Жеті жарым миллион теңге ұтып алғыңыз келе ме? Ол үшін елде жоқ жаңалық ойлап табыңыз! Бүгін Шымкентке «Инновациялық автобус» келді. Астанадан арнайы ат басын бұрған топтың бағыты бөлек. Өңіріміздегі өнертапқыш азаматтарды іріктеп, республикалық байқауға қатыстырмақшы. Инновациялық жобаларды дамытуға арналған бұл бағыт елімізде 2005 жылдан қолға алынған болатын.
Арнайы автобуспен өңірлерді аралауға шыққан ғалымдар тобы бұған дейін Республиканың 8 облысында болыпты. Бірегей жобасын ұсынып, жеңімпаз атанғысы келетіндер жетерлік, дейді олар. Соалрдың ішінен үздігін іріктеу керек. Оңтүстіктің өзінен оқымыстылар назарына 30 дай жоба ұсынылған.
Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ, Облыс әкімінің орынбасары: «Бірінші мақсат — осындай жобалардың, гранттардың бар екенін халыққа насихаттау. Екінші мақсат — біздің қолымыз жетпей жүрген осындай жобаны тиімді пайдалану. Әрбір жобаны «Шымкент инновация» бағдарламасы арқылы жүзеге асырсақ, көптеген өнертапқыштардың ісі жанданар еді».
«Инновациялық форсаж». Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 25 үміткер осылай аталатын реалити шоу түсіріліміне қатысады. Арнайы эфир барысында жас ғалымдар мен кәсіпкерлер, өнертапқыштар ұсынған ерекше жоба талқыланып, жеңімпаз 7,5 миллион теңге грантын ұтып алады.
Бақыт ТӨЛЕЕВ, Корпоративтік даму орталығы директорының орынбасары: «Теле шоу Алматы немесе Астанада түсірілетін болады. Оның барлық қаржылық шығындары жоба аясында төленеді. Сол жерде жобаны дайындаушыларға бизнес-жоспарды дайындауға көмектеседі».
Ұйымдастырушылардың түсіндіруінше, жаңа жоба көбіне еленбей, ескерілмей қалып қоятын, дегенмен болашағы зор істі бастауға жақсы мұрындық дейді. Яғни, ашқан жаңалығыңыз арқылы сіз демеуші де таба аласыз. Тың ұсынысы бар инноваторлардың жобасын жарыққа шығаруға әлі де мүмкіндігі бар. Ол үшін nif.kz сайты жұмыс істейді.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=ZD-mZtosSgg[/youtube]