Ажырасу абырой емес

Қоғамда ақ некеден аттап қосылған жастардың ажырасуы жиілеп барады. Тіпті, бір кездері қызыға да қызғана қарайтын ерлі-зайыптылардың ажырасып жатқандығына етіміз үйренгендей. Мұндай оғаш қылықтың кең таралуына кімді кінәлаймыз?

Жалпы, асыл дініміз Ислам ақыл тоқтатқан жастарды харам іс-әрекеттерден тыю үшін тезірек үйлі болуларын үгіттейді. Бұл көркем дініміздің негізгі талаптарының бірі. Желіккен жастарды ізгілікке шақыратын шариғат талаптарының құндылығы осында болса керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жағдайы жеткен әрбір мұсылманның ертерек түтін түтетуін бұйырады. Оған көптеген құдси хадистерден қанықпыз. Бір хадисінде үйленіңдер, көбейіңіздер қиямет күні мен үмбетімнің көптігімен мақтанамын десе, енді бірде кімде-кім үйленуге қарсы болса, ол біздің топтан еместігін айтқан. Демек, Ислам әр уақытта жастардың үйленіп адал жолмен қосылып отбасы болуын меңзейді.

Дегенмен, соңғы кездері ақ некеге немқұрайлы қарайтындардың саны артып отыр. Статист мамандар да мұны растайды. Күнделікті тіршілікте бұл жағдайдан бәріміз хабардармыз. Оны күлбілтелеудің жөні жоқ. Шындығында, ажырасу — өте қауіпті дерт. Әсіресе, өзіміздің қаракөз қандастарымыз бен бауырларымыздың арасында мұндай жағдайлардың кездесуі жанымызды жабырқатады. Көп жастар негізінен әлеуметтік қиыншылықтардың кесірінен осындай қадамға амалсыздан барады. Таршылықты сылтауратып, барлық жағдайды қаржыға тіреп қоятындары рас. Ал мәселеге байыппен қарар болсақ, шалыс басатындардың дені діннен хабарсыздар.

Исламның көркем құндылықтарын жете сіңірмегендіктен осындай жағдайға тап болдық. Ендеше, дін тұрғысынан ажырасудың негізгі себептерін саралап көрелік. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Ажырасу — бұл Алланың алдында рұқсат етілген амалдардың ішіндегі ең нашары»,- делінген.

Ажырасудың ең негізгі себептерінің бірі, өмірлік жарды дұрыс таңдай алмау. Анығыңқырап айтқанда, қыз бен жігіт діннің негізгі талаптарына мән бермейді. Көп жағдайда асыра мақтау мен өтірік айтудың соңы өкінішке ұласып жатады. Міне, ең алдымен ескере кететін осы жәйт. Сондықтан да екі жастың мінез-құлықының сәйкестігі, діни көзқарастарын жете біліп алулары ләзім. Екіншіден, отбасы мәселесіне ата-ананың жөнсіз араласуы ажырасуға бірден-бір себепкер. Әрине, оларды ренжітуге хақымыз жоқ. Барынша разылығына бөленуіміз қажет. Алайда, кейбір ата-аналар жас отбасының ішкі ісіне араласып үйдің шырқын бұзады.

Шаңырақты шайқалтуға әкеп соғатын жағдайлардың бірі материалдық теңсіздік. Яғни, ерлі-зайыптылардың бәлкім мынаны таңдағанымда жағдайым дұрысталып кетер еді деп үміттенуі. Шыны керек, жас жұбайлардың бір-біріне сенімсіздігі, өсек аянға жол беруі де өкінішке ұрындырады. Осы орайда бір ғибратты оқиғаны айта кетейін.

Бұрынғы құл иеленушілік кезеңде бір бай базарға барып, адам сатып алмақшы болады. Сонда сатушы байға бұл пенде өте жақсы жұмыс істейтіндігін, бірақ бір кемшілігі ол өсекті көп айтатындығын жеткізеді. Алайда, әлгі бай еш ойланбастан құлды сатып алып, жұмысқа жегеді. Бір күні құл баяғы әдетінше ерлі-зайыптылардың арасына от жағып, дүниеге иелік етсем деп армандайды. Сөйтіп, өсекші құл алдымен әйелге күйеуінің жақсы көрмейтіндігін айтады.

«Сен оның сүйіктісі болғың келсе түннің бір уағында оның бір тал сақалын кессең саған деген махаббаты ашылады» деп аңқау әйелді сендіреді. Одан кейін құл онысымен қоймай, күйеуін де құлақтандырып қойған.

«Сенің әйелің сенен құтыла алмай жүр. Қалай болғанда да сені өлтіруге әрекет жасауда. Сенбесеңіз түннің бір уағында ұйықтаған сияқты болып жатыңыз сол кезде білесіз»,- деп өсек тасиды құл. Өкініштісі, ер мен әйелдің әлгі сұм құлдың өтірігіне сенгендігі ғой. Құлдың айтқанын орындау үшін күйеуінің жанына барған кезде мұның жалғандығын түсінген. Бәрінен хабардар күйеуі шынында да мені өлтірмекші екен деген ойға кетіп, әйелін пышақтап өлтіріп тастаған. Мұны естіген қыздың туыстары да күйеубаласын жазасыз қалдырмапты. Ашынған ата-ана өтірікке сенген күйеуді өлтіреді. Міне, өсек аяңға сенудің соңы осындай қайғылы жағдайға соқтыратынын естен шығармауымыз керек.

Сонымен қатар, бір-бірін сыйламайтын жас жұбайлар ақыр соңында екіге айырылысып тынатындығын айта кетуге тиіспіз. Діни тұрғыда ерлі-зайыптылардың тату болуы, мейірімділігі өнегеліліктің белгісі. Бұл туралы Құранда Алла Тағала: «Анығында еркектер әйелдеріне билік етеді. Өйткені олар әйелдер үшін барлық қаржыны жұмсайды («Ниса» сүресі, 34)»,- дейді. Сол себептен барынша діннің талаптарымен өмір сүрсек, кемелдікке жетер едік.

Расында, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үйінде де отбасылық жағдайлар туындап отырған. Бірақ Алла елшісі (с.ғ.с.) барлық қиын жағдайда шешімін тауып, отбасының шырқын бұзбаған. Барлықтарыңызға шаңырақтарыңыздың шайқалмауын, бір-бірлеріңізге сенімдірек болуларыңызды тілеймін.