11 жасар Алтынай Мырзахмет отбасындағы үшінші перзент. Ол 13-тамыз күні түскі он екілер шамасында киімдерін ауыстырып, үйінен шығып кеткен. Бұл кезде анасы үйде ұйықтап жатқан. Алтынайды соңғы рет мектеп мұғалімі көшеде көргенін айтады.
«Жұмыстан қайтып бара жатқан едім. Сол астыңғы көшеден көріп қалдым. Қалаға кететін орталық жолға шығып бара жатқан. Жүзін көре алмадым. Үстінде ақ жейдесі мен қара юбкасы бар. Екі қолын қысып алған. Асықпай, жайлап кетіп бара жатты. Әке-шешесі жақын достарымыз болғандықтан, анасы дүкенге жіберген екен деп ойладым да, ештеңе сұрамадым»,-деп, есіне алды көрген сәтін Гүлзат Досбергенова.
Содан бері жасөспірім үйіне қайтып оралмаған. Қыз жоғалған күні үйден жетпіс мың теңге де қолды болыпты. Соған қарағанда жеткіншек ақшаны алып, қалаға кетіп қалуы мүмкін дейді ата-анасы.
«Іздеуіндей іздеп жатырмыз. Туысқандардың да үйлеріне барып шықтық. Олар да бізбен бірге іздеп жатыр. Көрдім білдім деген адам жоқ. Саябақтарды, дүкендерді, адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындарды, базарларды араладық. Баламызды іздемеген жеріміз жоқ. Жергілікті полицияға да хабарластық. Шымкенттегі ауруханаларға да, балаларды оқшаулау орталығына да бардық. Бірақ нәтиже жоқ», — дейді жеткіншектің әкесі, Бағдат Ағабаев.
Амалы таусылған ата-ана қызының суретін жергілікті телеарнадан көрсетіп іздеу салады. Облыс орталығындағы көшелерге да суреттерін іліп шыққан. Одан да нәтиже болмапты. Ал, тәртіп сақшылары жоқты іздеудің орнына аттестацияны сылтауратып, қол қусырып қарап отыр дейді ашынған ана.
«Полициялар тек алғашқы күні келіп, сұрастырып кетті. Одан кейін бірі де қарасын көрсетпеді. Аттестация жүріп жатыр, өз жұмыстарамыз бастан асып жатыр деп, қайта өзімізге ұрсып береді. Ешқандай әрекет жасап, қызымызды іздестіріп жатқан жоқ. Адам емес, құдды бір тауық жоғалғандай»,- деп, жылап жіберді Алтынайдың анасы Айгүл Билібаева.
Алтынайдың ата-анасы қызымыз тұйықтау еді. Ешкіммен ашылып сөйлесе бермейтін. Бос уақытында сурет салғанды жақсы көретін дейді. Суреттерінде ханшайымның бейнесін көбірек салатын көрінеді. Соған қарағанда балалықпен қыдырып кетуі де мүмкін деп топшылайды. Ал, учаскелік инспектор іздестіріп жатқанын айтады. Дегенмен тәртіп сақшысы жоғалған қыздың толық аты-жөнін де дұрыс білмейтін болып шықты. Мырзахмет Алтынайдың фамилиясын Жүсіпахмет деп сұхбат беріп тұр.
«Қазіргі таңда Жүсіпахмет Алтынай Бағдатқызы бойынша іздестіру шаралары жалғасып жатыр. Оның суреті, үстіне киген киімдері мен суреттері бойынша көшелерге ілінді. Әзірге нәтиже болмай отыр»,-деді Қайнарбұлақ ауылдық округінің учаскелік инспекторы Дархан Әбдуәлиев.
Алайда ішкі істер қызметкері айтқандай полиция бөліміндегі іздестіру тақтайшасында да, ауылдың орталық көшелерінде де жеткіншектің бірде бір суретін кездестіре алмадық. Тәртіп сақшыларынан қайран болмаған соң ата-ана көршілерімен бірге іздестіру шараларын өздері жалғастыруда.