Некеңізді бұзғыңыз келсе…

2031

«Үйлену – оңай, үй болу – қиын». Иә, расында, жер бетіндегі милииондаған жанның ішінен жұптардың бір-бірін адаспай тауып, шаңырақ көтеруі, перзент сүюі – тағдырдың сыйы болса керек –ті. Десе де, қазір қоғамның жарасы да жоқ емес, Ол – ажырасу. Келісесіз ғой?! Тіпті жүрегі қалап, сезімнің сұлулығымен сыйласа бас қосқандардың да шаңырағы шайқалып жатады. Қалай десек те, қазіргі кезде Қазақстанда әрбір  үшінші  неке ерлі-зайыптылардың  ажырасуымен аяқталады екен.

Мұндайда, алдымен қос тараптың шешімі мен шағымы қалай қарастырылады? Некені бұзу туралы талап-арызға қандай құжаттар тіркеледі? Заңгердің кеңесі мен тиісті мәліметтерді ұсынып отырмыз.

Рано Абдуразакова, «Adilet Group» заңгерлік компаниясының заңгері: «Статистикаға қарасақ, өкінішке қарай, қазіргі заманда ерлі-зайыптылар бірге тату тәтті тұра алмай жатқаны бар. Күн сайын бізге келіп, көмегімізге жүгінушілер де көп. Отбасылық жанжалдар мен келіспеушіліктер – сот арқылы некені бұзуға алып келеді. Ал егер ерлі-зайыптылар ажырасуға, мүліктің бөлінуіне және бала тәрбиесі туралы өзара келісімге келсе, бұл жағдайда некенің бұзылуы азаматтық хал актілерін тіркеу органына өтініш беру арқылы некеде тұрған адамдардың өзара келісімі бойынша жасалуы мүмкін. Басқа жағдайларда, неке бұзылуы сотқа жіберіледі. Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Кодексінің 16-бабына сәйкес, ерлі-зайыптылардың біреуі АХАЖ органдарының рәсімдерінен бас тартса немесе ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған балалары бар болса ажырасу сот тәртібінде шешіледі. Бірақ, ерлі-зайыптылардың екеуінің де ажырасу ісін қарауға, баланың тәрбиесіне және ортақ меншікті бөлісуге келісімі болмаса ажырасу процессі сотта жүзеге асырылады. Сотқа некені бұзу ерлі-зайыптылардың біреуінің өтінішін қарауды білдіреді, ол оның талаптарын, осы талаптардың негізін және оған сілтеме жасайтын дәлелдерін қамтуы тиіс. Егер ерлі-зайыптылардың бірін жалтаруына байланысты некені бұзу мүмкін болмаса, өтініш беруші осы жанұямен отбасылық өмірді жалғастыру мүмкін емес екенін дәлелдеуі керек. Кейбір жағдайларда адвокат міндетті түрде қажет. Әдетте, қарапайым адамның заңды түрде сауатты өтініш жасауы және сотта лайықты деңгейде сөйлеуі өте қиын, сол себебті қай жағдайда некені бұзуға немесе сақтап қалуға болатынын білетін, тәжірибесі мен білімі бар, ажырасу ісін жүргізетін адвокат немесе заңгер керек. Ал соттың бастамасы бойынша ажырасу iсі мынадай мақсаттарды көздеуі мүмкін:
1) бала тәрбиесі туралы шешім
2) алименттік міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету
3) ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу».

ЕСКЕРІҢІЗ:
– АІК-нің (Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі) 151-бабына сәйкес, некені бұзу туралы талап арызға:
1) жауапкерлер мен үшінші тұлғалардың санына қарай талап арыздың көшірмесі;
2) мемлекеттік баж төлеуді растайын құжат (некені бұзу туралы талап арыздан АЕК-тің 30 пайызы мөлшерінде мемлекеттік баж салығы алынады, қазіргі кезде 520 теңге);
3) өкілдің өкілеттігін куәландыратын сенімхат немесе өзге де құжат;
4) талапкер өз талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар, егер көшірмелер оларда болмаса, жауапкерлер мен үшінші тұлғалар үшін бұл құжаттардың көшірмелері;
5) талапкердің мерзімді кейінге қалдыру, ұзарту, сот шығындарын төлеуден босату немесе олардың мөлшерін азайту туралы, талап қоюды қамтамасыз ету, дәлелдемелерді талап ету туралы өтініші және, егер олар талап арызда жазылмаған болса, басқалар да қоса тіркеледі.

Электрондық құжат нысанында берілетін талап арызға осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттардың электрондық нысандағы көшірмелері қоса беріледі. Неке бұзу туралы талап арызға неке туралы куәліктің түпнұсқасы, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері, ерлі-зайыптылардың табысы мен басқа табыс көздері туралы құжаттар, өзге де қажетті құжаттар тіркеледі.

Аталған құжаттардың тізбесін толық жинап, тиісінше некені бұзу туралы талап-арызды ұсынғаныңызбен, заңға сай, соңғы шешімді сот шығарады. Бірақ, қазіргі қоғамда, дәлірегі Ел аумағында судьялар ерлі-зайыптыларды ажырастырудан бұрын, отбасы құндылығын сақтап қалу үшін жұмыс жасауға көшкен. Бұл мақсатта Республикамызда жаңа пилоттық «Отбасылық сот» жобасы қолға алынған-ды. Аясында, тәжірибелі психологтармен қатар, медиаторлар, бекітілген тиісті судьялар қызмет атқарып та жатыр.Татулықты ту етіп, жанұя жауапкершілігін жүктеуде жасқанбайтын жасақ  Қазақстанда 2018 жылдың қазан айынан бастап қолға алынған. Мегаполистегі дәл осы жобаға Еңбекші аудандық сотының судьясы Айнель Орақбаева бекітілген. Судьяның сөзіне сенсек, Республика көлеміндегі бағдарлама арнайы баспалдақтар арқылы жүзеге асады. Және қуантарлығы, бүгінде қоғамда осы жобаның көмегіне жүгіну арқылы жанұясын сақтап қалушылардың қатары артып келеді.

Айта өтейік, бір ғана Шымкент қаласында 2017 жылдың 12 айында 2450 неке бұзу жәйті тіркелген. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш анағұрлым артып отыр. Яғни, 2561 жанұя ажырасып тынған.

Мөлдір Бекеева