Еуропалық ойындардан тыс қалған ордабасылықтар бүгінде ел чемпионатындағы беделін жоғарылату үшін тырысып бағуда. Ел кубогы және Суперкубок иегелері бұл күндері кезекті матчқа дайындық үстінде.
Тамыздың бесі күні ордабасылықтар өз алаңында Тараздың футболшыларын қабылдайтын болады. Орталық стадиондағы ойын сағат 18-00 бастауын алады.
Бүгінде оңтүстіктің аяқдопшылары дайындығын жалғастыруда. Жаттығу барысында команданың негізгі шабуылшысы Дәуренбек Тәжімбетов көрінбейді. 18 нөмірлі ойыншы алдыңғы ойындарда алған ескерту карточкаларына байланысты келесі ойынға шықпайтын көрінеді.
Клубтың спорттық директоры Бағлан Ергешевтың сөзіне сенсек, команда құрамы өзгермеген және алдағы ойында ордабасылықтар қоржынды тағы үш ұпаймен толықтыруға тырысатын болады.