Анықтама 30 минут ішінде беріледі

ОҚО Әділет департаменті заңды тұлғаларды интернет арқылы тіркеу, заңды тұлғалардың куәліктерін қайта рәсімдеу, діни бірлестіктерді, азаматтық хал актілерін, жылжымайтын мүлікті тіркеу мәселелері, авторлық құқықты қорғау, нотариаттық қызметтің сапасын көтеруге байланыс-ты 6 айлық жұмыстың есебін жария етті.

2011 жылдың желтоқсан айынан бері электрондық Үкімет порталында электронды түрде өтініш беру мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінгі күнге дейін біздің облысымызда 28 заңды тұлғаға электронды қолтаңба беріліп, тіркеуге алынған. Электронды қолтаңбасы бар заңды тұлға:

— заңды тұлғаның, филиалы мен өкілдіктердің тіркеуі туралы;

— заңды тұлғаның филиалы мен өкілдіктерінің бар екендігі туралы;

— жеке тұлғалардың заңды тұлғаға қатысы бар мәліметтерді ала алады.

Бұдан бөлек, көрсетілген анықтамаларды электрондық қолтаңбаның болуы немесе болмауына қарамай, Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алуға болады. Анықтама 30 минуттың ішінде беріледі.

Діни бірлестіктерді тіркеу мәселесіне де өзгерістер енгізілді. 2011 жылдың 25-қазанындағы ҚР «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» заңы күшіне енді. Дiни бiрлестiктер осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жылдың iшiнде өздерiнiң құрылтай құжаттарына тиiстi өзгерiстер енгiзуге мiндеттi. Сонымен, бiр мезгiлде тiркеушi органға дiни бiрлестiктiң мәртебесiн растайтын құжаттар табыс етiледi.

Дiни мүдделерi мен қажеттiлiктерiн қанағаттандырумен айналысатын және осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн дiни бiрлестiктен басқа өзгеше ұйымдық-құқықтық нысанда құрылған заңды тұлғалар көрсетiлген мерзiм өткеннен кейiн өздерiнiң құрылтай құжаттарын Заңның талаптарына сәйкес келтiрмеген дiни бiрлестiктердi мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органның жүгiнуi бойынша сот тәртiбiмен таратылады.

Бір жыныстылардың некелесуіне тиым салынған. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі заңды күшіне енді. Кодекс отбасы мен баланың мүддесін қорғауға бағыттал­ған. Мәселен, бір жынысты адам­дар­дың арасындағы некеге ресми түрде тиым салынды. Енді мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу нақтылан­ған. «Қор­ған­шылық» пен «қамқоршылық», «жетім бала», «суррогат ана» институттарына бөлек ұғымдар берілген. Кодексте суррогаттық ана және қосымша репродуктивтік әдіс пен технология қолдану туралы арнайы бөлім бар.

Тауар таңбаларын заңсыз пайдаланатындар көбейген. Әділет департаменті 814 тексеру және құқық қорғау органдарымен бірлесіп 32 тексеру жүргізген. Тексерулер нәтижесінде 82 әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінен іс қозғалып, құқық бұзушыларға жалпы соммасы 4 744 400 теңгені құраған айыппұл салынған.
Облыста 277 нотариус жұмыс істейді. 2012 жылдың 16-қаңтарында ҚР «Нотариат туралы» Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға байланысты 25-ке толған құқықтық білімі бар, құқық саласындағы жұмыс өтілі 5 жылдан асқан ҚР азаматы нотариус бола алады. Нотариалдық және адвокаттық қызметпен айналысу құқығына аттестациялау облыстық әділет департаментінде өткізіледі. Сонымен бірге, 76 үміткердің 35-і аттестациядан өтіп адвокаттық қызметпен айналысу құқығына ие болды. Нотариус пен нотариалдық округінің санына шектеуді қысқартылғандықтан нотариустардың саны облыс көлемінде 277-ні құрап отыр.
Туу туралы куәлік үшін 30000 теңге пара талап еткен. Мемлекеттік қызметкердің басты міндетінің бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес болып саналады. Әділет департаментімен қаржы полициясының бірлесіп атқарған жедел-іздестіру шаралары барысында осы жылдың 11-шілдесінде, Шымкент қаласының Әділет басқармасының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің қызметкері туу туралы куәлігін беру үшін 30000 теңге пара алу барысында ұсталды.

Осы фактіге қатысы бар Сарыағаш ауданының Әділет басқармасының АХАТ бөлімінің бас маманы өз еркімен жұмыстан босатылды.

Қ.СМАНҚЫЗЫ