Иіссу бізді романтикалы, өз-өзіне сенімді, арманшыл, өмірсүйгіш әрі сұлу етіп көрсетеді. Сондай-ақ, ел аузында әркімнің өзіне тән иіссуы бар деген әңгімелер аз айтылмайды. Бірақ, өз иісіңізді табуда ешкім сізге дөп басып кеңес бере алмайды. Себебі, әрбір адамның табиғи иісіне байланысты кез келген әтір міндетті түрде өзгереді. Сондықтан да бір дегеннен таңдау жасай салу оңай шаруа емес. Сонда өз иіссуыңызды қалай табасыз?
Қазір жұпардың мыңдаған түрі бар. Олар бағасына, иісіне, дизайнына қарап бөлінеді. Сатып алушы талғамы мен мүмкіндігіне қарай таңдау жасайды. Бірақ, дүкенде ұнаған иіссу кейін басыңызды ауыртып, жүрегіңізді айнытуы мүмкін. Неге? Себебі сіз этил спиртінің орнына метил қосылған, үйлесімсіз құраммен дайындалған жұпарды сатып алдыңыз. Сізге сатушы жарты сағат мақтаған әтіріңізді енді қайтарып бере алмайсыз. Иіссулар қайтарып беруге болмайтын тауарлардың тізіміне енген.
Қазір Christian Dior, Chanel, Nina Ricci, Gucci, Hugo Boss деген иіссулардың сан түрі бар. Бұлар брендті тауар. Яғни, арзан бағаға сатып ала алмайсыз. Құны 5 мың теңгеден басталып, 20 мыңнан асып түседі. Бірақ қымбат баға тауардың түпнұсқа екеніне кепілдік бере ме? «Шын» мен «жалған» әтірді қалай ажыратуға болады?
Бірінші. Таңдаған иіссуыңыздың қорап картоны тығыз, сыртындағы жазуы айқын болуы керек. Штрих кодына мән беруді де ұмытпаңыз. Бұл бір қатарға түскен көп сызықшалар, астында сандар болады. Сандардың не мағына беретіндігін білуіңіз міндетті емес. «Made in France» деген жазудың орнына жай әшейін «France» деп жазылса, әтірдің шыққан жері күмәнді.
Екінші. Қолыңыздағы қорапта бәрі дұрыс секілді. Бірақ, сыртындағы жылтыр қағаз күмән туғызуы мүмкін. «Шын әтір» ережесі бойынша, қораптың сыртындағы қаптама қағазы өте жұқа, әрі жұмсақ болуы керек. Қаптама қағаз қатты әрі қалың болса, таңдап тұрған әтіріңізді сөредегі жайына қайта орналастыра салыңыз.
Үшінші. Әтірдің сыртындағы жазуын міндетті түрде мұқият оқып шығыңыз. Француздық «таза» әтірдің сыртында «parfum» деп жазылуы керек. Француздар осылай жазады. Ал «parfume» деген жазуы бар болса, сөзсіз жалған өнім.
Төртінші. Әтірдің сыртқы дизайнына мән беріңіз. Түпнұсқалы әтірдің сыртқы сауыты сапасы жоғары шыныдан немесе хрустальдан жасалады. Өйткені, тұрпаты ерекше сауытты көшіру технология жағынан күрделі, әрі қымбат. Сондықтан, мұндай қымбат сауытты әтірлерді көшірме зауыттар жасай бермейді.
Бұрынғы заманда апаларымыз жануарлардың жұпар бездерін алып, кептіріп, сандықта сақтаған. Кепкен кесіндісін арнайы шүберекке орап, қыз-келіншектер тұмар етіп тағатын болған. Ал, аты әлемге танымал парфюмші Эрнест Бо атақты әтірін дүниеге әкелмес бұрын сан алуан иісті сапырылыстырып, бір жыл бойы тер төккен көрінеді. Ақыры бірнеше әтірді Коко Шанельдің қолына ұстатқан. Коко бесіншісін таңдапты. Танымал «Коко Шанель №5» деген әтірдің тарихы осындай.
Бесінші. Нағыз иіссудың қалпағы тек шыныдан жасалады. Металдан қалпақ киген әтір түпнұсқаның көшірмесі. Тағы бір кеңес-әтірді тоңазытқышқа салып көру керек. Егер лайсаң тартса, онда көшірме екендігінде дау жоқ.
Алтыншы. Сатып алғалы тұрған тауарыңыздың сертификатын сұраңыз. Бұдан қысылудың реті жоқ. Себебі, сіз құжат сұрауға құқылысыз. Сатушы сізге құжатты көрсетсе, мұқият болыңыз. Мұндай құжат тек бір өнім түріне беріледі. Демек, сертификатта бірнеше атау жазылмауға тиіс. Сосын шын сертификаттағы мөр көшірме болмауы керек.
Енді, құрамына тоқталсақ. Кейде «көшіргіштер» әтір өндірісінде этил спиртін метилге ауыстырып жіберетіндіктен, жасанды әтір құрамында аллергия тудыратын «қасиет» басым болады. Мұндай иіссу ерінге, мұрынға тиіп кетсе, улану оп-оңай. Сіз естімеген гүлдердің құрамы жазылған әтірлерден де бас тартқаныңыз дұрыс. Атауы күмән келтіретін өсімдіктер биотехнология арқылы жасалатындықтан, тәніңізде қышыма дерті туу мүмкін. Аллергия деп аталатын ауруға шалдықтырады. Иммундық жүйені әлсіретіп, кез келген шаң-тозаңнан көзіңіз қызарып, түшкіре беретін дертке тап боласыз. Сондықтан, құрамына көп мән беріңіз.
Психолог мамандар иісті адамның бет-ажарымен емес, мінез-құлқымен бекер байланыстырмайды. Өйткені, біздер иіссуды өзімізді қалай қабылдайтынымызға және қандай болып көрінгіміз келетініне қарай таңдаймыз.
• егер, сіз оптимист, жайдарлы, белсенді болсаңыз, балғын, цитрусты, гүлді иістер сай келеді;
• жан тыныштығыңыз бен үйлесімділікті бағалай білетін, жалғыздықты ұнататын, салмақты болсаңыз, шығыстық иістерді таңдағаныңыз жөн;
• сезімтал, уайымға берілгіш, арманшыл және романтикаға жақын болсаңыз, альдегидті-гүлді иістер сай келеді.
Жадыңызда жүрсін! Жаздың жаймашуақ күндерінде көк шалғынның, цитрус тұқымдастардың, нәзік гүлдердің, яғни табиғи иістерді, ал қыстың ызғарлы күндерінде өткір, шығыстық ауыр иістерді таңдаған жөн.
Мінезіңізге сай қалай әтір таңдауға болатындығын білгіңіз келсе, газетіміздің 15-ші беттін қараңыз…
Ақмарал Мырзахметова