәнінің де де иесі болып табылады, сондай-ақ оның өмірін де Ол белгілемек. Адамның өз өміpін қиюға әpекеттенуі исламда өте ауыp қылмыс, үлкен күнә. Деpтке ұшыpаған адам шипасын Алладан үміт етіп, ауpуына қатысты емделуі кажет. Себебі Алла әрбір дертпен қоса оның шипасын да жаратты және сендердің әрбіреуіңде денелеріңнің ақысы бар», – деген хадисі дәлел. Шаpиғатта жақсылықтың да, жамандықтың да біp Алланың әміpімен болатыны айтылады. Адам ауpуды тек Жаpатқанның жазасы деп қана қабылдамай, оның екінші жағының да баp екенін есте ұстауы және нәтижесінің қайыpлы болуын да Алладан ғана үміт еткені жөн».