Кентаудағы жылу энерго орталығын күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жыр болған жылу жүйесін ретке келтіруге қазынадан 1 млрд.-қа жуық теңге қаралды! Қазандықтарды 1-қазанға дейін жөндеп бітіреміз дейді жауапты мамандар. Мемлекеттік сатып алу конкурсы негізінде жұмыстарды «КазойлСервис» ЖШС қолға алыпты.
Ақпан айының 4-і күні Кеншілер қаласындағы №5 жылу энерго орталығындағы қазандықтар істен шығып, кентаулықтар аптаға жуық жылусыз қалған болатын. Шұғыл шара көріп жатырмыз, деп шенеуніктер есеп бергенімен, қысқы суықтан қалай шыққанын тұрғындардың өзі жақсы біледі.
Арада 5 ай өтіп, орталықтағы қазандықтарды кім жөндейтіні енді анықталды. Ол жұмыстарға қаржы облыстық қазынадан қаралып отыр.
Құрманбай Қожағұлұлы, Кентау қаласы әкімінің орынбасары: «Жалпы 947 млн. теңге берілді. 172 млн. теңге апат кезіндегі қарыздарды жабуға жаратылған. 156 млн. теңге екі айлық қатты отынға берілді. 28 млн. теңге сұйық отын мазутқа бөлінді. Күрделі жөндеуге 590 млн. бөлініп отыр. Соның 163 млн. жеңімпазы анықталып жұмыс атқарылып жатыр. Осы жұмыспен біз 1-қазанға жылуды дайындап қосуымыз керек.
Мердігер «КазойлСервис» ЖШС бірінші тамыздан бастап күрделі жөндеу жұмыстарына кірісті. Істен шыққан жабдықтар алынып тасталған. 80-ге жуық білікті мамандар демонтаждау жұмыстарын жасап жатыр. Қала тұрғындарын жылумен қамтушы «Кентау сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қажетті металл құбырлары мен бөлшектер жеткізілуде. Егер 5-6 қазандықтар қазан айына дейін жөнделіп бітсе, 325 көпқабатты және 1200 жеке сектордағы тұрғын үйлерді жылумен толық қамтуға болады дейді мекеме басшылығы.
Күмісбек Қабылбек, «КЕНТАУ СЕРВИС» МКК директорының міндетін атқарушы: «2 қазандық жылу маусымын бастауға толығымен жетеді. 5-6 котел 1 октяберде бітеді. 1 ноябрде 7-ші котел бітеді 2турбинасымен, 11-12 котел желтоқсанға созылады. Ол резервке қалады».
Шаршы метріне 76 теңгеден төленіп келген жылу ақысы шығынды ақтамайды. Себебі тұтынушылардың жылуды өндірушілерге қарызы шаш етектен.
Құрманбай Қожағұлұлы-Кентау қаласы әкімінің орынбасары: «Апат салдарынан 75 млн. теңге қарыз болып қалғанбыз «Оңтүстік жарық транзитке». 75 миллион халықтан алашағымыз болған. 17 миллион қалды. Халықтан қолданған қызметтің ақысын төлесе деген өтінішіміз бар».
Өзін-өзі ақтауы үшін жылу ақысының жаңа тарифі қазір есептелініп жатыр. Ал, тұрғындардың талабы, қысқы маусымда сапалы жылу берілсе болғаны. Өйткені, Кентаулықтар соңғы жылдары жылуға жарымай келгені республикаға аян.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=PYeHgkkpBL0[/youtube]