Шымкентте ең сұлу студент аруы анықталды

362
Шымкентте ең сұлу студент аруы анықталды

Шымкенттегі жоғарғы оқу орындарының көшбасшы арулары анықталды. Дәлірегі – білімді ғана емес, халқымыздың салт-жоралғысын жатқа білетін сұлулар байқауы мәресіне жетті.

Айтулы сайыста Қазақстанның таэквондодан спорт шебері, Қазақстанның 8 дүркін, халықаралық турнирдің 9 дүркін жеңімпазы, Орталық Азия турнирінің 7 және Қырғызстандағы халықаралық турнирдің 2 дүркін жеңімпазы, 18 жасар бойжеткен Кәмила Барбосынова бірінші орынды жеңіп алды. Спортшы қыз қазір Шымкенттегі М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ 1-курс студенті, заңгер мамандыңын меңгеріп жүр.

Ал осынау жарысқа шаһарымыздағы университеттерден 37 студент қатысуға ниет білдірген. Ақтық сынға үміткерлердің 9-ы ғана жолдама алыпты. Байқау шарты бойынша қатысушылар таныстыру, бойындағы өнерлерін ұсынып және ұлттық киім таныстырылымы сынды бірқатар кезеңдерде бақ сынады. Ал студенттердің дарын-қабілеті мен сұлулығының үйлесімділігін 7 адамнан құралған қазылар алқасы бағалап отырды.

– Мен жеңісті бағындырамын деп ойламадым, тек үміттендім. Үмітімнің алдамағанына қуаныштымын. Өзім спортпен қатар, өнерді де алып жүремін. Бос уақытымды пианинада ойнап, тігіс тігемін. Кестелі орамал дайындап, құрбыларыма тарту етемін әрдайым. Сондай-ақ, ән айтып, би билеймін. Абай, Шәкәрім сияқты ақындарымыздың өлеңдерін де жатқа білемін, арманым да сол – қазақ әдебиеті мен мәдениетін күллі елге паш ету. Саяси-экономикамыздың дамуына да өз үлесімді қоссам екен, – дейді сайыстың бас жүлде иегері Кәмила Барбосынова.

Абай Аязбаев, қазылар алқасының мүшесі: «Республикалық деңгедегі байқауларда отырғандаймын, бәрі жақсы дайындалған, қыздардың барлығы сүлу, талантты. Маған шынында да қазылық жасау қиын болды. Қазақ аруы болғаннан кейін міндетті түрде реңді, келбетті болуы керек және де соның ішінде адами қасиеттері сол түріне сәйкес болуы қажет қой. Өнері де өзінің ажарын ашуы міндетті. Сол талап-ереже сай, біз жеңімпазды анықтадық деп ойлаймын».