«Атамекен» Одағы» кәсіпкерлердің қамын күйттемек

Абылай МЫРЗАХМЕТОВ, «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП Басқарма бастығы

«Кәсіпкерлердің басын біріктіру арқылы кәсіпкерлікті дамытамыз». Өңірімізге «Атамекен Одағы» ұлттық экономикалық палатасының басшылығы келіп, іскер азаматтармен бас қосты. Жиында кәсіпкерлердің күнделікті бетпе-бет келіп жүрген көкейтесті мәселелері тыңдалды. Негізгі мақсат – Елбасының 22-маусым күнгі «Кәсіпкерлікті дамыту туралы» тапсырмасын жүзеге асыру болып табылады. Республика бойынша 800 мың кәсіпкер болса, соның 119 мыңы біздің облысқа тиесілі. Бұл – елдегі кәсіпкерлердің 16 пайызы деген сөз. Ал сол іскер азаматтардың басын 887 қауымдастық біріктіреді. Саны бар, сапасы жоқ ұйымдардың барлығы бизнесмендердің қамын күйттеп жүр деп айта алмайсыз. «Атамекен» алға тартып отырған мәселе осы.

Абылай МЫРЗАХМЕТОВ, «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП Басқарма төрағасы: «Мысалы, мақта саласы. Оңтүстікте бұл өзекті мәселе. Мұның төңірегінде сегіз жүз – бір миллионға жуық халықтың тағдыры бар. Көп шаруалар осы мәселе бойынша көптеп шығынданып жүр. Бірақ осы мәселе ауыл шаруашылығы министрлігіне жетіп жатыр ма? Министрлік соны қолға алып жатыр ма? Кәсіпкерлердің мүддесін шешіп жатыр ма? Мәселе үлкен!».

Республиканың Қарағанды, Ақтөбе, Орал, Ақмола сынды бес облысындағы кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын тыңдап келген ұлттық палата өкілдері түйткілдің негізгісі салық, жанармайда жатқанын аңғардық дейді. «Шағын және орта бизнеске» несие алу мәселесі де іскер қауым үшін ұзақ процесс. Сондықтан билік пен кәсіпкерлердің арасында алтын көпір орнатып, нәтижелі іске мұрындық болғысы келеді.

Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ, Облыс әкімінің орынбасары: «Ең үлкен проблемалардың бірі – қаржының тапшылығы. Ақшаның қымбаттығы. Әсіресе, аудандық, ауылдық жерлерде ешқандай кепілдіктің қабылданбауы. «Бізнестің жол картасы» бағдарламасына да кедергі болып жатқан істің бірі осы».

Елбасының кәсіпкерлікті дамыту бойынша берген тапсырмасын «Атамекендіктер» қарашаның аяғына дейін бітіруі тиіс. Оған дейін Абылай Мырзахметов Тараз, Ақтау, Қызылордадағы іскер қауымның пікірін білетін болады. Онан соң, жеті өлшеп, бір кесілген заңнама бекітіліп, сол бойынша кәсіпкерлік ісі жолға қойылмақ.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=f0kQKqfZSng[/youtube]