ОҚО-да неке бұзу жағдайлары өршіп тұр

451
ОҚО-да неке бұзу жағдайлары өршіп тұр

Қазіргі қоғамда отбасында неке бұзу жағдайлары көп орын алуда. Дүние жүзі ғалымдарының пікіріне жүгінсек, әлемде 6 млрд.-тан астам адам бар, аталған жағдайға себептің бірі — олардың мінез-құлықтары мен әрекеттерінің әртүрлі болатыны. Назгүл Темірханованың жалғыз басты ана атанғанына 3 жылдың жүзі болыпты.  10  жыл ішінде 3 перзентті дүниеге әкелген ол шаңырақтың шайқалуына жарымның қызғаншақтығы себеп болды дейді.

Назгүл Темірханова: “Ия, расында ыдыс-аяқ сықырламайтын үй болмайды деген бар емес пе?! Бірақ, ұрыстың соңы ажырасуға әкеледі. Мәселен, менің ажырасуыма ол кісінің қызғаншақтығы себеп болды. Күн сайын жұмыстан келгенде әтырнақтың астынан кір іздеп” ұрсуды шығарды. Тіпті қол көтерді. Жәрайды, мен үйде-ақ балаларыма қарап отрайын десем, ол кісі жұмыс істеуден бас тартады. Сонда отбасын кім асырайды?! Бір емес 3 бірдей перзентіміз бар. Олар мектепке барады. Киімдері, дәптер-қаламы бар дегендей… Егер соның барлығын өзі тапса, мен үйде тамағымды істеп, балаларыма бас-көз болып тапжылмай отырар едім. Қызғанып жүріп, жұмыстан да шығарып алды. Жоқшылықтың кесірі – ажырасуға әкеп соқты. Қарап отырсам, күніміз ұрыс-керіс, жанжалмен өтіпті. Айрандай ұйып отырған жанұяларға қарап қызығамын, әрине. Кейде қоғамда ер мен әйелдің рөлі ауысып кеткен бе деген де ой келеді. Бірақ, бес саусақ бірдей емес деген ғой қазекең. Мен тіпті өзгелер секілді “алимент” те талап етіп отырған жоқпын. Балаларым маған күш беріп отыр. Сондықтан, жұмыс таңдамай, қара жұмыс болса да істеп, балаларымды қажеттіліктермен қамтамасыз етіп жүрмін. Бірақ бәрібір жалғыз отбасын асыраған қандай қиын екенін сөзбен айтып жеткізе алмаймын”.

Жасыратыны жоқ, Оңтүстік өңірінде соңғы 3-4 жыл ішінде неке бұзу жағдайының көрсеткіші жоғарылап кеткен. 2009 жылы ажырасқан отбасының саны 2625 (сот шешімімен 2295) болса, 2010 жылы 3013-ті (сот шешімімен 2637) құрап отыр. Ал 2011 жылы 3167 -ге (сот шешімімен 2810) көбейген. 2012 жылдың жарты жылдығының өзі 1854 деген көрсеткіште.

Зина Балтабекқызы ОҚО-да неке бұзу жағдайларының өршіп тұрғанын айтады

Зина Балтабекқызы, ОҚО АХАТ бөлімінің бастығы: “Соңғы 3 жылдың көрсеткішіне қарасақ, 20 пайызға жоғарылап кеткен. Егер осы жылы дәл осылай жалғасса 42 пайыз жоғарылайды деген болжам бар. Сондықтан, мұндай мәселенің алдын алу үшін қандай болсын шаралар жүргізу қажет болып тұр. Себебі, ажырасу фактісі көбейген сайын елдегі демографиялық көрсеткіштің күр төмендейтіні тағы бар. Айта өтейін, ажырасуға бел байлап келген жанұяға біз тағы да ойлану үшін қосымша 1 ай көлемінде уақыт береміз. Көбіне жастар жағдайдың нәтижесін ойламай, бұрыс қадамға барады. Сондықтан, жас отбасыларға бір-бірлеріңізге түсіністікпен қараңыздар дегім келеді”.

Мамандардың айтуынша, отбасының ынтамағы жараспайтын болса, 5 жыл ішінде бұл көрсеткіш 9 есеге ұлғаюы мүмкін. Сондықтан отбасының – кіші мемлекет екенін ескеріп, әрбір қадамды ойланып басу маңызды екенін айтпақпыз.