«Әйелдер не дейді?!
«Сарыағаштың» орнына «Сары-Аташ» ішіп жатырмыз»,-деп хабарласты сайрамдық тұрғындар. Бақсақ бақа екен демекші, расынды да Сайрам ауданы Ақбай ауылында «Сары-Аташ» деген минералды сусын шығарылады екен. Таңғалғанымыз сонша, бұл сусынның тауарлық белгісі (этикеті) әйгілі «Сарыағаш» суынан айнымайды. Тек «Ғ» әрпінің орнына «Т» әрпін ауыстырып қойғаны болмаса. Сонда дейміз-ау, кәдімгі қара суды газдандырып, «минералды су» деп сата беруге рұқсат беріліп қойған ба? Оның үстіне өзгенің тауар белгісіне жиендік жасау қаншалықты заңды? Не болса да бұл қытайлықтардан жұққан әдет болса керек. Олар әйгілі маркалардың бір-екі әрпін өзгертіп, тауар шығарудың шебері ғой…
Жуырда жергілікті БАҚ-тардың бірінен Созақ ауданының әкімі Аманғали Аймұрзаевтың сұхбатын оқыдық.
Соңғы жылдары еліміздің бас партиясы «Нұр Отан» жыл сайын «Өзіңнен баста!» атты акция ұйымдастырып, соның арқасында шенеуніктер қолда бар мал-мүлкінің саны мен жылдық табысын жариялап жүр. Сол акция бойынша созақтық әкімнің Шолаққорғанда үлкен үйі мен 6 млн. теңгесі, 379 қойы, 322 ешкісі, 37 жылқысы, 20 түйесі мен 32 сиыры бары айтылған-ды. Ал аталмыш сұхбат барысында Аманғали әкім меншігіндегі үйінің, мал басының санын растай келе, «бірақ менің атымда қой, ешкі сияқты ұсақ мал атымен жоқ…», – деп шыр-пыр болып ақталыпты. «Сонда қой мен ешкі қайдан пайда болған?» деген журналист сұрағына ол «Ауыл әкімдері мал санын көп қылып көрсету үшін әркімнің атына жаза береді ғой. Маған да солай жазып қойған екен», – деп жауап қатады. Сөйтіп қарамағындағы ауыл әкімдеріне «мына малды қайдан алдыңдар, менде ешкі түгілі қой да жоқ қой» деп «жалған» мәліметті өшіртіп тастапты. Осыны оқып, әркімнің атына мал тіркей беретін ол қандай ауыл әкімдері дестік. Жалған деректі бастығының меншігіне тіркеп, «сдавать» еткені несі деп таңғалыстық. Біз де Созаққа барып, меншігімізге мал тіркеп алсақ қайтер екен… деп күлкіге қарық болдық.
Бұдан соң не деуге болады? Әкімдер дүниесін жариялауға қорқатын болғаны ма әлде ауыл әкімдері бірігіп бастықтарын жерге қаратқысы келгені ме? Мүмкін ауылдың басшылары құдай ұрып, аудан әкімінің қой-ешкісін өзге біреулердің атына жазып үлгере алмай қалды ма екен? Қалай болғанда да әкім мырза не малының санынан жаңылды, не ауыл әкімдерінен кінәрат кетті. Аманғали ағамыз 6 млн. деп көрсетілген ақшасының көлемін де өтірік депті. Айтуынша, қалтасында бар жоғы 600 жүз мың-ақ теңгесі бар екен-міс.
* * *
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да биылғы оқу жылында педагогикалық мамандықтарға құжат қабылдауда шектеу болып отырғанға ұқсайды. Мұны өңірімізде мемлекеттік педагогикалық университеттің ашылуымен байланыстырушылар бар. Мұндай жағдайда біртіндеп ОҚМУ бұрынғы химия-технологиялық білім беретін оқу ордасына айналуы керек. Алайда, білім ордасының бұрынғы даңқына қол жеткізеріне көпшілік күмәнмен қарайды. Себебі, өңірімізде химик-технологтарды даярлайтын бұрынғыдай білікті мамандар қалмаған.