Ақшасы көп, дауысы жоқтар әнші боп жүр*

Мақсат Айтжанов – 1979 жылы маусым айының 19-шы жұлдызында дүниеге келген. Жастайынан сахнаның сырына бойлаған жезтаңдай әнші көптеген республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Бүгінде редакциямызға «Мақсат Айтжанов қайда жүр?», «Неге ән айтпай кетті? Әншіге Роза Рымбаеваның өзі тәнті болған еді ғой», «Үлкен сахнадан көрмей кеттік…» деген сияқты сауалмен хабарласқан оқырмандарымыз көп болды. Сондықтан, өнер иесінің өзімен тілдесуді жөн көрдік.

– Мақсат, соңғы кезде көрінбей кеттіңіз, қайда жүрсіз?

– Көрінбей кеткен ештеңе жоқ. Қазақстанда тұңғыш ашылған, Оңтүстік Қазақстан облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының көркемдік жетекшісімін. Театрдың тіршілігіне машықтанып алдым. Енді, осы сала бойынша жұмыс жасап, бұл өнердің одан әрі өрлеуіне үлес қосқым келеді. «Өнерлінің өрісі – кең» деген емес пе?! Сондықтан, ең бастысы мен өнерден алыстаған жоқпын. Қайта, осы Оңтүстіктегі әзіл әлемінде жас өнерпаздарды дайындап, олардың да шығармашылығын шыңдауға көмек беріп жүрген жайым бар.

– Сатира театрын таңдап, эстрададан неге кеттіңіз… жаныңызға сатира жақын болғаны ма?

– Жалпы театр — менің алғашқы махаббатым. Себебі, театр — өнердің көптеген жанры тоқайласқан қасиетті орда. Ал, қазіргі қызметіме байланысты концерттерде аздау көрінуімнің де себебі сол шығар… Бірақ, әрдайым шақырылған концерттерден қалмауға тырысамын. Негізі менің мамандығым «Эстрадалық ән орындаушы, драма актеры». Қалай болғанда да мен халықты өнермен сусындату үшін жұмыс жасап жүрмін деп ойлаймын.

– Өнерде жүргеніңізге біраз жылдың жүзі болды, айтыңызшы, өнер әлемнің талабы қандай?

– Өткенге көз жүгіртсем, балабақшадағы кезімнен бастап сахнада екенмін. Ал, соның 13 жылы кәсіби сахнада. Осы жылдар ішінде түйгенім, өнер – күнделікті тұрмыс-тіршіліктің жетегінде кетпей, жан аямай күндіз-түні еңбекті талап ететін, әділеттілікті ту етіп, адалдықты алға шығаратын, тек таза ойдың ортасы. Қояр талабы – өнердің қай саласын меңгерсең, сол саладағы үздіксіз ізденіс және жаңаша ойлау. Сондықтан, бұл қасиетті мекеннің өкілі болу үшін ең бастысы осы заңдылықтарды ұғыну қажет.

– Үлкен сахналарды әнмен тербеп, танымал әншілермен ән айттыңыз. Үлкен сахнаны сағынатын шығарсыз?

– Әрине, сағынамын. Тек мереке кездерде болмаса, басқа уақытта әзірге үлкен сахна бұйырмай тұр. Себебі, ол үлкен қаржыны талап етеді. Қазір нарық заманында көп нәрсені қалтадағы қаржы шешетін болды. Көбіне шын талант тасада қалып қоятыны да осыдан. Оның үстіне мен кештеу болса да, жаңадан отбасын құрған жас отағасымын. «Үлкен үйге не керек болса, кіші үйге сол керек» дегендей…

– Режиссураға бет бұрғаныңыз да бұған өзіндік себебін тигізеді ғой?

– Мүмкін әрине. Азабы көп, алғысы аз, тек сахна, сыртында қалатын кәсіп болса да, режиссер болу — менің көп армандарымның бірі. Бірақ, режиссураның дәмін әлі толық татпағаннан кейін бе, әзірге оған өкінбеймін. Келешектегі өмірімді де режиссурамен байланыстырамын деген жоспар жоқ емес. Сондықтан, мен бұл саламен әзірге қош тас-паймын.

– Әншіге танымал болу үшін не қажет?

– Кешегі кеңестік кезеңде басқаша болған. Ал, қазір Құдайдан берілген үлкен дарынмен қоса, үлкен қаржы қажет. Анығырақ айтсам, бұл мәселені дәл қазіргі уақытта қаржы шешетін болды ғой. Мәселен, қалтасында ақшасы бар, дауысы жоқ, алайда бірнеше бейнебаян түсіріп «жұлдыз» болып жүргендерді де кездестіріп жүрміз. Көреген ғалымдардың өзі мұны заман талабы деп отыр.

– «Оңтүстік Рабат» газетінің оқырмандарына қандай тілек айтасыз?
Айлардың сұлтаны – Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын. Азат күннің аясында еліміз бейбіт ғұмыр кешсін. Қазақстанымыз өркендеп, Шымкентіміз гүлдей жайнай берсін!
Дарынға демейді ешкім дара шаппа,
Әңгіме пайымменен, парасатта.
Ұлтыңның нағыз ұлы болам десең,
Өзіңнен ел мүддесін аласартпа!
Дұрысы өткен күннің өнеге боп,
Бұрысы сабақ болсын болашаққа!

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан — Мөлдір БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Бет қатталып жатқанда…

Мақсат Айтжановтың ұлды болғанын естідік. Мақсат пен Сәуле Айтжановтардың отбасында енді Бек-Мұхаммед атты ұл бар. «Оңтүстік Рабат» газетінің ұжымы өз оқырмандары атынан жас шаңырақты шаттыққа толы қуаныштарымен құттықтайды! Кішкентай Бек-Мұхаммед ата-анасының ғана емес елінің көзайым ұлы, мақтаулы азаматы болып өсе берсін деп тілейміз!