ОҚО прокуратурасы органдары әлеуметтік–экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бағытында үстіміздегі жылдың алты айында елеулі жұмыстар жүргізді. Әсіресе, жер заңнамаларының сақталуы бағытында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында, кәсіпкерлік субъектілер құқықтарын қорғау заңнамалары бойынша, азаматтардың еңбек құқығын қорғау, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау мәселесінде, табиғатты қорғау заңдылықтарының қолданылуына қатысты атқарылған істері көп.
Жер дауы маңыздылығын жойған жоқ
«Миллион тұрғыны бар қалаға жер заңнамасын бұзбастан» жобасын жүзеге асыру барысында атқарылған іс-шаралар аясында жер учаскілерін заңсыз, өз еркінше иеленіп, заңдастыру фактілері анықталған, аукционсыз және конкурссыз заңсыз алаңдарды саяжай құрылыстарына беру, ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді беру үшін өткізілген конкурстар барысында заңсыздықтар, жерді тиімді пайдаланбау фактілері кездесті. Прокуратура органдары қабылдаған шаралар негізінде 906 заңсыз акті, 375 гектар көлеміндегі жер телімі мемлекетке қайтарылды, 56 тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды, сот шешімімен 30 талап-арыз қанағаттандырылып, нәтижесінде 12,6 млн. теңге оның ішінде 6,6 млн. теңге бюджет есебіне қайтарылды.
Жемқорлыққа қатысы барлар анықталды
Мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске қабылданған іс-шаралар қолданылғанымен алдын алу шаралары жеткіліксіз болып отыр. Мысалы, Қазығұрт ауданы прокуратурасы Шарапхана ауылдық округінде орналасқан «Бұлбұл» каналының жұмыс жағдайын тексеру барысында нақты атқарылған жалпы жобалау жұмыстарының айырмашылығы 3,8 млн. теңгені құраған. Бүгінде кінәлілердің үстінен ҚР ҚК-нің бірнеше бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Бұдан бөлек, «Табиғат қорғау» мемлекеттік мекемесінің лауазымды қызметкері өкілеттігін теріс пайдаланып, ресми құжаттарға жалған мәліметтер енгізіп, 3 млн. теңге көлемінде мемлекет қаржысын талан-таражға салған. Бүгінде ол азаматтардың үстінен ҚР ҚК-нің 176- бабының талаптарына сай қылмыстық іс қозғалған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жағдайына шара қолданбаған лауазымды тұлғалар да жауапкершілікке тартылуда. Айта кетсек, Сайрам ауданы прокуратурасы, аудандық білім бөлімінің бастығы Д. Айкөзованы ҚР ӘҚБтК-нің 537-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ол сот қаулысымен кінәлі деп танылып, оған 50 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Осындай жағдай Түркістан қаласы және Түлкібас ауданында да орын алған. Атап айтсақ, Түркістан қаласы Жүйнек ауыл округі әкімі Т. Жұмахановтың үстінен, Түлкібас ауданы Жабағылы ауыл округінің әкімі А.Темірәлиевтің үстінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жағдайына шара қолданбағаны үшін әрқайсысына 50 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Облыстық прокуратура органдары сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуға және жұмыстан босатуға дейін шара қарастыруда. Түркістан қосалқы мектеп интернат директоры Д. Орманова және «VIP House строй company» ЖШС-нің арасында 78 388 литр жанармай жеткізуге келісімшарт түзіліп, содан соң Д. Орманова ЖШС-нің есепшотына атқарылмаған жұмыс үшін заңсыз 3,2 млн. теңге аударған. Басқарма бастығына берілген заңбұзушылықты жою туралы ұсыныстың қаралу нәтижесімен қосалқы мектеп интернатының директоры Д. Орманова сыбайлас жемқорлық жасаған деген негізбен жұмыстан босатылды. Түлкібас аудандық прокуратурасы әкімшілік істер заңдылығын тексеру барысында әкімшілік жауапкершіліктен босату деректері анықталған. 02.12.2010 жылы жол полициясының инспекторы Ж. Ақылбеков құқық бұзушы О. Қалауовтың үстінен ҚР ӘҚБтК-нің 463-2-бабына сай хаттама түзіліп, әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Түлкібас АІІБ-не жолдаған. Алайда, Түлкібас АІІБ-нің жол полициясының инспекторы Х. Манабаев 1 жыл 2 ай уақыт аралығында әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулы шығармай, құжаттарды өзінің қызметтік бөлмесінде ұстап отырған. Бұл қызметкердің салғырттығынан 2011 жылы 204 әкімшілік құқық бұзушылық туралы құжаттар қараусыз қалып мемлекет қоржынына түсетін 1,4 млн. теңге көлеміндегі айыппұл түспей қалған. Ағымдағы жылдың өткен мерзімінде прокуратура органдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамаларын орындау барысында 180 тексеру жүргізіп, 1242 заңбұзушылық анықталып, 34 наразылық қанағаттандырылып, 86 ұсыныс қаралып, 101 заңға түсіндірулер беріліп, 5 мүліктік емес талап — арыз қанағаттандырылған. Ал заңбұзушылыққа жол берген 72 тұлға тәртіптік, 4 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15,3 млн.теңге шығын өндірілген. Оның ішінде мемлекеттік бюджетке 5,9 млн. өндірілген.
Тексеру нәтижесі бойынша 14 сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс қозғалып, оның 4-і сотқа жолданып, 2-і сотты болды.
Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасы:
– 1445 тексеру жүргізіп, 34790 заңбұзушылық анықтады.
– 1197 ұсыныс қарап, 782 наразылық қанағаттандырылды.
– 407 заңға түсіндірмелер беріліп, 2549 заңсыз актілер өзгертілген.
– Прокурорлық ықпал етумен 2462 тұлға тәртіптік, 1328 тұлға әкімшілік, 218 тұлға материалдық жауапкершілікке тартылған.
– 45 мүліктік емес арыз қанағаттандырылған.
– 877 557 348 теңгеге 76 мүліктік талап арыз қанағаттандырылған.
– Прокурорлық ықпал етумен 441 899 532 соммаға келтірілген шығын өндірілген.
– 322 386 557 теңге мемлекет пайдасына, 299 263 844 теңге мемлекет бюджетіне өндірілген.
– 10 939 азаматтың конституциялық құқығы қорғалған.
Кәсіпкерлердің құқығы қорғалды
Ағымдағы жылдың алты айында кәсіпкерлік субъектілердің құқығын қорғау бағытында 75 тексеру жүргізіліп, 2213 заңбұзушылық анықталып, 56 ұсыныс қаралып, 19 наразылық қанағаттандырылып, 4 заңға түсіндірме, 1 үндеу беріліп, нәтижесінде 846 кәсіпкердің конституциялық құқығы қорғалып, 97 тұлға тәртіптік, 2 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Тексерулер нәтижесінде, мұндайға көбіне мемлекеттік бақылаушы органдар қызметкерлері тарапынан жол беріледі. Заңсыз жүргізілген тексерулер әлі де болса орын алуда. Сондықтан, кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын, заңды мүдделерін қорғауға бағытталған іс-шаралар өз деңгейінде емес екенін байқатады.Кәсіпкерлер құқығын бұзушы ретінде санитарлық-эпидемиологиялық басқарма органдарының қызметкерлері жол бергенін де атап өту керек. Айту керек, 2012 жылдың алғашқы жартыжылдығында бақылаушы органдар 560 заңсыз тексерулер жоспарлаған. Прокуратура енгізген 32 ұсыныс негізінде 73 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Олардың 52-сі санитарлық-эпидемиологиялық қадалағау, 4 -і төтенше жағдайлар, 12-сі аумақтық ауылшаруашылығы бөлімінің, 5 -і қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік қызметкері.
Жасы кәмелетке толмағандардың құқығы
Облыстың прокуратура органдары жасы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау бағытында 325 тексеру жүргізіліп, 6565 құқық бұзушылық анықталды. Сондай-ақ, 2 ұйғарым, 296 ұсыныс қаралды. 58 заңға түсіндірме беріліп, 6 наразылық және мүліктік емес 8 талап — арыз қанағаттандырылды.Прокурорлық ықпал ету шараларымен 133 акті бұзылып, өзгертілді. Көрілген шаралардың нәтижесінде 5223 кәмелетке толмағандардың конституциялық құқығы қорғалды, жалпы 7,1 млн. теңге көлеміндегі шығын, оның ішінде 0,6 млн. теңге мемлекет есебіне өндірілді. Заңбұзушылықтарға жол берген 987 тұлға тәртіптік, 266 тұлға әкімшілік, 130 тұлға материалдық жауапкершілікке тартылды. Мысалы, Түркістан қаласының білім бөліміне жүргізілген тексеру барысында, Түркістан қаласының білім бөлімі 2011 жылдың желтоқсан айында қамқорлықтағы 77 баланың есепшотына 1 170 960 теңге көлеміндегі жәрдемақыны және 2012 жылдың каңтар айында 157 баланың есепшотына 2 540 260 теңге көлеміндегі жәрдемақыны аудармағаны анықталды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 11.04.2004 жылғы №306 қаулысымен бекітілген ереженің 8-тармақшасының бұзылуы нәтижесінде, патронаттық тәрбиедегі 30 балаға 792 000 теңге көлеміндегі ай сайынғы жәрдемақы аударылмаған. Түркістан қаласы прокуратурасымен енгізілген ұсыныстың нәтижесінде 2012 жылдың ақпан айынан бастап жоғарыда көрсетілген санаттағы кәмелетке толмаған балалардың есепшотына 3,7 млн. теңге көлеміндегі ақшалай қаржы аударылды.
Ибраһим Иманов
ОҚО прокурорының бірінші орынбасары