ОҚО «Жастар орталығы» МКМ-не жаңа басшы келді

619
ОҚО "Жастар орталығы" МКМ-ға жаңа басшы тағайындалды

Өңіріміздегі жастар орталығында қызметтік ауыс-түйіс орын алды. Директорлық шенге жас маман Ханай Әшірбеков тағайындалды. Не өзгерді? Бұған дейін «Нұр Отан» ХДП Төлеби аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметінде болған Ханай бұл орынға келуін өздігінше түсіндіреді. Жаңа басшы өңір жастарының жанашыры болып, жастолқынның жанайқайын билікке жеткізуде қаншалықты жауапкершілікті сезінеді немесе жастардың жағдайына қандай өзгеріс енгізбек. Межелі жоспары не?

Ханай Әшірбеков жастардың мәселесін шешуге бар жігерін жұмсайтынын айтады

Ханай Әшірбеков, «Жастар орталығы» МКМ директоры: «Бұл орынды ешкімнің әкесі сатып алған жоқ. Сондықтан, кез келген талапты жастың мұнда отыруына мүмкіндігі болды. Мен де көптің бірі болып қатыстым. Нәтижесінде, орталықтың директоры болып тағайындалдым. Сондай-ақ, мен келген бойда ештеңе айта алмаймын. Өзгеріс енгіземін деп те уәде ете алмаймын. Себебі, адам өзін сөзбен емес, жұмысымен көрсете білуі керек деген қағидам бар. Сондықтан болса керек, әрдайым көксеген мақсатым жоспарлы түрде жүзеге асқанын қалаймын. Құрғақ уәде дегенді жаным қаламайды. Келгеніме небәрі 3 күн болса да оң-солымды танып үлгергендеймін».

Бүгінге дейін жастар саясатын жүзеге асыруда мейлінше белсенділік танытып жүрген орталықта 15 жас маман жұмыс атқарады. 2011 жылы ашылған ғимарат замандастармыздың ел ертеңіне бүгіннен араласуына жағдай жасап отыр. Ал жаңа басшы Ханай Әшірбековты сіздермен толығырақ таныстыру үшін, арнайы мәліметті ұсынып отырмыз.

«Жастар орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінде күн сайын арнайы жиын өткізілуде. Жаңа басшыны орталық тынысымен таныстыру үшін. Атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар да талқыға түсіп, алдағы жоспарлар жасаланып жатыр. Айта өтейік, жас ұжым жас басшысына үлкен сенім артып отыр.

 Мөлдір Әбдурахманова, «Жастар орталығы» мемлекеттік коммуналық мекемесінің әдіскері: «Әрине, жаңа басшы келгелі өзгерістер орын алды. Жұмыс жоспары да өзгеше. Бірақ барлығы да жастардың қамы үшін. Сондықтан, күтеріміз көп, әрине. Басшымызға үлкен сеніммен қараймыз. Өңір жастарын жалтақтатпай, түйткілдерді оңтайлы шешеді деген ой жоқ емес. Сайып келгенде, жастар саясатының жүзеге асуына, жалпы жастардың жағдайына жауапкершілік артылып отыр. Ендеше, жастолқынның үмітін ақтайды деген сенімдеміз.

 Сенімдеміз, жасыратыны жоқ, жастар қауымы жаңа басшыға үлкен үмітпен қарайды. Едеше, Ханай Әшірбековтың үмітті ақтау-ақтамауы уақыт еншісінде. Сондықтан, атқарған әрбір жұмысы жастардың назарында болмақ.