Бұзылатын үйлердің саны кеміді

307

Шымкент билігі қып-қызыл дауға себеп болған қаланың әкімшілік орталығына байланысты мәлімдеме жасады. Бүгін белгілі болғандай жаңа орталықтың жер көлемі қысқарды, ең бастысы баспаналардың барлығы жермен жексен етілмейді. Тек бірнеше ондаған тұрғын үй қиратылады. Естеріңізде болса, бұған дейін 364 гектар жер жаңа әкімшілік орталығын салу үшін кері қайтарылады делінген болатын. Ал бұл тұрғындар наразылығын тудырып, билікпен дауласқан еді.

Бір жеті бойы жұмыс жасаған мамандардың беті бері қарады. Жерімізді бермейміз, баспананы бұзғызбаймыз деп шырылдаған ағайынды ойлады ма, әйтеуір әкімшілік іскерлік орталық үшін мемлекетке қайтарылатын жер телімінің санын мейлінше кемітті. Соған сәйкес қиратылатын баспаналар саны да азайды. Енді тек 50-ге жуық тұрғын үй ғана қиратылуға жатады.

Мамандар қиратылған баспана иелеріне өтемақы беріледі деп отыр. Бірақ бұған дейін шу шығарған 5 ауданның тұрғындары өтемақы көлемі аз дегенді айтқан болатын. Бірақ билік тоқ етерін айтты. Жер орнына жер берілмейді. Бірақ өтемақы жағынан да баспана мен жер иелері қысылмайды. Мемлекет мұқтаждығы үшін алынатын жерлер мен бұзылатын 50 баспананың тізімі газет бетінде жарияланатын болады. Айта өтейік қазір әкімшілік орталығының жоспары нақтыланып, 5 іскерлік нысанның құрылысы басталды.

Жаңа орталық «Қайтпас-1», «Нұртас», «Нұрсәт» және «Қаражол» шағынаудандарының аумағынан бой көтермек.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=3uBoYudyWWs[/youtube]