Қайнарбұлақта 662 гектар жер мемлекетке қайтарылды

34

Түркістан облысы, Сайрам ауданы 49 жылға жалға беріліп, бірақ игерілмеген жерді қайтару бойынша республикада көш бастады. Бұл туралы Сайрам ауданына қарасты Қайнарбұлақ ауылдық округінің әкімі Есбол Дүйсебаев айтты.

Есбол Дүйсебаевтің сөзінше тек Қайнарбұлақ ауылдық округі бойынша 1029,52 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылуы керек. Оның 662,1989 гектар жер телімі 9 ай ішінде мемлекет меншігіне қайтарылған.

«Ел президентінің жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша тапсырмасы бар. Ондай тапсырма бізге де келіп түсті. Осы тапсырма аясында 2022 жылы 28 тамыз күні аудан әкімінің №278 қаулысына сәйкес Қайнарбұлақ ауылдық округінде 49 жылға жалға берілген 1029,52 гектар жерді мемлекетке қайтару керек болатын. Жасалған жұмыс нәтижесінде 662 гектар жер телімі қайтарылды. Бұл қайтарылатын жердің жартысынан көбі. Ал қалған 367 гектар жерді қайтаруға жұмыс жүргізіліп жатыр»,-дейді ауыл әкімі.

Есбол Дүйсебаевтың айтуынша, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізгеннен кейін саналы түрде нотариус арқылы дау-дамайсыз, қайтарып берген адамдар көп. Ал қайтарғысы келмеген адамдармен сот поцесі арқылы жұмыс жүріп жатыр. Оның сөзінше, жайылым жерді қайтару жұмысы бойынша Сайрам ауданына басқа өңірлерден тәжірибе алмасуға келіп жатқандар да бар.

«2 күн бұрын бізге Жамбыл облысынан делегация келді. Олардың келу мақсаты осы жер қайтару жұмысы бойынша тәжірибе алмасу болды. Ол жақта бұл жұмыс өте баяу жүріп жатыр екен. Мақтанышпен айтқым келеді, Сайрам ауданы облыс бойынша да, еліміз бойынша да жер қайтару жұмысында бірінші орында тұрмыз. Бұл өте жағымды жаңалық, тіпті басқа облыстың мамандары осы бағытта бізден тәжірибе алмасуға келуі, біздің жұмыстың нәтижелі болып жатқанын көрсетеді»,-дейді Есбол Дүйсебаев.

Айта кетейік, Қайнарбұлақ ауылдық округінде 12511 халық бар. 8 елдімекеннен тұрады. Еске салсақ, Есбол Дүйсебаев былтыр 6 қыркүйекте «Аманат» партиясы атынан сайлауға түскен. Қайнарбұлақ ауылдық округі сайлаушыларының басым дауысын жинап, әкім болып сайланған.

Жанерке Хумар