«Бекжандағы» «Көмек»-тен алаяқтар да дәметкен

«Бекжан» базарындағы өрттен зардап шеккен саудагер ретінде алаяқтар да өтемақы алуға келген. Олардың саны алғашында хабарланғандай 7 емес, 15 адамға жетіп қалды. Осылайша, пысықайлар қайғыға тап болғандардың ақшасына қол сұқпақ болса керек. Бұл туралы бүгін «Көмек 2012» қоғамдық қорының өкілдері мәлім етті. Жапа шеккен сатушылар да базарда мүлде жұмыс істемейтіндердің өтемақы сұрап келгенін http://kz.otyrar.kz/ тілшісіне растап берді.

Баһадүр НАРЫМБЕТОВ, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Олар базарда жұмыс істемеген, тіпті оған қатысы да жоқ. Соған қарамастан, екі күн бойы кезекте тұрып, ақша алғылары келген. Кезектері келген кезде біздің қызметкерлер олардың «Бекжан» базарында жұмыс істемегенін анықтады».

Осы сөз жапа шеккен сатушылардың төбесінен жай түскендей болды. Ал базар әкімшілігіндегілер болса ұсталған аалаяқтың барлығын полицейлерге ұстап бердік деп отыр.

Гүлшайым АХМЕТОВА, «Бекжан» базарының әкімшілік қызметкері: «Жолдан қосылғандар келді. Осында полицейлер отырды. Солар алып шығып кетті. Пысықайларды біздің комиссия өткізбейді. Олай ету мүмкін емес. Оразаның кезінде, осынша адам шулап жүргенде ақшаны мүлдем сауда жасамаған адамдарға бере алмаймыз».

Аузы күйген үріп ішер. Көмекке қол жеткізгісі келетіндер енді арнайы талондар арқылы ғана теңгелі бола алады. Бірақ оған да наразы жандар бар. Жолдан қосылып ақша жасап қалмақ болғандардың жолын кесу үшін қор өкілдігі айналаны арнайы жасақтардан әлі де босатқан жоқ, әділ болсын деп.

Нұрғазы БҰХАРБАЕВ, «Көмек-2012» қорының жетекшісі: «Шеттен адам келсе, келе берсін. Бірақ ол осында бір күн бойы кезекте тұрады да, бәрібір ақша ала алмай қайтады. Бірақ ол азаматтарды біз алаяқ деп айта алмаймыз. Өйткені, олар бізге ештеңе істеген жоқ».

Пысықайлардың қулығын ашқан осындағы үш түрлі комиссия. Оның бірі шығынға белшеден батқан саудагер болса, екіншісі базар әкімшілігінің қызметкерлері. Сауда орны жұмыс істеп тұрғанда салық жинағандар да көмек алғысы келетіндердің Бекжанға қатысы бар-жоқтығын растауы тиіс. «Көмектен» жеткен көк ақшаға қол жеткізген саудагерлер де қайырымды адамдарға алғысын айтуда.

Қазір «Көмек 2012» қорына бүгін қанша ақша түскені есептеліп жатыр. Белгілісі, осы уақытқа дейін аталмыш қордан 190 сатушы көмек қаржысын алды. Олардың 80 пайызына 200 мың теңге, қалғандарына 100 мың теңгеден ақша берілген. Осы арқылы сатушылар кәсібін дөңгелетіп әкетуі тиіс. Ал кеше бір күннің ішінде қоғамдық қорға 34 млн. теңге ақша түскен. Естеріңізде болса, бұған барлық мемлекеттік қызметкерлер өздерінің бір күндік жалақыларын аударатынын айтқан еді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=5KwNJMpuPxg[/youtube]