Бизнесмендер «бюджетниктердің» көмегіне зәру ме?

Өртке оранған «Бекжан» базарында миллиондаған теңге тұратын мүлкінен айырылып сан соғып қалған сатушыларға қаржылай көмек көрсету үшін облыс көлемінде «Көмек – 2012» қоры ашылғаны белгілі. Осыған орай жергілікті билік тарапынан тапсырма берілген болуы керек, мекемелерде «қорға бір күндік еңбекақымызды аударайық, ең болмаса рамазан айында жасаған садақамыз болсын» деп бастама көтеріп жүрген бастықтар көбейіпті.

Тамыздың 14-і күнгі мәлімет бойынша «Бекжан» базарындағы өрттен зардап шеккендерді қолдау үшін құрылған «Көмек-2012» қайырымдылық қорына 116 млн. теңге түсіп, одан 614 азаматқа қаржы бөліп берілген. Бұл жайында қордың директоры Нұрғазы Бұхарбаев хабарлады.

Қазақ қайырымды халық. Бірақ «жомарттың қолын жоқтық байлайды» деген де бар. Өңіріміз елдегі орташа табысы ең төмен облыстардың бірі екенін жұрттың бәрі де біледі. 30-40 мың айлығын күнкөріске әзер жеткізіп жүрген қарапайым бюджеттік мекеме қызметкерлерінің көлденең табысы да жоқ. Бір күндік еңбекақысы орта есеппен 2-2,5 мың теңге екенін ескерсек бұл да болса қарапайым жұмысшылардың қалтасына ауырлық етпей қоймайды. Осыны естігелі бері редакциямызға қоңырау шалып, наразылығын білдіріп жатқандар көбеюде. Көпшілігінің айтатындары мынау: «Саудагерлердің жағдайы бізді он орап алады, бір басында бірнеше үйі бар, мінгендері қымбат көлік. Тауарларының жанып кеткеніне біз кінәлі емеспіз. Ақшамыз артылып жатса көмек беруден қашпас едік, пәтер жалдап, азық-түлікке айлығымызды бірде жеткізіп, бірде жеткізе алмай қарызданып, қауғаланып жүргенде біздің кішкентай ғана ақшамызға қарап қалды ма екен биліктегілер?! Облыста қаншама бай кәсіпкерлер бар, неге соларға айтпайды екен?»

Біреудің ақшасын санаудан аулақпыз, әрине. Дегенмен, қайырымдылық жасау – ізгі амалдардың бірі. Алайда, жағдайы төмен жанды қайырымдылық жасауға міндеттеу де дұрыс емес. Нарықтық қатал заманда қазір ешкім де жетісіп жүрген жоқ. Айлықтан-айлыққа әзер ілігетін қоғам үшін әрбір 5 теңгенің орны есептеулі. Қайырымдылық іс әр азаматтың өз еркімен болғаны ләзім. Қинап, зорлап, айлығынан тартып алып жасаған қайырымдылық қайыр бермесін де ұмытпайық.

Алайда, «қайғыны бөліссең азаяды» дегенді ұстанғандар өз еріктерімен қорға қаржы аударып жатқанын атап өткіміз бар. Мәселен, кәсіпкер Қайрат Балабиев аталмыш «Көмек-2012» қорына өз қалтасынан 3 млн. теңге ОҚО ішкі істер департамент 14 млн. теңге аударған. Қайрекеңнің жұбайы «Самал» базарының қожайыны екенін ескерсек, базаршының қайғысын базаршы түсінгені қандай жақсы болған. Осы секілді қалталы кәсіпкерлер мекеме басшылары зардап шеккен саудагерлерге көмегін тигізіп жатса елдік мінезінің бар екенін танытар еді. Әйтеуір нәпақасын әзер тауып жүргендердің қалтасына осы бастама ауырлық келтірмесе екен дейміз.

Саят ЖҰМАҒҰЛОВ