«Бекжан» сатушылары шеруге шықты

349
сатушылар наразылығы

Бекжан базарының сатушылары облыстық әкімдік алдына жиналды. Ұйымдастырылмаған шеру өткізген 30-ға тарта сатушы:«Базардың өртеніп кеткеніне 2 апта болды. Ал бізге бақыр тиын да берілген жоқ» деп шу шығарды. Олар соңғы күндері өтемақы да, көмек қаржы да берілмей жатыр дейді.

Сатушы:»Базаркомдар басынып бітті. Қалтасынан төлеп жатқандай, міндет етеді. Ақша таусылды дейді. Сонда біздер не істейміз? Талонды төрт рет ауыстырды. Мейлі, оған да көндік. Алайда, кезегіміз жылжымайды. Тамыр-таныстарының бәріне беріп болды. Біз кімге барамыз?»

Ашынған ағайынмен қала әкімі Қайрат Молдасейтовтің өзі кездесті. Сатушыларға көмектесу үшін құрылған «Көмек» қорының ақшасы таусылғанын мәлімдеді, бірақ жұрт шама шарқынша қол ұшын беріп жатыр деп басу айтты.

Қайрат Молдасейтов, Шымкент қаласының әкімі:»Қолымыздан келгенше, депутаттардың бастамасымен қорға қомақты қаржы жинадық. Түскен түскенімен апарып, таратып беріп жатырмыз. Біреуі берсе, енді біреуі бергісі келмейді. Біз ешкімді қинамаймыз. Десе де қорға деп қайрымдылық көрсетіп жатқандар өте көп. Сабырлы болайық».

Десе де, қала әкімінен қажетті жауабын ала алмаған сатушылар облыс әкімінің шығуын талап етіп, әкімдіктің алдында ұзақ тұрды.