Діни сауатсыздық немесе шала сауаттылық қазіргі қазақ қоғамындағы ең өзекті жағдаяттардың бірі. Елімізге мысықтабандап кіріп, ұлтымызды іштен іріткісі келетіндердің жымысқы ойлары турасында баспасөз беттерінде аз айтылып жүрген жоқ. Отан, ұлт амандығын ойлаған ел ағалары бұл мәселеге шынайы назар аудара бастады. Соның бір айғағы, елімізде Дін істер агенттігінің ашылуы. Сондай-ақ, облыс әкімі А. Мырзахметовтың тапсырмасымен дін саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жастарды кереғар ағымдардан қорғау мақсатында «Әлеуметтік бастамалар орталығы» мекемесі құрылды. Міне, мұның бәрі де болашағымыз үшін жасалып жатқан келелі қадамдар.
Елбасымыз Н. Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізуі үлкен тарихи оқиға. Алайда, қоғамда кейбір арамниеттілер бұл іс-шараны жеке мүддені көздеушілік деп түсінетіндер бар. Қыңыр пікір білдірушілер көп-ақ. Ал дәстүрлі діндер көшбасшыларының ойынша, әлем халқын бейбітшілікке үндейтін бәтуалы жиынның берері мол. Расында солай емес пе? Кешегі Ақтөбе, Тараз оқиғалары халықты дүрліктіріп қойғаны белгілі. Осындай діни дүрдараздықтан туындаған содырлық әрекеттің тамырына балта шабу үшін келелі жиын керек-ақ.
Қоғамдағы қордаланған рухани кеселдерді анықтау, халықты экстремистік және террористік секталардан сақтау үшін құрылған «Әлеуметтік бастамалар орталығы» біраз жәйтқа қанығып келеді. Халықпен кездесуді мекеме басшысы тікелей өзі қадағалап жүр. Мекеменің ұйымдастырған жиындарына аудан, ауыл әкімдері, мектеп директорлары мен мұғалімдер, қоғамдық бірлестіктер мен діни бірлестіктер өкілдері, сондай-ақ, белсенді азаматтары қатысуда. Семинар барысында үгіт насихаттық топ мүшелеріне түрлі тақырыптағы сауалдар мен ұсыныс, пікірлер көптеп түсуде. Бір айта кетерлігі, халық арасынан қойылған сауалдардың басым бөлігі хиджабқа қатысты болып отыр. Оны кию дұрыс па, бұрыс па? Мұндай сауалға облыстың барлық ауданында кезіктік. Айтатынымыз, хиджаб кию біздің салт — дәстүрімізде жоқ. Дегенмен, апа-әжелеріміз киген кимешек, ақ орамал, ұлттық нақыштағы ұзын етекті көйлек өз заманында аналарымыздың дініне беріктігін байқатары анық. Олай болса, ашық-шашық көйлек киіп кердендегеннен гөрі, қыздарымыздың ұзын етекті, иығы жабық сәндегі киімді таңдағаны ләзім. Ал, келіншектерге басындағы жаулығы жараспайды деп ешкім де айта алмас.
Кездесулер барысында жастар тарапынан мазһаб туралы, жалпы дін туралы сұрақтар түссе, мұғалімдер тарапынан оқушыларды жұма намазға, мешітке барудан тиып тастағанымыз дұрыс па дегендей сауалдар көп түседі.
Сонымен бірге, тұрғындардың әсіресе, қария кісілердің түрік пен кәріс сериалдарына тосқауыл қою керектігін айтқаны қынжылтады. Ал имамдар тарапынан имандылық бала кезден басталуы керектігі, елімізде соңғы кезде жегі құртқа айналып отырған суицид мәселесі рухани азықтың тапшылығынан болып отырғандығы айтылады. Оқушы жас-тарды неге жұма намазға жібермейді деген имамдардың мұғалімдерге қарама-қарсы сауал қоюы көпшілікті таңдандырғаны рас.
Шыны керек, бүгінде мешіт имамдарының материалдық жағдайын бір ізге түсіру жайлы жиі-жиі айтылып жүр. Қарапайым халыққа қалтқысыз қызмет ететін имамдардың жалақысы мардымсыз. Бұл жөнінде де қарапайым халықтың сұрайтыны көп.
Біздің қызметкерлер әрбір кездесуде жаңадан қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңды түсіндірумен бірге, қаймана жұрттың талап-тілегін орындауға әрдайым ниетті. Әу баста облыс әкімдігі мен басқарма басшылығы өлкедегі діни-ахуалды зерттеп-зерделеу үшін аталған орталықты құру туралы шешім қабылдаған болатын. Сондықтан, біздің мекеме халықтан арыз-талап күтеді.
Мұхит ДҮЙСЕНБІ,
ОҚО ішкі саясат басқармасы «Әлеуметтік бастамалар орталығы»
МКМ-нің бөлім бастығы