Қазақстанның Ұлттық банкі 31-тамыздан бастап 1993 және 1994 жылы шығарылған 200 және 500 теңгелік банкноттарды қабылдау мен ауыстыруды тоқтатады. Бұл ҚР Ұлттық Банкі басшылығының 2000 жылғы 20-шілдедегі № 300 «Айналымдағы жүрген Қазақстан Республикасы ұлттық валюта ақша үлгілерін айырбастау туралы» шешіміне сәйкес болып отыр. Банкноттар жоғарыда көрсетілген мерзімге дейін ғана заңды төлем құжаты болып табылады. Одан кейін заңдық тұрғыда төлем құжаты болудан қалады. Аталған үлгідегі банкноттар 2012 жылдың 31-тамызына дейін (қоса) қабылданады және түпнұсқасы расталғаннан кейін қолданыстағы ұлттық валюта ақша белгілеріне айырбасталады. Екінші деңгейдегі банктер тек одан әрі Ұлттық Банкке сараптамаға жіберу үшін банкноталарды қабылдайды.