Кесілген өкше

(Жалғасы. Басы өткен санда)

– Тойшы ешқандайда «Тоқалының» жанында емес, қой ауылда. Мына қайным ұлының бесікке салар тойын өзі атқаруға сұранған соң, бір күнге ешкімді әурелемей-ақ малға өзі қарамаққа қырға кетті, – деген Тұмакүлдің салиқалы жауабы даудырасқан көпті тыныштандырды. Біразы енді қойшысының ұл той жасауына жұмсалар шығынын оның айлығына жатқызбай, өз қалтасынан ақша шығарып көмектескен әрі кеңшілік танытып, малда қалған Тойшының адамгершілігін мақтасты әбден. Тұяқ спиртті молынан қамтыпты. Алғашқыда спиртке араластыратын қайнаған су, бұлақтың таза суын іздеген жұрт соңында таза суы қайсы, арықтан әкеле салған лайсаң су қайсы екенін де парықтамастан сілтесті. Би билеу жанданған бір тұста шатақ той егесі Тұяқтың өзінен шықты.

– Бай маладес,-деді тілі күрмеліңкіреп құрдасы Қайдар Тұяқтың иығына қолын салып. – Бәрі молынан жетіп жатыр. Туысыңа қарассаң, осылай-ақ қарас. Кәлжіреген Қайдардың жүзіне көзін сүзе қадалған Тұяқ:

– Атаңның басы, маладес бай. Мынаның бәрі менің айлығымның,он мың теңгемнің есебінен. Тегін дүниені ұстата салатын Тойшы ма? Мә саған, тас берер. «Түнде тойласаң, ертеңгі мал бағуға жарамайсың, күндіз жаса топалаңыңды» деді. Естисің бе, тойыңды деген жоқ, топалаңыңды деді. Оның аузынан қашан жақсы сөз шыққанын естіп едің. Күн сайын емес, сағат сайын қаныңды ағызбай тамырыңнан бітеудей сорып отыратын ондай байға мың нәлет. Кешке қой ауылға жетпесем, құртатынын шегелеген. Түсіндің бе сорлы». Осылай тістенген Тұяқ құрдасын кеудесінен итеріп жіберді. Шалқасынан құлаған Қайдарды көрген бір-екі ет жақыны Тұяққа ұмтылды. Шынымен-ақ тойдың соңы топалаңға айнала жаздады. Көздері тұмандана ежірейіскен еркектерді ұлардай шулап басқан әйелдер енді әлгіндегі төбелескендерді татуластыру үшін спиртке қосатын таза су іздей жүгірді. Тойшылардың құдайы беріп, ішу одан әрі жалғасты.

Тойдың шырқы бұзылғанын байқаған Жақұт үйіне қайтқан. Қаладан Жексен келіпті. Дереу шайын қамдап, күйеуінің қас-қабағына қараған келіншек той туралы әңгіме қозғағанымен Жексен тыңдар құлақ танытпады. Тек «Тойшы Тұяқты қойдан бір күнге босатып, қорада жалғыз қалыпты. Бірақ өлесі мас қойшысы бүгін онда жете алмайды-ау» деген тұста елеңдегенімен, үндемеді. Күйеуінің Тойшыға қойшылыққа жалданған күннен бастап әшейіндегі ақжарқын мінезінен ажырағанын, «малын бақпайтынымды айтқын» деп үйге оралған сол күннен мүлдем өзгергенін біледі. Тойшының моншада Жексенге өкшесін ездіріп, әбден мазақтағаны жайындағы сыпсың-сыпсыңды құлағы шалғанымен, күйеуінен оның ақи-тақиын сұрауға батылы бармаған. Әлі сол бітеу жарамен жүр Жексен. Әйел жүрегі осы сұмдық өзгерістің түбінде ауыр зіл ұйығанын сезеді. Соған қауіп етеді әрдайым. Аман-есендерінде ауылдан көшіп-ақ кетуді тілейді. Бірақ оған әзірге шамалары жетер емес.

Жексен қолына тиген ақшасына базардан үйге зәру заттарды әкеліпті. Шайланған соң, үнсіз жатып қалды. Мұндай беймезгіл апақ-сапақта күйеуінің жастыққа қисаймайтын әдетін білетін Жақұт мына сүлесоқтықты неге жорырын да білмеді.

«Жүректі емдету керек». Бұл қалалық аурухана дәрігерінің үзілді-кесілді тұжырымы. «Қазір жүрегі ауыратындар шымалдай көбейіп барады. Заман стресс, адамдар да бір-біріне тек стресс. Бұрынғыдай жаны ашу, тіпті жылы сөздері де тықырланып кетті, себеп осы-ақ, көке». Бұл – әлгі дәрігерге көрінбекшілердің кезегіндегі жап-жас жігіттің пікірі. Жексен Жексен болғалы, елуді алқымдағалы қыңқ етіп ауырмапты. Моншадағы қорланудан кейін былайғылар шыдамды десетін жүйкесі морт мүжілді. Күндіз-түні көз алдында Тойшының екі өкшесі. Әбден тазаланып, жұмсарған өкшелер марқұм інісінің төсегіне кіріп бара жатады. Жүрегі осы қорлықты көтере алмағаны-ау. «Емдетпесең болмайды» дейді. Ол оп-оңай ма екен. Ілдебайлап тапқан ақшамен қай тесігін тығындайды. Әйтеуір өліп қалғанша әйелінің, бала-шағасының кісі қолына жәутеңдегенін көрмесе екен. «Өлгеннің соңынан өлмек жоқ» демей ме. Күндерін көрер. Басқаға амалсыз. Жүрегім дей берсе, ауыр жұмысқа жарамайды. Жеңіл жұмысты бұған ешкім бермейді. Бәрібір түбі бір өлім екен. Ең ақыры отбасына пайдасы жоқ жанды дәрілеп сақтаудың керегі не? Күмән-күнәсі көп ойларға жүрегін шалдырып, өкпесін алдырған Жексен көз байланғанда басын көтеріп, сыртқа шықты. Төрт-бес уағын күш-күштеген әйелі мен екі баласы қорада жүр. Жалғыз сиыр сары аурудан өлген. Бұзауы көрінбейді.

– Бұзау қайда?

– Осы төңіректе жүрген шығар. Қазір балалар айдап келеді ғой.

– Балалар әуреленбей-ақ қойсын. Мен іздеймін, – деген Жексен ауладан сыртқа беттеді. Келесі көшедегі туысы Пернебектіңкіне өтіп, атын сұрап мінді. Бөген өзенінің бойымен, қалың сәмбі, жыңғылдың арасымен ауылдан ұзай түсті. Өзі институт бітіріп келіп зоотехник, одан соң бөлімше басқарғанда талай-талай атпен, машинамен жосылтқан жолдары ғой. Қазір жол-жөнекейде үш қора бар. Солардан бұзауын сұрайды да, түн түнегі күшіне мінгенде мүлдем басқа тұстағы Тойшының қорасына жетеді. Оңаша қалды деді ғой Жақұт. Онымен қойшының емес, намысын жыртушының көзқарасымен бір сөйлесіп көрмекке бел буған қашаннан-ақ. Қаладан талай келді қантүлеп. Бірақ сәті түспей, Тойшының оңашасын бір орайластыра алмай жүйкелеген.

Сол күн бүгін туған сияқты. Жанын көзіне көрсетіп, адамның намысына шабақтағанның ақыры ешқашан жақсылықпен бітпейтінін танытса, бұдан кейін мүмкін артын қысып жүрер. Бай болған пенде итке айналуы керек пе? Адамдар жанының дәнекері – адамгершілік қасиеттер емес пе? Ол жоғалған тұста бірін-бірі түтіп жібермей ме? Егер байлар дүниесінің игілігін көргісі келсе, төңірегімен адамша сөйлеспес пе?! Олай сөйлесе алмаса, көп құрдымға батырып жібермей ме? Бұл Тойшының байлығын қызғанған емес. Әке жағынан жолының үлкендігіне қарамай-ақ ұсынған жұмысын күн көрісі үшін қолына алды. Бәріне көнді, көндікті. Бірақ жеке бастың намысына тиетін мазақы әрекеттерін қашанғы көтеруге болады. Әй, сол намыс шіркін соның өзінде жоқ-ау. Сондықтан да намысқойлықтың шын күшін қайдан сезінсін. Егер дүниесінен бүгін айырылса, сол сәтте-ақ маймылға айнала салар баяғысындай. Ал, Жексен құрдымға түсіп кетпеу үшін тырбанып, сетінеген өрмегін бүтіндей алмаса да жақсылықтан күдер үзбей, намысының қамшылауымен жүрді емес пе?

Тірнектеп жинағандарына ұл-қызын оқытып, солардың ертеңіне артты бар арманын. Соларды тәрбиеледі заманыңның адамы бол деп. «Қылмыспен-ақ мал таба бер» деген жоқ Тойшыша. Аттың оқырануынан ойы үзілді. Көздеген қорасына жеткен екен. Үйдің алды жап-жарық, моншасында да жарық жылтырайды. Сірә, Тойшы осындағы моншасын жақтырып, бір түспей кетпейтін әдетіне басса керек. Әлде Тұяқ келіп, соған жақтырды ма? Онда мұның тағы да жолы болмағаны. Ат үстінде жақындамай алыстан байқастады. Үйден біреу шықты. Тойшы, иығында мылтық. Демек, бір өзі. Әйтпесем, мылтық арқалап не жыны бар? Атты тебініп қораның қараңғы тұсындағы бұғатқа шылбырды байлап жатқанда ғана мұны байқаған Тойшы:

– Әй, сілімтік той сенің не теңің. Ұлды болдым деп сонша жыртыласың. Құдай біледі дә, оның кімнің сідігі екенін. Әйеліңнен сұрап па едің меніңкі ме деп. Ой тойыңның топалаңы шыққыр. Тойыңа жасаған шығыным бар, бүгін күні-түні мені қой соңында салпақтатқаның бар, биылға көк тиын алмай, тегін бағасың. Есектің миын жеген миғұла.
Мылтықты дуалға сүйрей салып, бұған қарай ентелей жүрген оның былапыттаған аузы бір тыным табар емес.

– Әй, қараңғы бұрышқа неғып байланып, ыбылжып қалдың. Атыңның шылбырын таппай сандалып тұрмысың. Атау кереңді сонша ішкенше, ертеңіңді ойламайсың ба, тасыңды ішкір. Атты екпіндей айналған ол маңдайдан тиген жұдырықтан дыбыс шығаруға да шамасы жетпей шалқасынан түсті. Сұлайған Тойшыны аяғынан сүйреген Жексен есік алдына барысымен, сырттың жарығын өшірді. Бір қолына мылтықты ұстап, екінші қолымен Тойшының аяғынан дырылдата одан әрі моншаға кірді. Сүйретілген Тойшы есін жинағанда еңіреп жылады:

– Ойбай, бұл қайсың? Не жазығым бар? Кім де болсаң барымды ал, жанымды қи. Моншаның кіреберісіндегі жарық екен жылтырап тұрған. Оны да өшірді де, жағасынан жұлқи көтерген Тойшыны маңдайдан, жүрек тұстан оңдырмай соғып, сылқ түсірді. Талай түндерді ұйқысыз атыртқан, өкше ездірген сол таңдағы қызыл шұнақ аязды да елең еттірмей дедек қақтырған ыза-кек тұла бойын бара-бара билей алқындырғанын аңғарар емес Жексен.

«Бауыздамаққа» пышақ, «буындырмаққа» жіп сайлағаны қашан. Бірақ жіңішке қыл шылбыр аттың мойнында қалыпты. Қателеспесе осында да шпагат кермелер болуы тиіс. Моншаның жуынатын бөлігінің шамын жақты. Жобасы дұрыс екен. Қабырғаны бойлай керілген жіңішке жіпті қиып, бір ұшын тұзақтай Тойшының мойнына салды да, әлі былқ-сылқ денені сөреге бүктей отырғызып, жіптің екінші ұшын төбедегі цементі үгітіліп көрініп тұрған белтемірден өткізді. Осы кезде есін жиған Тойшы жарықта өзін мошқаушының кім екенін көріп танығанда: «Ойбай, көке, не жаздым?» деп жылай бастады. Қолғапты қолымен Тойшыны ұмсықтан тағы бір сүйкеген Жексен тістене сөйледі:

– Сен иттің баласы ештеңеге жазықты емессің. Тек, өкшеңді езіп бермекке сонау Шымкенттен арнайы келдім.

– Көкежан, рахмет, өкшем таза, жаңа ғана моншадан шықтым, – деді қорқыныштан сансыраған Тойшы.

– Ұмытпаған шығарсың, мен сенің өкшеңді кезінде жаныңды кіргізіп, тазалағанмын, езгенмін. Ал, қазір жаныңды көзіңе көрсетіп тұрып еземін. Оның да рахатына шомыл. Қолыңдағы жіптің ұшын бухананың ішке ашылатын есігінің жоғарғы белдемесіне ілмектеген Жексен Тойшының қол-аяғын матады. Есікке байлаулы жіптің ұшын кері тартқанда, мойны жіпке қылғынған Тойшы тырп ете алмады. Содан соң Жексен қалтасынан шаппа шығарып қылпылдаған жүзін саусағымен сипалады. – Көрдің бе, жүзі қандай өткір. Жаныңды қинамай, өкшеңді енді қайтып сүйел баспастай қырнаймын. Келіннің төсегіне кіргенде сүйел түгілі өкшеңнің бар-жоғы білінбейтін болады. Өткір пышақ екі өкшені тілімдей ойғанда қан тамшылады.

– Ойбай көке, – деп боздады Тойшы. Өзінің байшыкештенгеннің жөні осылай санап соншама есіріктеніп, ақымақтыққа салынғанын жаны мұрнының ұшына келгенде ғана түсінгендей шырылдады. Жексен шаппамен Тойшының өкшесін одан әрі қырнай бастады.

– Сен жаның үшін өкіріп жылап жатырсың. Ал менің ішімнен қан жұта қалай жылағанымды сен сезбейсің ғой. Қазір қанын жуамын, сонан соң тұз себемін, – деген ол шылапшынға ыстық су құйып, сөреге қойды. Ауыр күрсінді. «Енді не істеуі керек? Бұл итті қайтіп қана өлтіреді. Осыған дейінгі буған ыза әлгіндегі сілейте ұрғанымен, жер қаптыра сүйреуімен жазылып кеткендей. Қолымды бекер-ақ былғадым ба? Сөйлесіп, түсінісіп, тып-тыныш тарқасақ қайтеді? Осы тұяқтағанымды түсініп, жаратқанға тәубә айтар. А, қайтсем екен?!» деп сөре үстінде қырылдаған Тойшыға қарады. Үнсіз. Буындыра керілген жіптен сөйлеуге шамасы жоқ-ау. Әйтпесе, тағы да көкелеп жылар еді. «Қой, тұзақтан босатып, әңгімеге келейін». Жексен Тойшының аяғын шешіп, орнынан демей көтергенде, буындырған тұзақ босады. Ауыр тыныстаған Тойшы ышқына тепкенде шалқасынан құлаған Жексеннің сол қолына шылапшыннан ақтарылған ыстық су құйылды. Ұшып тұрған ол әуелгіде не болғанын түсініңкіремей мәңгіре қарады жан-жағына. Көз алдында тыпырлаған Тойшының денесі созалаңдай барып, сұлқ түскенде ғана санасы шайдай ашылды.

«Өлдің бе?» «Өлдің ғой» «Өлді». Қаншама айлардан бері бойын буған ызаның тылсым торы пырт-пырт сетінеп, тұла денесі тырыстырған құрсаудан құтылғандай жеңіл сезінді өзін. Тойшыны өлтірудің, сөйтіп із қалдырмай кетудің талай жоспарларын жасаған бұған дейін. Осында қолына қолғап, топлиына киетін салафан ала келген. Әлгінде ыстық су құйылғанда сол қолындағы қолғапты шешіп үлгерді әйтеуір. Бірақ ашуы күшті. Күйдіріп алды-ау. Моншаның бар суын ағызып, ішін білгенінше жуды. Сонан соң жарықтың бәрін сөндіріп, атына мінді.

***

Спиртті өлердей ішіп, енді мәңгі Тойшының малайына айналатынын айтып, әркіммен жағаласып, түн аудыра сілелей құлаған Тұяқты Тойшының әйелі: «Аяқ бала, тұра ғой, айналайын. Анау көкең буынып жатқан шығар. Ертерек барғын. Сол жақта есебін тауып демаларсың. Соңырек келінді апарып салдырамын машинамен» – деп таң қараңғысынан оятты.

Бағдат ҚАЛАУБАЙ
(Жалғасы келесі нөмірде)