(Детективті повестен үзінді)
— Дәуренің жүріп тұрған Кеңес Одағының заманында мен қарамағыңда шопан болдым. Ауылдағы «общий баняға» түскенде, зіркілдеп отырып арқаңды ездіретінсің. Дүние кезек деген осы екен дә! Енді айым оңымнан, жұлдызым солымнан туған мен бастық, сен сол кезде дәріптелетіндей аға шопан да мес, әшейін ғана қойшысың. Жекеменшік қойымды бағасың. Баяғыдай «общий баня» жоқ. Моншамды жағасың, әрі мені жуындырасың, арқамды езесің. Қаланың моншаларында массаж жасайды екен. Соның оқуына бір аптаға жіберіп аламын-ау өзіңді,-деген Тойшы қарқылдай күліп, етпеттеген қалпынан көтеріле бере бухананың жалпақ тақтайына шалқасынан жатты. Бір қолында ысқыш, бір қолында сыпырғы ұстаған Жексен иығы сөлбірейіп, «не айтсаң да мақұлға» көнгендей үнсіз.
— Тілің байланып қалған ба? Я бұрыс, я дұрыс десейші. Сондай мақұлдау әңгіме жаныма жағатынын сезе тұра, мелшиеді ғой келіп.
— Айтқаныңның бәрі қисынды. Кезінде бастық едік, енді бағыныштымыз.
— Неменеге бағыныштысың? Бес жыл оқып алған табақтай дипломың қалтаңда. Жоғарғы білімді зәтехніксің. Бірақ диплом түгілі тасбақа да бұйырмаған мен сені малайға айналдырдым. Солай ма?
— Иә, солай. Мен жуынатын су дайындайын, — деген Жексен келесі бөлмеге өтті. Ауыр күрсінді. «Солайын солай болған». Бөлімшеде әуелі зоотехниктен бастады қызметін. Кейін сол бөлімшені басқарды. Мынау буханада біресе етпеттей жатып бұған езуге арқасын тосатын, біресе шалқасынан түсіп бұған қабысқан қарнын сыпырғыға шапаттататын Тойшы мұның қарамағындағы шопандардың ең тақыр кедейі еді.
Буханадан Тойшы айқайлады.
— Жап-жас мықты жігіттерді елемей сені неге қойшылыққа қабылдағанымды білесің бе? бастық кезіңде араққа мелдектеп, қойдың біразын құртқан маған кеңшілік жасап, сотталудан сақтап қалдың. Бала-шағасы қаңғып далада ұлардай шуламасын деп, шопандықтан да босатпадың. Жекешелендіру басталғанда ауылда кіретін баспанасы да жоқ, отырған қорасын үйімен Тойшыға берейік дегеніңе өзгелерді көндіріп, үлесіме осы мал қораны басыбайлы еттің. Міне, мен осы жақсылығыңды қайтарудамын. Әйтпесе дәл қазір сен де аштан қатар едің. Дұрыс па?
Үлкен шылапшынға ыстық-мұздай суды араластырып, дайындаған Жексен ыдысты жуынатын сөреге қойып жатып:
«Дұрыс, дұрыс» деді іштей. Мұның басынан аста-төк дәуренінің бұлбұл ұшқаны қашан. Қаншалықты бағалай алды, алмады, бірақ қарамағындағы еңбек еткен қойшыға да, қолаңға да тізе батырып, бақай есеппен қудаламағаны өзіне аян. Партиясы бар, кәсіподағы бар ол кезде шаруа адамының қорғаушысы көптігінен де шығар, бәлкім. Қазір қожайының қорласа, кімге барып шағынғандайсың. Бәрі сот арқылы шешілуі керек дей салу оңай. Сол сотыңызға бұл сияқты табақтай дипломы бар, арғы-бергі саясаттан да хабары аз емес, бірақ қалтасы тесік мүсәпірдің қолы жете қоюы екіталай. «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесіннің» заманы дәл қазір. «Капитализмде адам адамгершіліктің емес, ақшаның құлына айналады» дегенді бір кітаптан көзі шалған-ды. Міне, сол ақшаның құлының шырмауына шырматылғанның біреуі өзі. Бұрынғы аға шопаны, қазіргі қаржылы Тойшы ақша ұсынса, не айтса да орындауға құмбыл. Үйінде жол кіреден тарыққан баласы мен қызы отыр қаладағы оқуларына кете алмай. Сол үшін ақша сұрамаққа қанша оқталса да, байлықтың буымен дөрекілікгі әбден асқынған жетесіздеу немеден жанын жаралар сөз естіп қалудан жасқаншақтап, шылапшындағы судың градусын туралайтындай мың мәрте араластырған бейбақ күйі мынау.
— Жексен, әй, неғып үнің өшіп кетті.
— Су дайындап жатырмын, Төке!
— О! Құдайдың мұнысына шүкір «Төкелеттірген».
Солай ма, Жексен? Менен бір жас үлкендігіңді де елемей «Төкелей» сызыласың. Ал, мен сені көзіңді бақырайтып қойып Жексен деймін. Бәрі жарасып-ақ тұр. Солай ма?
— Бәрі жөн, айналайын!
— Айналмай-ақ қой. Оған зәру емеспін. Бүкіл ауыл айналады қазір мені. Кезінде үлесіме өзің әперген қораның, соны малға толтырған балаларымның арқасы мұның бәрі. Қысқасы, мені жұртқа Төкелететін ақшам. Солай ма? Екі балам Шымкенттің зауытынан балон ұрлап «сайғақ» болмағанда, одан өтіп «рэкет» болмағанда, одан өтіп «разборшік» болмағанда, қазір тойхана ашып, бензин сатпағанда, бұл ауыл мені адам құрлы көрмес еді. Солай ма? Бу басқан моншаның ішінде Тойшының лепірген даусы ғана гүмбірлейді.
Бұлар қызмет жасағанда ішіп-жеп қойса сотталарынан, сотталса үрім-бұтағының бетіне шіркеу түсерінен қорғалақтайтын. Ал, қазір жасағн қылмысы зорайған сайын, оның адамы да зорая түсетін бір түсініксіз заманға айналды-ау! Төңіректі шулатып жүретін екі баласының қылмыстық әрекеттеріне мақтанып, арамнан тапқан малды малданып, Тойшының буға бөгіп жатысы анау.
— Әй, Жексен, неғып тілің байланып қалды? Баяғыда сен бастықтың алдына әлдене сұрауға барғанда дәл осылай мен де тілімнен тұтылып, бетіңе қайта-қайта жаутаңдаушы едім. Сенің қазіргі қыбыжың қаға бүгежектеуіңе қарағанда менен бірдеңе тіленбексің-ау осы. Солай ма? Бағанадан Тойшының «мақұлмасына», «солаймасына» іштей «солай» деп дауыстап жіберді.
— Еңбекақыңның есебінен бөлемін қарызға. Мына түріңмен ай сайын алатын он мың теңгеңнің ұштығы мен пұштығын да ұстамайсың ғой. Банкрот қойшы атанып, үрім-бұтағыңмен мәңгілік малайыма айналарсың, зәтехнігім-ау! Қанша сұрамақсың?
— Сол он мың. Бухананың төменгі сөресіне аяғын салбырата жайғасқан Тойшы әлдене ойлағандай біраз үнсіз пысылдай отырып кенеттен:
— Бір-ақ жағдайда аласың,-деді. Бәріне көнгендей Жексен үндемеді.
— Менің өкшемді езесің! Алғашқыда түсініңкіремеген Жексен еріксіз:
— Қалай?! — деді тамағы құрғағандай жұтына.
— Оған неменеге сонша шошыдың? «Есектің артын жусаң да, мал тап» деген емес пе. Аяқтарына кезек-кезек шұқшиған Тойшы:- Менің мына екі өкшемді қаладан әдейі әкелген ысқышыммен тазалайсың,- деді.
— Өкшең нәскиіңнен көрінбейді ғой. Оны сонша ысқылау неменеге керек? -деді Жексен я ашуланарын, я күлерін білмеген шарасыз үнмен қыстыға тіл қатты.
— Саған ақша, ал маған көңілімнің қалауын жасату керек. Егер айтқанымды істесең, әлгінде сұраған он мың теңгенің қарызын кешемін. Сенің арқаңда мен ялғи тегін езетінмін. Ал, саған моншаға жуындырғаның, оны жаққаның үшін бөлек төлеймін ғой. Бұл да жасаған көп жақсылығымның бірі. Енді соған өкше езгенді кіргізіп, тағы да ақша қосамын. Келісесің бе, жоқ па?
Амалы құрыған Жексен:
— «Нәскимен жүресің ғой? — деген.
— Ой, сен ақымақпысың? Мен нәскимен отыратын қонаққа емес, түнде жалаңаяқ жататын жұмсақ төсекке барамын. Өзі тәлпіш келіншек екен, кім біліпті. Өткенде: «Өкшеңнің мазолы бар ма, балтырымды жырып жіберді. Кел, аяғыңды жуып, өкшеңді езіп, тырнағыңды алып, жүйкеңді босатайын. Аппақ, жұмсақ төсекке тазаланып, былбырай кіргеннің ләззатын сезінбегенсің ғой ә!? Сүйелденгіш өкшеңді моншаға түскенде езіп жұмсартып кел, қалған жағын маған қоя бер», — деп сылқылдай күліп өзі айтқанындай жуындырсын. Мұндай рахатты көрмей өту күнә. Содан соң мына сенің қолыңдағы имек темірді базардан сатып әперді. Ақшасы удай екен, бірақ сұраған теңгесін ұстаттым ғой қолына. Үстіне еңірете қосуы да мүмкін. Бірақ бойым балқып жүрген менің оған «бұл темір неге сонша қымбат» деуге шамам да жоқ еді. Ой шіркін-ай пейіштің бәрі сол келіншектің төсегінде ме деп қаласың. Жаныңды балқытып, еріте отырып сұрағанда әлгі келінге қалтамды қақтатып, ауылға сымпиып қайтамын ғой. Мұндай пейіш үшін бар малымды тігіп жіберемін бе қайдам. Өзің де опырулайщі кезіңде талай келінге шөккеніңді сездірмейсің. Бірақ ол кезде өкше ездіретін құрал түгілі арқаңды ысқылайтын дені сау ысқыш та табылмас-ау! Жаңағыдай аяғыңды жуып, тырнағыңды алып беретіндей көңілдестің де ұшыраса қоюы екіталай шығар. Әй, неге үндемейсің?
— Үндегенде не деймін?!
— Ең болмағанда нағыз рахатқа батыпсың ғой байлықтың арқасында демеймісің? Әлде қызғанамысың?
— Неге қызғанамын? Табан асты шалқыған байға айналдың да шықтың. Алланың бергені дә.
— Аллашыл екенсің, жүдә. Балаларыңның арқасы десең, тісің түсіп қалады ма?
— Балаларыңның еңбектерін мен түсіне бермеймін ғой. Бірақ не істесе де аузыңнан ақ майды ағызғаны анық.
— Е, солай жөніңе көшсейші. Жаңағы әйелдіде балаларыма ауылдан қаланы сағалап келген туыстарыңның жесірі. Қарасып тұрыңдар деп таныстырып қойғанмын. Содан бері бұрынғы-бұрынғы ма, енді тіпті жайылып түсті. Айласы көп, сипалап отырып-ақ талай жұмысын тындыртып алады.
— Оның кім еді сонша кергитін саған?
— Кім екенін неғыласың! Он мың теңгені алдағы сапты, тор көзді ысқышты ұстатып, бұған аяғын созды. Кезінде сірісінен басқан, керзі етігінің жыртығынан кір-кір шұлғауы көрініп, садыраны жиіркенбей тізеден кеше малшынған қойшының аяғын қолына еріксіз ұстаған Жексен бұрынғыдан да тілі байланып, екі аяқтың өкшесін, табанын кезек-кезек ысқылай бастады.
— Айналайын байлықтың күшін-ай! Тойшы тыныш таппай керги сөйлеуін қояр емес.
— Саған таңғаламын, Жексен. Бастық кезіңде бізге қамқорси қарағым-шырағымдағанша, неге көтке теппедің көрші ауылдың опырулайщі Топпай құсап. Баяғыда мені аяғаныңа көңілім құлап, қазір мен сені аясам, айтқанымды істер ме едің? Жоқ, істемес едің. Сол кездегі мен сияқты қойдың біразын қысырға шығарып, егізін жасырып, өлген қозыны тығып тастар едің? Жаныңды көзіңе көрсете жұмсаған соң ғана мұсылмансып жүрсің ғой. Әйтпесе, тірі бағынарсың маған. Рас па?
Әлде намыстан, әлде ыстықтан өкпесі алқына ырсылдаған Жексен:
— Болды ма?- деді күрсіне.
— Арқа, борбай, бұтқа дейін тамаша езуші едің, өкшені езу де қолыңнан келеді екен ғой, — деген Тойшы тарқылдай күлді.
— Егер жуынып болсаң, шығайық. Жексен теңселе басып, сыртқы есікті ашты. Киініп әуліде сәл демігін басып, атына мінген Тойшы қалтасынан шығарған бір буда ақшаның арасынан екі бес мың сомдықты ұсынды Жексенге.
— Өкшені маладес ездің. Енді тырнап кетті демейді.
— Қалалық сұлуыңа жеткенше өкшең тағы да мүйіздейтіндіт тә.
— Қалалық сұлуың не тантыптұрған. Кезіндегі ауылдың-ақ ұрғашысы. Өзіңнің жесір қалған келінің. Өлген бауырың Сейсеннің әйелі — Алуаш. Ал, қайтесің? — деген Тойшы атын тебіне топырақ қақтыра шаба жөнелді.
Екі қолында екі бес мың теңгелікті мыжи ұстаған Жексен есінен адасқандай меңірейді. Әлден уақытта өзіне-өзі келген жігіт ағасы еңірей жылады. Адалдықтың ала жібін аттамаған пейілінен тапқаны осы ма сондағы. Бұл құдайдың әділеттілігі қайда? Бүйтіп қорланғанша неге өле салмадым. Өкшесіне дейін езіп, бауырымның төсегіне өзім дайындап жібергендей болғаным-ай. Жау алғырдың келіні тер сасыған бұл иттен не қызық көрмек. Оның да құлқынын тескен қу ақша ғой. Әйтпесе, ақ ниетін былғатар ма еді. Өкси-өкси өкпесі өшіп, бет-аузы іскен Жексен таң қараңғысында ауылға үйіне жетті. Отағасының жаяулап тым ертелетіп келісі көңіліне қонбаған әйелі Жақұт есіктен үнсіз кірген күйеуінің бет-әлпетін жарықтан көргенде:
— Түрің өрт сөндіргендей не сұмдық. Тыныштық па?- деді.
— Тыныштық. Ауырдым. Анау үйге ескерткін. Малы да, қорасы да егесіз. Басқа қойшы іздесін, мен бақпаймын. Жексен осыны айтты да, тырп етпей жатып қалды.
Көп ұзамай оқудағы баласы мен қызының соңынан қалаға ұзаған Жексен әлдебір қоймаға жүкшілікке орналасып, томаға-тұйық тірлікке көшкен. Ауылға тым сирек оралатын да, ешкіммен шүйіркелеспей үйінен қайтатын қаласына. Түрі қарауытып, бір түйінді шеше алмай, ішкі дерт-құсаға ұлғайып бара жатқан ұсқынын аңғарып секемденген әйелі қанша ежіктесе де, ауылдан сырт айналу себебін біле алмай-ақ діңкеледі.
Қыраулы қыстан құтылып, мамыр айына ілінген жұрт аузыңда бай Тойшының қойшысы Тұяқтың үш қыздан кейін дүние есігін ашқан ұлына бесік тойды өзі жасамақшы мырзалығын алқаулаған әңгіме жүрді үйме-үйді жағалап. Түсте Тұяқтың ауласында өткен бесік тойдың қонағының маңдайалдысы Тойшының әйелі Тұмакүл болды. «Осы Тұмекең бәйбішенің арқасы» десті қошеметшілердің бір парасы әсіресе әйелдер жағы Тойшының мұнда жоқтығын пайдаланып. «Бәйбішелеп қоймайсыңдар, немене Тойшының «Тоқашы» да бар ма қалай? бүгін көрінбеуіне қарағанда сол жақта жатқан шығар»- деп қисайды құрдастарының бірі.
— Тойшы ешқандайда «Тоқашының» жанында емес, қой ауылда. Мына қайным ұлының бесікке салар тойын өзі атқаруға сұранған соң, бір күнге ешкімді әурелемей-ақ малға өзі қарамаққа қырға кетті. — деген Тұмакүлдің салиқалы жауабы даудырасқан көпті тыныштандырды. Біразы енді қойшысының ұл той жасауына жұмсалар шығынын оның айлығына жатқызбай, өз қалтасынан ақша шығарып көмектескен әрі кеңшілік танытып, малда қалған Тойшының адамгершілігін мақтасты әбден. Тұяқ спиртті молынан қамтыпты. Алғашқыда спиртке араластыратын қайнаған су, бұлақтың таза суын іздеген жұрт соңында таза суы қайсы, арықтан әкеле салған лайсаң су қайсы екенін де парықтамастан сілтесті. Би билеу жанданған бір тұста шатақ той егесі Тұяқтың өзінен шықты.
— Бай маладес,-деді тілі күрмеліңкірепқұрдасы Қайдар Тұяқтың иығына қолын салып. — Бәрі молынан жетіп жатыр. Туысыңа қарассаң, осылай-ақ қарас. Кәлжіреген Қайдардың жүзіне көзін сүзе қадалған Тұяқ:
— Атаңның басы, маладес бай. Мынаның бәрі менің айлығымның,он мың теңгемнің есебінен. Тегін дүниені ұстата салатын Тойшы ма? Мә саған, тас берер. «Түнде тойласаң, ертеңгі мал бағуға жарамайсың, күндіз жаса топалаңыңды» деді. Естисің бе, тойыңды деген жоқ, топалаңыңды деді. Оның аузынан қашан жақсы сөз шыққанын естіп едің. Күн сайын емес, сағат сайын қаныңды ағызбай тамырыңнан бітеудей сорып отыратын ондай байға мың нәлет. Кешке қой ауылға жетпесем, құртатынын шегелеген. Түсіндің бе сорлы». Осылай тістенген Тұяқ құрдасын кеудесінен итеріп жіберді. Шалқасынан құлаған Қайдарды көрген бір-екі ет жақыны Тұяққа ұмтылды. Шынымен-ақ тойдың соңы топалаңға айнала жаздады. Көздері тұмандана ежірейіскен еркектерді ұлардай шулап басқан әйелдер енді әлгіндегі төбелескендерді татуластыру үшін спиртке қосатын таза су іздей жүгірді. Тойшылардың құдайы беріп, ішу одан әрі жалғасты.
Тойдың шырқы бұзылғанын байқаған Жақұт үйіне қайтқан. Қаладан Жексен келіпті. Дереу шайын қамдап, күйеуінің қас-қабағына қараған келіншек той туралы әңгіме қозғағанымен Жексен тыңдар құлақ танытпады. Тек «Тойшы Тұяқты қойдан бір күнге босатып, қорада жалғыз қалыпты. Бірақ өлесі мас қойшысы бүгін онда жете алмайды-ау» деген тұста елеңдегенімен, үндемеді. Күйеуінің Тойшыға қойшылыққа жалданған күннен бастап әшейіндегі ақжарқын мінезінен ажырағанын, «малын бақпайтынымды айтқын» деп үйге оралған сол күннен мүлдем өзгергенін біледі. Тойшының моншада Жексенге өкшесін ездіріп, әбден мазақтағаны жайындағы сыпсың-сыпсыңды құлағы шалғанымен, күйеуінен оның ақи-тақиын сұрауға батылы бармаған. Әлі сол бітеу жарамен жүр Жексен. Әйел жүрегі осы сұмдық өзгерістің түбінде ауыр зіл ұйығанын сезеді. Соған қауіп етеді әрдайым. Аман-есендерінде ауылдан көшіп-ақ кетуді тілейді. Бірақ оған әзірге шамалары жетер емес.
Бағдат ҚАЛАУБАЙ.
(Басы.Жалағасы келесі нөмірде)
Автор жайлы бірер сөз:
Бағдат Қалаубай – жазушы-журналист. Әдебиетімізде өсу жолы ауырлау детектив жанрына қалам тартып жүр. Бағдат Ерболғанұлының бұған дейін «Есіркеп батыр», «417- бөлмедегі қылмыс» , «Жалғыз куә» деген атпен повестер мен әңгімелер жинақтары жарық көрген. Бүгін біз өз оқырмандарымызға қаламгердің «Кесілген өкше» детективті повесінен үзінді ұсынып отырмыз.
Б.Қалаубай бүгінде Бәйдібек аудандық «Алғабас» газетінің бас редакторы.